АБАЙ МҰРАЛАРЫНАН ТӘЛІМ


10.08.2020 Все объявления


«Адам адамға бауыр» деген Абайдың дана сөзі адамзатты біріктіріп, «Біріңді қазақ бірің дос ...» дегені бізді ұлт қылып, ұйытып, «Махаббатсыз дүние бос» дегені жүрегімізге адами сезімдері ұялатып рухани биікке шығуымызға, Адам болу бақытын бір құдай бәрімізге нәсіп еткей! Мейрам құтты болсын әріптестер!

АБАЙ МҰРАЛАРЫНАН ТӘЛІМ

Абай атамыздың мұраларындағы даналық бұлағы сарқылмас қазына. Әсіресе күрделі замандарда қысымшылыққа тап болған ұлттық болмысымыз бен қоғамымыздың әлсіз тұстарын дөп басатын көрегенділігіне таң қаласың! Кешегі заманды артқа тастасақ та, арыла алмай жүрген кемшіліктерімізді бүгінгі қоғамға қарата айтқан ба, содан бері біз өзгермедік пе, - деп ойым сан-сақа жүгіреді. Данамыздың айтқандарын оқып-тоқи алмай жүрген, сабағын ескермей жүрген қазақ сорлы болғанымыз ба? Абай атамыздың мына 39-ші қара сөзі бүгін айтылғандай мені қатты ойға қалдырды. Оқиықшы:

«Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі - ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Екінші мінезі - намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы - пейіл емес, алдау, дұшпандығы - кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.»

Ойланып көріңіздерші? Билік пен халық. Екі жақты жауапкершілік. Өзара сенім. Күндегі оқиғаларға қарап, елдікті сақтайтын қасиеттерден жұрдай «бас басымызға би» болып барамыз ба деп шошимын. Қиын-қыстау кезеңде «өз бауыры, өз малы» бола тұра, жаны ашымайтынның кері болды емес пе? Еліміздегі алапат ауру халқымызды ауыр сынаққа салуда. Уақытша тығырықтан абыроймен алып шығатын жол, данышпан Абай мұралары рухани тірегіміз болмақ деп, айтқым келеді бауырлар!  Қоғамымыздың тұрмыс тіршілігін бүтінден, халқымыздың мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дініне қатысты мәселелерді Абайша қарау арқылы сырын ашып, сүрлеу салсақ, халық пен билік арасындағы көпірді жалғап, өркениетті елдер қатарына қосылуда өз жолымызды табар ма едік деп үміттенемін.

Абай мұрасы халқымыздың ой-санасын дамытып, шыңдап, білімге ұмтылған жастардың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оятуға, рухани жаңарып отыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз. Еліміздің өсіп-өркендеуі, тәуелсіздігіміздің тұғырын мықтап, бекітіп отыруда Абайдың мұраларына бағдарлама ретінде мемлекеттік дәрежеде зейін қойғанымыз абзал ағайын!

 

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Кабдушев

Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және


Білімдіден шыққан сөз,

талаптыға болсын кез,

Нұрын, сырын білуге,

Көкірегінде болсын көз...

АБАЙ

 байланыс университеті

Ұлы тұлғалар мұрасының жылдар, ғасырлар өтсе де мән-мағынасы жойылмай, керісінше құндылығы арта түсетіндігін тарих дәлелдеген. Олар уақыт кеңістігіне қарамай өміршең болады. Сондай мұралардың бірі, бірегейі Ұлы Абайдың мұрасы қара сөздер. Ешқайсысын да бөліп-жаруға болмайды. Соның ішінде 25 сөзіндегі мына бір сөйлем ерекше назарымды аудартады. «Әрбіреудің тілін, мәдениетін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды... (Знание чужого языка и культуры делает человека равноправным с этим народом, он чувствует себя вольно...)».Егер 25 сөзді аударма мәселесімен шектесек, мағынасы тарылып қалар еді. Ал сөздің мағынасы әлдеқайда тереңде.

