10 тамыз – Абай күні болып жарияланды

 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды

10.08.2020 Барлық жаңалықтар


10 тамыз – Абай күні болып жарияланды

Ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор – осының барлығы бір ғана Абайдың бойында шоғырланған. Бір ғасырда бір туар, дара тұлға биыл 175 жасқа толды. Осындай атаулы мерекеге орай, Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды. Алдағы уақытта бұл күн мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізіледі. Сондай-ақ, жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтеді.

Абай 170 жуық өлең, 56 аударма мен поэмалар жазған. Өзінің әдеби туындыларымен бір емес бірнеше буынды тәрбиелеген ақын атамыздың туған күні, енді Республикалық деңгейде, яғни, өз дәрежесінде аталып өтетіні қуантпай қоймайды. Өйткені, басқасын тілге тиек етпегенде, бір ғана «Қара сөздерінің» өзінде-ақ тарих, педагогика, тәлім-тәрбие мен қазақ құқығының мәселелерін көтеріп, тіпті, шешімін беріп кеткен. Сандық жүйеге көшу және жастардың әлеуметтік өмірінің жаппай өзгеру заманында, тәрбие, азаматтық ұстаным мен ұлтжандық құндылықтарының сақталуы аса маңызды.

Ғұмарбек Даукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің басты мақсаты, есімі тарихта алтын әріптермен сақталған тұлғалардың жетістіктері мен еңбегін келер буынға дәріптеу. Өйткені, осылайша қазақтың мәдениеті мәңгілік, ұлттық рухы биік. Абай сынды ұлы дарындарымыздың туындыларымен жастардың бойына өзге ұлтқа деген сыйластық, кішіпейілдік пен бауырмалдықты сіңіре аламыз. Сондықтан, Абай күнін білім, ғылым, еңбек пен адамгершілік мейрамы деп білеміз.

Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті әріптестер және қымбатты студенттер!