Жалпыға бірдей ұлттық халық санағы онлайн форматта

Жалпыға бірдей ұлттық халық санағы онлайн форматта

10.09.2021 Барлық жаңалықтар


Алматыда онлайн форматта Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаровтың басшылығымен халық санағы бойынша кеңес өтті. Іс-шара жұмысына ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Алматы қаласы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Айдар Ахметбекұлы Әбілдабеков қатысты.

2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда жалпыға бірдей ұлттық халық санағы онлайн форматта басталды. Ол sanaq.gov.kz сайтында 15 қазанға дейін жалғасады.  

Қазақстанда Ұлттық халық санағы 10 жылда бір рет өткізіледі. Соңғы науқан 2009 жылы өтті, келесі науқан 2019 жылы өтуі керек еді.

Бұл ауқымды акция аса маңызды талдамалық деректерді, оның ішінде халықтың нақты саны, жас құрамы, гендерлік құрамы, урбандалу дәрежесі, тексерілген, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қажетті басқа да мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.

Азаматтар қай жерде орналасқанына қарамастан виртуалды көмекшінің көмегімен өздеріне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтырып, санақтан өз бетінше өте алады.

Дәстүрлі жаппай аралау 2021 жылғы 1 қазаннан 30 қазанға дейін онлайн-режимде санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі.

Санақ жүргізушілер планшеттерді пайдаланатын болады, бұл адам факторының деректер сапасына ықпалын барынша азайтуға, ЖСН қолдану арқылы анықтық деңгейін арттыруға, ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Санаққа қатыса отырып, әркім өзі туралы ақпаратты хабарлайды, яғни ол өзі жататын адамдар тобына қатысты перспективалық әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге қатысады.

Халық санағы – барлық адамдарды біріктіретін аз ғана ұлттық акциялардың бірі. Саяси көзқарастар мен әлеуметтік жағдайға қарамастан, біз оны жүзеге асыруға мүдделіміз.