Бүгін суырыпсалма ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл


28.02.2021 Все объявления


Бүгін суырыпсалма ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысының Жамбыл тауының етегінде туған дүлділдің ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бала Жамбыл 14 жасында жырдың пірі Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түседі. Ал 35 жасында Іле бойында өткен жəрмеңкеде Құлманбетті жеңіп, Жетісудың ең үздік ақынына айналады.
⠀ 
Жыр жампозы 1936-1945 жылдар аралығында 13 мың тармақтан асатын жыр шығарған. Әсіресе, «Ленинградтық өренім», «Москваға», «Майданға хат» сынды отты өлеңдері арқылы соғыс кезінде жауынгерлерге жігер беруге тырысты. Ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер əрбір жанды сүйсінтті. Ақиық ақынның жыры да, сыры да мəңгілік тақырыпты қозғайды.
⠀ 
Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы Леонид Соболев «ХХ ғасыр Гомері» деп баға беріпті. Жыраудың туындылары әлемнің 50 шақты тіліне аударылған. Ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлаған ақын шығармашылығының шарықтау шегі 90 жастан асқан шағына тура келді. Шағын жыр-толғаумен қатар, қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.

ENERGO UNIVERSITY