Бұл сөзді Абай өз заманы, өзі өмір сүрген орта жағдайында орыс тіліне қатысты айтқан болуы да мүмкін. Дегенмен, Абай Ұлы Тұлға ғой. Оның ұлы философ екендігі де сонда, осы бір сөздің бүгінгі XXI ғасыр -әлемдік интеграция, жаһандану жағдайында да өз құндылығын жоймай, керісінше, мән-мағынасының арта түскендігінде. Бүгін біз оған куә болып отырмыз. Абай «басқа тілдің бәрін біл...» деген халық даналығынан аспай, басқа тілдерді біліп-үйрену арқылы болашақта қазақтың еңсесінің биік болғанын, басқамен тең тұрғанын қалады. Тілін меңгеру арқылы ол халықтың табиғатын, ішкі қыр-сырын, ғылымы мен мәдениетін терең білуге болатындығын меңзеді. Абайдың бұл сөзі бүгінгі жаһандану жағдайында тіл меңгерудің басқа деңгей, басқа мүмкіндіктер, жаңалыққа ашылған жол екендігін тағы дәлелдеп отыр. Тіл білсеңіз түпнұсқаға қол жеткізесіз, ал аударма кей жағдайда шындық бола бермейді. Оны біздер саясаттану, әлеуметтану сияқты пәндерден де анық көреміз. Ұлы тұлғалардың мұралары ұрпағының пайдасына жарамаса, мол мұра дәріптеліп, қолданысқа түспесе, бәрі бекер болар ма еді...

Әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті, т.ғ.к. Байдильдина С.Х.:

 

«Бес қасиет» - Абай Құнанбаев

Адамның мінез-құлқы, бітім-болмысы, жаратылысы, табиғаты, дүниетанымы, сезімі – Абай Құнанбайұлы шығармашылығында көрініс тапқан негізгі тақырыптар. Демек, хакімнің өлеңдері мен «Қара сөздерін» адамтанудың негізі деуімізге болады. Абайдың талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым жөніндегі тұжырымдары Батыс және Шығыс ойшылдарының өсиет-насихаттарымен өзектес бола тұра, олардікінен ілгері екендігін байқау қиын емес. Айталық, голанд философы Бенедикт Спиноза адам өлгеннен соң «ол барлық қиындықтардан құтылады» деген ойда болғанымен де, Ажал жаныңды суырып алғаннан кейінгі жақсы мен жаманның қандай күй кешетіндігін тарқатып жазбаған. Ал, Фридрих Ницще өзінің «Ағлақ генеалогиясында» «өлімді – ләззат» деп түсіндіреді. Американың антропологы, әрі мистигі Карлос Кастанеда «Дон Хуанында» жанның кісі тіршілігіндегі халін сипаттайды. Абай: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», – дейді.

