Жас мамандар мен PhD философия докторларының міндетті түрде жұмыспен өтеуі

Жас мамандар мен PhD философия докторларының міндетті түрде жұмыспен өтеуі

15.02.2022 Барлық жаңалықтар


«Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 17-тармағына, сондай-ақ Жас мамандарды жұмысқа жіберу қағидаларына сәйкес (30.03.2012 ж. № 390 ҚР ҮҚ) келесі азаматтар үшін міндетті үш жылдық жұмыспен өтеу жүктелген:

  1. Ауылдық квота:

а. 2008 жылдан бастап оқуға түскендер (педагогикалық және медициналық мамандықтар);

b. 2012 жылдан бастап оқуға түскендер (ветеринарлық мамандықтар);

с. 2017 жылдан бастап оқуға түскендер (басқа мамандықтар).

  1. Мемлекеттік білім беру тапсырысы:

a. 2012 жылдан бастап оқуға түскендер (педагогикалық және медициналық мамандықтар);

b. 2017 жылдан бастап оқуға түскендер (басқа мамандықтар).

  1. Философия докторлары (PhD). 2012 жылдан бастап оқуға түскендер (барлық мамандықтар);
  2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлар (магистратура, резидентура):

a. 2016 жылдан бастап оқуға түскендер (педагогикалық және медициналық мамандықтар);

b. 2017 жылдан бастап оқуға түскендер (басқа мамандықтар).

Жас мамандарды және философия докторларын (PhD) жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады. Бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын жұмысқа дербес бөлу үшін жас мамандар мен философия докторлары (PhD) оқуын аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті жоғары оқу орындарының жанынан құрылады. Бөлу жөніндегі комиссияға дәлелсіз себептермен келмеген жас мамандар және/немесе философия докторлары (PhD) олардың қатысуынсыз бөлінеді.

Бөлу сәтінде уақытша кейінге қалдыру және жұмысты өтеуден босату келесі жағдайларда мүмкін болады:

1.       Мерзімді әскери қызметке кірген немесе шақырылған кезде жас маманға қызмет өткеру мерзіміне қызмет өткеру уақытын есепке алмастан қызмет өткеру уақытына кейінге қалдыру беріледі (30.03.2012 ж. № 390 ҚР ҮҚ 17-тармағы);

2.       жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайда;

3.       I және II топтағы мүгедектерге;

4.       одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдарға;

5.       жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оларды (балаларды) дербес тәрбиелеп отырған адамдарға беріледі.

 «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, cоған сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары осы тармақта көзделген мерзім шегінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін олардың мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша нақты оқыған уақытына мөлшерлес жұмысты келесі жағдайларда өтейді:

1) ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан жағдайда;

2) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан ақылы негіздегі оқуға ауысқан жағдайда;

3) ағымдағы немесе келесі оқу жылы ішінде кейіннен қайта қабылдану шартымен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан шығарылған жағдайларда.

Жұмыспен өтеу мерзімін айқындау жөніндегі формулаға сәйкес нақты жұмыс істеген кезеңге мөлшерлес бюджет қаражаты есебінен келтірілген шығыстарды өтеу көзделген.

Заңда және осы Қағидаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, Заңда көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман және философия докторы (PhD) оларды оқытуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы арқылы бюджетке өтейді.

Міндетті жұмыспен өтеу

Сұрақтар және жауаптар