24.04.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылдың 24 сәуірінде «Тіл білімдері» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Өмірзақұлы Ажиев 60 жасқа толады.
Ажиев Қанат Өмірзақұлы 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ) Білім Министрлігінің жолдамасымен қызметке орналасып, 2015 жылға дейін оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Болашақ мамандарды даярлаудағы зор жетістіктері үшін «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалімен» марапатталды.
1997-2001 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің сырттай аспирантурасында оқып, 2004 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Доцент Қ.Ө. Ажиев 2015 жылдан бері АЭжБУ-дің «Тіл білімдері» кафедрасында ұстаздық қызмет атқаруда. «Қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі», «Ғылыми зерттеудің негіздері және академиялық жазылым» пәндерінен дәріс беруде. Аталған пәндердің оқу-әдістемелік кешендерін құрастырды. Орыс тілді аудиторияға қазақ тілін үйрету барысында инновациялық әдістерді және ақпараттық-коммуникативтік технологияларды тиімді пайдалануда.
Қанат Өмірзақұлы «Ә.Нұрпейісовтің шығармашылық шеберханасы» атты монографияның, «Кәсіби қазақ тілі» атты оқу құралының, бес әдістемелік нұсқаудың, алпыстан аса ғылыми мақаланың, соның ішінде ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған журналдарда және РИНЦ-те индекстелетін басылымдарда жарық көрген еңбектердің авторы. Техникалық бағыттағы жоғары оқу орны студенттерінің тілдік дайындығы, оқу үдерісіне сандық технологияларды ендіру, сонымен қатар қазақ прозасының поэтикасы мен көркем аударманың өзекті мәселелерін зерттеумен айналысуда. Халықаралық конференцияларда баяндама жасайды. Білім көтеру курстарында оқып, өзінің кәсіби деңгейін жоғарылатумен ұдайы айналысуда.
Қанат Өмірзақұлы АЭжБУ студенттерінің кәсіби пәндерін қазақ тіліндегі оқу құралдарымен қамтамасыз ету бағытында да біршама жұмыс атқаруда: «Қоршаған орта мен өндірістегі тәуекелдерді талдау және бағалау» атты оқу құралын орыс тілінен қазақ тіліне аударды, «Ғарыштық материалтану» атты оқулықты редакциялады.
2015-2017 жылдары деканның жатақхана жұмыстары бойынша орынбасары болып қызмет атқарды. Университеттегі тәрбие жұмысы департаментінің маманы ретінде бөлімнің ағымдағы құжаттары мен басқа да материалдарын орыс тілінен қазақ тіліне аударды.
Қазақ тілі пәнінен жыл сайын өткізілетін университетшілік олимпиаданың ұйымдастырушысы. Сондай-ақ «Тіл білімдері» кафедрасының және университеттің әртүрлі деңгейдегі тәрбиелік іс-шараларын ұйымдастыруға қатысады. АЭжБУ кәсіподақ ұйымының мүшесі.
Қанат Өмірзақұлы 2008-2019 жылдар аралығында ҚР БҒМ өкілі ретінде ҰБТ мен кешенді тестілеуді өткізуге қатысып, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының мақтау қағаздарымен және алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған.
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы Сізге зор денсаулық, барлық бастамаларыңызға сәттілік және табыс тілейді. Сіздің кәсіби шеберлігіңіз бен адалдығыңыз біздің елімізге ұзақ уақыт қызмет етіп, жаңа жетістіктерге негіз болсын!