Ақын туындыларының алтын арқауына айналған өмірдің мағынасы, түпкі мәні барлық ғұламаларды мазалаған-ды. «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз», – дейді шайыр. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Жаңғара Дәдебаев «Абайдың антропологизмі» атты еңбегінде: «Зерттеушілердің бірқатары адам болу үшін қажетті бес асыл іс туралы ойдың шығу төркінін Ғұламаһи Дауаниден таратып айтады. Дауанидың атын Абайдың өзі де атайды. Солай дегенмен бұл ойлардың түп төркінін Дауаниға немесе басқа бір ғұламаға апарып тіркеу дұрыс бола алмайды. Өйткені, бұл ойлардың түп негізі, Аристотельдің «Этикасынан», әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттарынан,әһли кітаптардан басталады. Ал, әһли кітаптардан, Аристотель, әл-Фарабиден бері айтылып келе жатқан осы ойларды ақындық пайыммен саралау мен даралауға, жүйеге түсіруге, сөйтіп көптің пайдасына жаратуға келгенде, Абайдың еңбегі зор, орны бөлек» деп тұжырымдайды. Әрқай істі бастар үшін әуелі талап қажет. Талаптанған кісі тас жарады, тау қопарады. Бұл жерде ынта-ықыластың да рөлі зор. Абай ілімі негізіндегі адамның адамилығын айқындайтын фактордың бірі – еңбек. Еңбек те құндылық. Дене еңбегімен қатар, ой еңбегі де болатынын ескерген абзал. Ал, рақым – Құдайдың адамға берген ерекше сыйы. Өкініштісі сонда, мұның қадір-қасиетін адамзат әлі күнге дейін толық түсіне алған жоқ. Рақым жоқ жерде адамгершілік те жоқ. Еңбек туралы Абай былай деп жазады: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Демек, хакім ұғымындағы еңбек – жалқы емес, жалпы мәнге ие құндылық. «Түбінде баянды еңбек – егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған». Абай. Талаптан басталған еңбек, қайрат, ақыл, білім, рақым, қанағат, үнемшілдікке ұласады. Абай атам адамдыққа ұмтылған жастарға насихат еткендегі бес асыл істің ішіне «терей ойды» да енгізген-ді. Ойлану – көпдеңгейден тұратын күрделі үрдіс. Біз бұған нейрологиялық, физиологиялық, психологиялық, социологиялық, лингвистикалық, рухани, тарихи һәм мәдени факторларды қосамыз. Бұл турасында Жаңғара Дәдебаев не дейді екен: «әл-Фарабидің «ойлау күші» мен Абайдың «терең ойы», «терең ойдың телміріп соңына еруі» арасында қайшылық жоқ. Өйткені, ақын айтуында «терең ой» мен «терең ойдың соңына еру» өзара мәндес, кейінгі болмаған жағдайда алдыңғысынан пайда жоқ. Сонымен қатар «ойлау күші» «терең ойға» жетудің құралы болса керек. Салыстырып қарағанда, «ойлау күшінің» де, «терең ойдың» да, «терең ойдың соңына ерудің» де түпкі мәні бірдей. Айырмашылық мазмұнда емес, пішінде. әл-Фарабидің ойы нақты, ал Абай ойы бейнелі, образды. Екінші жағынан, Абай өзінің ойларын өзі танып, білген өмір тәжірибесі негізінде таратады. Сөйте тұра әлемдік ақыл-ой қорында жинақталған ғылыми пікірлерден алшақ кетпейді». Расында да, талаптың да, еңбектің де бастауы – ой. Адам бір нәрсеге талаптанар алдында ойланады. Яғни, әр іс ойдан басталмақ. Еңбек етсем немесе талаптансам деген. Терең ойдан туындаған белгілі бір мақсұт-мұрат нәтижелі, жемісті болуға тиіс. Хакімнің адам болу жолындағы жоба-жоспарға бес асыл істі қосуында сыр бар. Ең қызығы, ғұлама жай әншейін ойды емес, «терең ой» туралы айтып отыр. Жаңғара Дәдебаев «Абай антропологизмінде» былай деп жазады: «Кісінің өзінде ой, ойында көз болуы туралы қағидасын ақын екі түрлі образ-бейне арқылы негіздейді. Оның бірі – «өзінде ой», «ойында