Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ-дың 45 жылдығына орай 45 ағаш

Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ-дың 45 жылдығына орай 45 ағаш

23.10.2020 Барлық жаңалықтар


Кеше, қазанның 22 күні, Тұңғыш Президент саябағында, Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ-дың 45 жылдығына орай 45 ағаш отырғызылды. Іс-шара «Экосағат» атты республикалық науқан аясында, АЭжБУ-дың ұйымдастыруымен өтті.

Ағаш отырғызудағы басты мақсат – студенттер арасында экологиялық мәдениет пен экологиялық ой-сана дәрежесін көтеру, ұлтжандық сезімін ояту, жастардың өнегелігін арттыру, рухани және азаматтық құндылықтарын нығайту, Тұңғыш Президент саябағының экологиясын сақтау.

Қала тұрғындарының басты мақсаттарының бірі Алматының экологиялық жағдайын жақсарту болып табылады. Сондықтан, Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ ұжымы мен студенттері іс-шараға белсенді қатысып жатыр. 

45 ағаш – бұл жәй ғана сан емес. Бұл – экологияның  жақсаруына бір қадам. Бұл – денсаулығы мықты келер буын. Бұл – рухани құндылық пен жауапкершілікті ұғынған университет дәстүрінің жалғасы.

Сагинтаева Сауле Саветовна – Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ ректоры:

- «Университеттің 45-жылдығына орай бірнеше науқан өткізген болатынбыз. Олардың арасында әлеуметтік іс-шаралар да болды. Мысалы, пандемия кезінде медициналық мекемелерге өзіміздің студенттер жасаған бетперделерді тараттық. Екінші науқанды оқу ордамызды жаңадан аттаған студенттерге арнадық, яғни, оларға 800 ноутбук сыйладық. Енді, міне, Тұңғыш Президент саябағында ағаш отырғызып жатырмыз. Іс-шараны еліміздің экологиялық сауығуына үлес қосу және экологиялық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырдық.  Студенттеріміз бүгін белсенді атсалысып жатыр. Өйткені, олар біздің болашағымыз. Әрбір алматылықтың таза ауамен тыныстағанын қалаймыз».