«ЖАҚСЫ ҰСТАЗ БӘРІНЕН ДЕ ҚЫМБАТ, ОЛ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

«ЖАҚСЫ ҰСТАЗ БӘРІНЕН ДЕ ҚЫМБАТ, ОЛ – МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ


20.10.2021 Барлық жаңалықтар


19 қазанда 2021 жылы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті және Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық Педагогикалық институтының ұйымдастыруымен «Жақсы ұстаз бәрінен де қымбат, ол – мектептің жүрегі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Жиынға қатысушыларды – Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, техн.ғ.к. Темирбеков Нұрлыхан Мұқанұлы және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры, тарих ғ.к. Махмутов Серік Қапанұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, ұлтымызды өркениет көшіне сүйреген, білім және ғылым жолына түсуіне зор ықпал еткен дара тұлғаның игілікті істері мен мәңгі өшпес мұрасын студент-жастар арасында насихаттауда біріккен іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Дөңгелек үстелде «Ыбырай Алтынсариннің философиялық көзқарастары» - философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры К.К. Бегалинованың, - «Ыбырай мұрасы – ұлт құндылығы» Ы. Алтынсаринның мемориалдық музейінің экскурсоводы Ж.Қ. Әлімнің, «Ыбырай жаққан шамшырақ» - Қостанай облысы, Жангелді аудандық мұражайлар кешенінің директоры Г.Қ. Сәрсекейдің, «Ұлы Даланың дара ұстазы» - Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушысы Ғ.И. Әбдиеваның, «Жаңалықтың жаршысы болған ұлы ұстаз»  - Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің аға оқытушысы, магистр Э.А. Ақылбекованың баяндамалары тыңдалды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейіне онлайн экскурсия жасады.

Іс-шараның мақсаты студент жастарға Ыбырай атамыздың жақсы қасиеттерін, өнегелі істерін, еліне қалтқысыз қызмет жасаудың тамаша үлгілерін көрсету болды.

Ыбырай Алтынсариннің жазған өлеңінде айтылатын «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» заман келді. Ондай «өнер-білімі бар жұрттар» ғана жете алатынына көзіміз жетіп отыр.

т.ғ.к., доцент, Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Кабдушев Б.Ж.

Құттықтау сөз.

Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар!

Халқымыздың дарынды перзенті Ыбырай Алтынсарин аса күрделі тарихи кезеңде, Ресейлік патша үкіметінің қазақ жерінде қатаң отарлау саясатын жүргізіп отырған заманда өмір сүрді. Ыбырай Алтынсарин өзінің атқарған игілікті істерін, мол мұраларын тарихымызға алтын әріппен жазып кетті. Ол қазақтың тұңғыш педагогы ретінде қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты.  Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді. Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету  Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды.

Қазіргі Тәуелсіз мемлекет құрған өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, этнограф, әдебиетші, ірі қоғам қайраткері деп бағалап құрмет тұтады. Оның қай әдеби шығармасы болса да, баланың тіл мәдениетін көркейтуге, дамытуға әсері мол. Оны балалар сүйіп, ынтыға оқиды. Өзі өмірден өтсе де сөзі өшпеген асыл мұралары халқымен бірге жасасып келеді.

Алтынсариннің қай шығармасын алсақ та ол бізді тек әдептілікке, инабаттылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Ыбырай шығармаларында сарқылмайтын, бұлақтың суындай саф таза рухани – адамгершілік құндылықтар бар.

Осы мәселелер бүгін дөңгелек үстел басында тереңінен зерделеніп, мамандар өз ой-пікірлерін тұжырымдап айтатына сенімдімін. Оны ұйымдастыруға ат салысып отырған Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ардақты ұжымына, бірінші басшысына және әріптесім Темірбеков Нұрлыхан Мұқанұлына шексіз алғысымды білдіремін. Ұлы Ұстазымыздың ертеңгі туған күні және мерейтойы бәрімізге құтты болсын! Сіздермен былтырғы оқу жылынан бері жақсы байланысымыз жалғасып келе жатқаннан хабардармын. Студенттеріңіз де, профессор-оқытушыларыңыз  «Рухани жаңғыру» аясында өтетін іс-шараларға белсенді қатынасып, конкурстарда жүлделі орындарды иеленді. Бүгінгі іс-шарамыз да соның дәлелі.

Ал енді жас буынға айтарым Ыбырай атамыз сияқты халқымыздың мықты тұлғаларының жақсы қасиеттерін, өнегелерін өздеріңізге үлгі тұтыңыздар. Бар өмірі мен рухани байлығын, тіпті қолындағы мал-мүлкін туған халқының игілігіне арнаған Ыбырай атамыздың ӨСИЕТ ретінде қалдырған мұрасын игеріп, еңбегін құрметтеу, Қазақ халқын бақытты елдердің қатарына қосамын деген арманын өтеу – ұрпақтық борышымыз!

Махмутов Серік Қапанұлы –

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент

 

ENERGO UNIVERSITY