көз» бар адамның бейнесі. Екіншісі – «өзінде ой жоқ», «ойында көз жоқ» адамның бейнесі. Біріншінің ерекшелігі – көрген-білгенін әділет пен ақылға сынатады, терең ой, терең ғылым іздейді, терең ойдың соңына ереді. Бұлар – адамдықтың белгілері. Екіншінің ерекшелігі біріншінің ерекшеліктеріне қарама-қарсы сипаттарымен белгілі болады: көрген-білгенін сынатуға бойынан әділет пен ақыл таппайды, әділет пен ақыл табайын демейді, терең ойдың соңына ермейді, терең ой, терең ғылым іздемейді». Иә, «терең ой» адамның бес сезім мүшелері арқылы сезініп, нәтижесінде дұрыс пікір түюіне тұғыртас болмақ. Терең ой – кісінің адамилығының сапасын аңғартатын көрсеткіш. Бірақ, оған жету үшін интеллектуалды күш-қуат, рухани толысу, арлылық және ең негізгісі – деңгей-дәреже қажет. «Терең ой» атты өзен «қанағат» деген теңізге барып құяды. Тағы, қанағат – сүзгі. Ол адамды ағаттықтан, қателіктен, түрлі кеселдерден қорғап-қоршайды. Қанағатшыл – шүкіршіл адам. «Қанағат қарын тойдырар» мәтелінен-ақ бұл қасиет адамды шектеу арқылы, антивирус секілді басы артық нәрселерден қалқалайтынын түсіну қиын емес. Негізінен, жөні түзу кісі барға қанағат етеді. Қанағатшыл – Құдайға бір табан жақын жан. Себебі, ысырапшыл емес. Үнемшіл келеді. Үнемшілдік пысықтық мағынасында айтылып тұрған жоқ. Қайта артылғанды орны-орнымен, нәтижелі жұмсау деген сөз. Өзі тойса да, көзі тоймайтындарды қанағатшыл деп қалай айта аламыз?! Жүрегін дүниеге байлаған пенденің пейілі, болмысы, мінезі өзгереді. Ол жанындағыларды ұмытады. Ақылды, әрі ішкі әлемі бай адамның қорғаны – қанағат. «Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп, Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп. Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп», – дейді Абай. Қанағатсыздық тойымсыздыққа алып барады. Әдебиеттанушының осыған қатысты ойын білсек: «Қанағатқа негіз болатын – көңілдің тыныштығы. Көңілдің тыныштығы үшін кісі, жоғарыда талапқа қатысты көрсетілгендей, үш түрлі істен аулақ болу қажет: а) адамның адамдығын бұзатын жамандықтан; ә) өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпектен; б) біреуге қастық қылмақтан, біреуді қор тұтпақтан, кемітпектен. Бұлар – нәпсіден туатын құмарлықтардың түрлері. Нәпсіден туатын құмарлықтарға бой алдырған адам адамшылықтан шықпай, жамандыққа ұрынбай қалмайды. Нәпсіден туатын құмарлықтарға бой алдырмаудың жолы – әр нәрсенің өлшеуін білу, қанағат ету, ынсапты болу». Ғалымның ойынша, қанағатсыздық – нәпсінің қозуына тікелей қатысы бар фактор. Рақым, мейірім, қайырым, қанағат – туыстас ұғымдар. Мәселен, рақым кешірімгершілікпен, мейірім жылылықпен, қайырым кісілікпен, қанағат үнемшілдікпен үндес түсініктер. Мұның бәрі келіп иманды құрайды. Рақымсыз адам – қоғам үшін қауіпті. Өйткені, одан пайда емес, залал-зиян ғана күтуге болады. Адамзат тарихындағы көбіне-көп диспот, тиран, диктаторлар рақымсыз екендігі даусыз. Себебі, рақым – адами құндылықтың бірі. Жаңғара Дәдебаев рақымға байланысты мынандай ой қорытады: «Адам бойындағы рақымдылықтың пайда болуы, қалыптасуы, тұрақтауы туралы әл-Фараби мен Абайдың ойларында ортақ негіз бар. Әл-Фараби секілді Абай да рақымдылықты адамның іс-әрекеттерінің мөлшеріне, күшіне, мақсатына, кімге жұмсалуына, мезгілдік және мекендік шегіне қарай сипаттайды. Соның бәрінің бастауында ғылым мен білім, халықтың байырғы рухани мәдениеті, дәстүрлі дүниетанымы тұрады».

