АЭжБУ-дің НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

АЭжБУ-дің НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ


04.04.2022 Барлық жаңалықтар


Сәуірдің 1-і қасиетті жұма күні АЭжБУ-дің ауылында ақ түйенің қарны жарылып «ақ мол болсын», «ырыс-берекеміз кірсін», «қасіретті күндер артта қалып, елдің жағдайы оңалсын», көршілер арасы бүлінген кер заманның кесірінен сақтап, «тоқшылықтан айырмасын» деп ниет қылып мейрамды бастап кеттік.

Ашылу рәсімінде ректорымыз С.С. Сағынтаева ақжарма тілегімен бірге университет табыстарын қорытындылап, үздік профессор-оқытушыларға және студенттер қауымына марапат көрсетілді.

Наурыз тойына тәлім-тәрбиесі терең бағдарлама жобаланыпты.

- ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРІМІЗДІҢ озық үлгілерін дәріптеуде төрт институтымыз киіз үйлерін ұлттық нақышпен өрнектеп, ұлттық тағамдар көздің жауын алып, тәбетіңді қоздырады. Әсіресе «Телекоммуникация және ғарыштық инженерия» институтының сән-салтанаты мен әл-ауқаты ерекше, төрде ілулі түлкінің, қасқырдың терісі, киелі аспап домбыра мен қобызына шейін қойылған. Ұлттық киімде қызмет көрсетуші білекті батырлар мен бұралған қыздары бар әр киіз үйде фото-суретке түсіп, дәмнен ауыз тиюге ағылған жұрт...  

- СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН: университетіміздің республикада танымал көкпаршылар командасы ұйымдастырған ат үстіндегі күрес ауыл жастарының делбесін қоздырып, тартыс қыза түсті.  Асық ойыны, қазақша күрес, зіл көтеру, арқан тартыс, тоғыс құмалақ, қол күресінен жарыстар өтті.

- КОНЦЕРТТІК ЖОБА: жастардың кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен сахнаға 1 курс студенттерінің ұлттық аспаптар оркестрінің күйлері, «Қосалқа би тобы», UNIX шығармашылық ұйымы, Жайдарманшылар және профессор-оқытушылар дайындаған нөмірлерді, Daukey kokpar ұжымының қойылымдарын тамашаладық.

Мақсатымыз биік, арманымыз асқақ, кем-кетігіміз шайылып, алдағы жылдар университетімізді әлемдік сатыдағы озық үлгідегі білімнің және ғылымның ошағына айналдырсақ деген тілек айттық.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

Б.Ж.Кабдушев

ENERGO UNIVERSITY