АХАҢНАН АЛАР ТӘЛІМ

АХАҢНАН АЛАР ТӘЛІМ


04.04.2022 Барлық жаңалықтар


Қадірлі достар, өткен апта әз-Наурыз айы Алаштың көсемі, ұлтымыздың ғұламасы ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына бағыштап, студенттерімізге тәлім-тәрбие болмақ деген ықыласпен тәуір іс-шара өткіздік.

Бір қызығы, техникалық мамандық таңдаған студенттерімізге әдеттегідей сабағымыздың бісмілләсі «Сіз оқитын оқу орны орналасқан көше Ахмет Байтұрсынұлы аталады, ендеше, оның ұлт үшін атқарған ерен еңбегі қандай» және «осы жолдың бойында Жамбыл аталарыңның көшесімен қиылысқан бұрышындағы мұражайды білесің бе» деген ұлттық құндылықтарға жетелейтін, мақтаныш пен намыс сезімдерін қоздыратын дәстүрлі сауалдардан басталады.   

Әрқашан кездесулерімізді үлкен залда өткізуге жағдайымызды жасап, мұрындық болатын кітапхана ұжымына мың алғыс, бұл жолы пандемияның сақтығы ма, бірден «қатты кетпесін» деді ме, іс-шараға Ербол Сыпатаев атындағы шағын залды ыңғайлаған екен: бейне материалдар көрсетуге техникамен жарақтап, тақырыпқа орай кітап көрмесін де жайқалтып жіберіпті.

 Шараны үйлестіруші-модераторымыз тарихшы әрі саясаттанушы Шаяхмет Абуханов басқосудың мақсатына тоқталып, Ахаңның қазақ қоғамындағы мәңгілік орнын тарихи тұғырлап беруге келген қонағымыз әдебиетші-ғалым Орда Гүлжаһан Жұмабергенқызына әспеттеп сөз берді.

Гүлжаһан Орда – филология ғылымының докторы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері. «Алаштың бір ардағы» (1998), «Көркем ойдың құдіреті» (2007), «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» (2010) монографияларының авторы.

Бас спикеріміз Гүлжаһан Жұмабергенқызы қазақтың бағына бұйырған Ахмет Байтұрсынұлының Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаған игі істерін саралап, «Алаш» қозғалысының көсемі, «Қазақ» газетінің шығарушысы, қазақтың төте жазуын жасаушы-реформатор, Қазақ АКСР-інің бірінші Ағарту министрі, тіліміз бен әдебиет ғылымының негізін қалаушы ретіндегі сүбелі еңбектеріне талдау жасады.

... Кештің тұшымды өтуіне ат салысқан т.ғ.д., профессор Берлибаев Б.Т., кітапхана директоры Мерекеева Э.Ж., бас кітапханашы Базарбаева Ж.С., аға оқытушылар с.ғ.к Әбдіхалық А., Әбдиева Ғ.І., Борбасова Г.,  ұлт ұстазы туралы ой-пікірлерімен ортаға салып, студенттерге Ахмет аталарының өмірі мен қызметі ел үшін жанын беріп еңбектенудің тамаша үлгісі болатындығына айрықша тоқталды.

Кездесуімізді өнерімен әрлеген «Телекоммуникация және инновациялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Суйеубаев Олжас Біләлұлының орындауындағы Қапез Байғабылұлының әні «Қапездің қоштасуын» 1930-38 жылдары жаппай қуғын-сүргінге тап болған асыл боздақтарымыздың тартқан қасіретіндей қабылдадық.

СИБ-20-08, Сибк-21-13 ИСк-21-6 тобының студенттері атынан ой-пікірлерін түйіндеген Рустем Сарсенбай, Марал Илескүл ұлы бабалар мұрасы туралы әсерлі мағлұмат алғандарына ризашылығын білдіріп,  тәлімге толы мұрасы жастарға темірқазық болатынын, қарыз бен парызын арқалаған замандастарын ұлт ұстазының шығармаларын терең оқып үйренуге шақырғаны бізді де марқайтып тастады.

Айтпақшы, есіме түсіп отыр, көптен бері біздің университетіміздің «Ұлағат» және «Ғибрат» қоғамының еріктілері (волонтер) Ахмет Байтұрсынов  мұражайын қамқорлығына алып, іс-шаралар, сенбілік жасау сияқты жұмыстар атқаратынын біліп, сол үшін мұражай қызметкерлерінен студенттеріміз үшін алғыс естіп мақтанып қалған едім!

Сенім артар жастарымыз сондай болу керек!

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

Б.Ж.Кабдушев

ENERGO UNIVERSITY