Белгілі бір кемшіліктің, я болмаса артықшылықтың сипат-сапасын анықтау үшін екеуін қатар қойып салыстырмақ керек. Сонда оның ара-жігі анық ашылады. Рақымдылық пен залымдық, қанағат пен тойымсыздық, терең ой мен надандық, еңбек пен еріншектік, талапшылдық пен ынжықтық дегендей. Абайдың ілімінде адам боламын дегеннің бойында осы бес асыл қасиет тоғысуы қажет. Тоғысқан кезде кісі толысады. Толысқан кезде оны кемел деуімізге құқымыз бар. Хакім бес асыл қасиеттің мән-маңызын деңгей-деңгейге бөліп саралайды. Әрқай қасиеттің қырлары мен құбылыстарына өзіндік таным тұрғысынан баға береді. Адамға тән талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сықылды бес асыл қасиет – өмірдің өрісін анықтайтын мықшегедей мызғымас ұстындар, адам баласының өсіп-өнуіне негіз боларлық алтын діңгектер. Жоғарыда сөз болған бес асыл қасиетке өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ секілді бес дұшпан қарсы тұрмақ. Олардың функциясы – адамды ақ жолдан адастыру. Әлгі «дұшпандардың» өзіндік міндеті бар. Кісінің тұла-бойы періште мен Ібілістің майданы, жан алысып-жан берісер шайқасы. Бес асыл қасиет адамды өрге сүйресе, «бес дұшпан» оны төмен қарай тартады. Иманға берік, парасат-пайымы орнықты ғана бұған төтеп бере алады. Ғалым Жаңғара Дәдебаев «Адамның бес дұшпанының» әрқайсысына былай деп анықтама береді: «...өтірік ешбір құбылыстың, заттың, нәрсенің белгілі бір сипатымен немесе қасиетімен ешуақытта сәйкес келмейді. Өмірдегі құбылыстың, заттың, нәрсенің өзімен немесе белгілі бір сипатымен, я болмаса қасиетімен ешуақытта  сәйкес келмейтін сөзді өтірік сөз дейміз. Ал өсек сөз арқылы ғана тарайды. Ол кісінің сыртынан айтылады. Біреуді біреуге жамандау, біреудің сөзін біреуге жеткізу – өсектің ең кең көрініс тапқан түрлері. Кісінің сыртынан айтылған ғайбат сөз – өсек сөз. Жұрт оны «қаңқу сөз» деп те атайды. Адамзаттың мақтаннан, мақтаудан арылуы мүмкін емес. Абайдың тануы бойынша, адам баласының мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Ақын оның екі түрін көрсетеді: бірі – үлкендік, екіншісі – мақтаншақтық. Абай шығармашылығында еріншектік, жалқаулық, салғырттық атаулары беретін ұғымдар арасында өзгешелік жоқ, болмашы эмоциялық реңк бар. Негізінде, еріншектік, жалқаулық, салғырттық – бір құбылыстың, бір нәрсенің түрлі атаулары. Жеткілікті дәрежеде үнемшіл болмау мен артық жұмсауды ысырапшылдық деп білгенде, ысырапшылдық мал жұмсаудағы белгілі бір өлшем мен мөлшерді білдіреді. Онда малды жақсылық жолына немесе жамандық жолына жұмсау туралы ой жоқ. Солай дегенмен де ысырапшылдық бекер мал шашумен негіздес, тектес жаман мінез-құлық қатарына жатады». Біз «Абайдың антропологизмін» оқығанда хакім іліміндегі әркез «бес дұшпаннан» сақтанудың, олардан қашық болудың өмірлік маңызы зор екенін ұғамыз. Адам боламын деген өзекті үшін алға басқан аяқты кері кетірер «дұшпандардың» атын ғана біліп қоймай, затын да түсінудің мәні зор деп білген теріс емес. Және, ең басқысы бұлардың неліктен дұшпан боп саналатынын, олардың қалай, қайдан пайда болғандығын, ол қайда алып барып соғатынын, бұлардан қорғанудың  қандай алғышарттары білу қиямет-қайымға шейін маңызды болмақ. Өйткені, Абай шығармашылығы «Құран-кәріммен» үндесетініне аталған кітаптің «Абай және Құран» делінген жетінші тарауына ден қойғанда көзіміз анық жетті. Ақырзаман пайғамбары – Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) болғандықтан да, елшінің нар көтерер ауыр жүгі ғалымдар, ақындар, ғұлама-даналарға артылған. Абай пайғамбар болмаса да, өзі өмір сүрген ортасын оятып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды адами құндылықтардың сақталуы мен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың шығуына ықпал етер ғылым-білімге үндеген таутұлға. Лұқман хакім баласына айтқан бір өсиетінде былай депті: «Балам, бұл дүние – теңіз. Оның түбінде талайлар кеткен. Одан аман шығамын десең, мінген кемең Алланың алдындағы қорқынышыңнан болсын. Оған тиеген жүгің Аллаға деген иманыңнан болсын. Оның желкені Алладан күткен үмітіңнен болсын. Сонда, бәлкім, аман шығарсың, бірақ біржола құтылып кетерсің деп ойламаймын». Лұқман хакім адамбаласының арғы өмірге тап-таза қалпыңда кетпейтінін меңзеп отырғандай. Ой жүгірткен жан сол тереңдіктің өзінде шешуі тым қиын жұмбақ жатқанын байқар еді.

