"Әлеуметтік-экономикалық және саяси даму: тарихи тәжірибе, жетістіктер, проблемалар»


19.10.2020 Барлық жаңалықтар


«ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ДАМУ: ТАРИХИ ТӘЖІРИБЕ, ЖЕТІСТІКТЕР, МӘСЕЛЕЛЕР»

2020 жылдың 16 қазанында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «Энергетика, ақпараттық технологиялар және жоғары білім» XI Халықаралық ғылыми-техникалық конференциясы аясында «Әлеуметтік-экономикалық және саяси даму: тарихи тәжірибе, жетістіктер, мәселелер» атты №10 секциясының отырысы өтті. Жалпы оған еліміздің ғылыми институттары, ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының атынан танымал ғалымдар қатысған болатын. Секциялар отырысында көкейтесті ғылыми баяндамалар ұсынылып, онда заманауи қоғамдық-саяси және мәдени-рухани мәселелер кеңінен қамтылды.

Профессор Қ.Ш. Мұқамеджанның баяндамасында жоғары оқу орындарында философияны оқыту әдістемесі және студенттердің ғылыми дүниетанымын қалыптастырудың өткір мәселелері қарастырылды. Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры тарих ғылымының докторы Бақдәулет Тұрбекұлы Берлібаев мемлекетіміз қабылдаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының студент жастардың тәрбиесіндегі рөлі мен оқу үрдісі барысында жобаны қолданудың әдістері турасында терең толғады.  Алматы технология университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Қодар Зәуре Муташевна көрнекті ғалым Лев Николаевич Гумилевтің ғылыми тұжырымдамаларынан туындайтын этногенез процестерінің табиғи жағдайлары мен этнос мәселесінің әлеуметтік-мәдени ортада бейнеленуі мәселелерін терең талдау жасады. Баяндамашылар профессор Д.С. Орынбекова және доцент Г.Д.  Шаракпаева жастар арасында діни экстремизмнің алдын-алу мәселелерін талқылап, әлеуметтік, идеялогиялық, педагогикалық сипаттағы проблемалар кешенін қарастырды. Оларды шешуге бағытталған және әлеуметтік құндылықтар мен көзқарастардың қалыптасуына ықпал ететін Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының кейбір жаңа аспектілерін айғақтаған ғылыми тұжырымдар мен ұсыныстар айтылды. Саясаттану ғылымдарының кандидаты А.З. Бисенованың жасаған баяндамасында еліміздің жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында жастарға арналған мемлекеттік саясаттың ұйымдастырылуы мен жұмысының ерекшеліктерін аша отырып, Алматы қалалық әкімшілігінің жастар саясатын жүргізудегі оң тәжірибелеріне назар аударды. Конференция соңын төрағасы Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлы Кабдушев құрылғанына 45 жыл толған Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің шежіресін баяндай келе, осынау мерейтойлық конференцияға қатынасқан ғалымдарға университет атынан шексіз алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Жалпы, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар секциясы жұмысы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. «Энергетика, ақпараттық технологиялар және жоғары білім» XI Халықаралық ғылыми-техникалық конференциясының бағдарламалық ережелеріне сәйкес негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалып, практикалық қолданысқа пайдалы нәтижелер жинақталды.

Сарсекеев М.М., ӘП кафедрасының доценті,

сасясаттану ғылымдарының кандидаты