 Абайдың заманында ел билігі жаттың қолында-тұғын. Бодандық пен сайқал саясатқа негізделген басқару жүйесі әсерінен қазақта түрлі мінездер пайда бола бастады. Ел іші бұзылды. Дәл осынау хал-ахуалды Әлихан Бөкейхан: «Әділ билік жорасы жаман қарапайым тұғыр би парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды. Қазақ жақсысы орыс етегінен жем жегенді зор өнер көрді» деп сипаттады. Қастық ойлаған билік қазақты бір-біріне айдап салып, араздастырып, ауызбіршілік, татулық, ынтымағынан айыруды көздеді. Ар ойлайтын адам азайып, саусағының ұшын қимылдатпай-ақ пайдаға кенелуді қалағандардың қарасы көбейді. Қулық-сұмдықты меңгерген алаяқ, арамға жаны жақын арсыздардың заманы туды. Жақсыны жаман деген жалақор, арызқойлар қатар түзеді. Бәрінің көксегені боқ-дүние болды. Аңқау қазақты шен-шекпенмен алдаған басқару жүйесі жанына нойыс-надандарды жиды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бір май боп енді ек ұртың», – деген Абай қайғыдан қан жұтты. Мұрты аузына түскен, ақ пен қараны айыра алмаған қазақтың сол тұстағы сұрқы аянышты болғаны шындық. Бұл туралы Ж.Дәдебаев былай деп жазады: «Беттегі, пішіндегі белгілер іштегі, жандағы шындықтың сипатын танытады. Оларды тану, білу, бағалау дәстүрлі дүниетаным талаптарына сай жүзеге асады. Халықтың дәстүрлі дүниетанымы арнасында қалыптасқан мәдениеті бойынша адамның шашы, сақал-мұрты, мұрын қуыстарындағы, қолтығындағы түгі тиісті құралдардың көмегімен күнделікті күтімде болған. Адамның мұртын баспай, бетімен жіберуі адамшылығы, иманы бар адамға тән белгі бола алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, кісінің мұртының ұстара көрмей, аузына түсуі салақтықтың, салғырттықтың ғана белгісі емес, білімсіздіктің, адамшылық негіздері туралы түсініктің жоқтығының белгісі болып шығады». Біздіңше, Абай мұның бәрін ішкі сұрасыс пен «сөз өнеріне» деген құмарлығынан бөлек, кейінгі ұрпаққа, ес біліп, етек жапқан елге үлгі-нұсқа, өсиет-өнеге, бағыт-бағдар, ұстынды ұстаным есебінде жазған. Конфуциандық – моральдық-этикалық нормалардың жиынтығы. Қытай жұрты сол жолдан әлі күнге шейін айныған емес. Бір сәтке ойланып қарасақ: «Бізде идеология жоқ!» – деп жалпақ жаһанға жар салып жүрген жақсыларға Абайды оқы дегіңіз келеді екен. Оны алыстан, алты қырдың астынан іздеудің қажеті жоқ. Бұл дегеніңіз Сизифтың тасты жоғары қарай итергенімен тең мәнсіз тірлік болар еді. Абай – барометр. Абай – айна. Оған қарап, бетіңнің қисық екенін көресің. Ол өз ұлтының бетің ұстарамен шиедей еткенінің артында ешқандай зіл жоқ. Тек, жанашырлық бар. Хакім айтқан талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, міне – идеология деген осы! Ал, сақтанатынымыз – өтірік, өсек, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ. Болды. «Адамның бес асыл ісі» мен «адамның бес дұшпаны» Инь мен Янь секілді бір-біріне қарама-қайшы түсініктер. Өмірде де солай емес пе?! Ақ пен қара, жақсы мен жаман, әлсіз бен әлді, періште мен Ібіліс дегендей. Мұнда дана қос стихияны бір-біріне қарсы қояды, сол арқылы оның табиғатына терең үңіледі. Қайшылық – дөңгелеген дүниенің қозғаушы күші. Қайшылық жоқ жерде даму жоқ, өсу жоқ. Бұл – Алланың Біз өзгерте алмайтын сценарийі. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» дейді Абай. Жоғарыдағы бес қасиетке ақыл, қайрат пен жүректі қосыңыз. Аталған идея Фридрих Ницщенің «Заратустра солай деген» атты трактатындағы «сверхчеловек» («жоғарғыадам») ұғымынан да биік болып тұр. «Сверхчеловек» концепциясы кемшіліктен ада деп айта алмас ек. Ол – эгоцентрик. Ал, Абай айтқан қасиеттерді бір адамның бойына жинақтауға болады. Демек, бұл идеализация немесе утопия емес. Ақын танымындағы замана суреті мен кісі бейнесі, оның адам мен заман хақындағы ойлары, ұсынған қағидалары белгілі бір дәуір сипатын, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың мінез-құлқын, қарекетін бағалау негізінде туған.

Шайыр әдеби мұрасының бүгінгі қоғам үшін мәні мен маңызы, заман сипаты жөніндегі әлеуметтік, адамгершілік ұстанымдар мен тұжырымдардың өзектілігінде. Ақынның ақ пен қара, жамандық пен жақсылық, махаббат пен ғадауат жөніндегі әрқилы ұстанымы – өткен өмірдің, бүгінгі күн мен келер шақтың рухани ахуалын анықтайтын өлшемдер жиынтығы. Тек содан алыстамасақ екен ағайын!

Ғұмарбек  Дәукеев атындағы

 Алматы Энергетика және байланыс Университетінің

 аға оқытушысы

Касиенова Күлаш Мағзомқызы

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Жанғара Дәдебаев, https://kk.wikipedia.org/wiki/Жанғара_Дәдебаев

Абайдың антропологизмі, Жанғара Дәдебаев, Алматы 2014,

Абай институты, http://abai-inst.kz/?p=803

Абай Құнанбайұлы, https://kk.wikipedia.org/wiki/Абай_Құнанбайұлы

 

 

ENERGO UNIVERSITY