Студенттердің «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты өнер фестивалі

Студенттердің «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты өнер фестивалі

18.11.2022 Барлық жаңалықтар


2022 жылдың 17 қарашасында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіндегі  «Д» ғимаратының  акт залында «Тіл білімдері» кафедрасының оқытушылары ұйымдастырған «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты студенттердің өнер фестивалі болып өтті.

Іс-шара жастар саясаты департаментінің директоры Абдуллина Зарема Альфредовнаның құттықтау сөзімен ашылды, ол студенттерді өнер туындыларымен таныстыру арқылы рухани-эстетикалық және адамгершілікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өте отырып фестиваль қатысушыларына табыс тіледі.

Өнер фестивалінің іріктеу кезеңінде 48 студенттің өтініші мен  бейнекөріністері сараптаудан өткізіліп 41 студент фестивальге қатысу құқығына ие болды. Университет сахнасында домбыра мен прима-қобызда күй орындаған студенттер өздерінің музыкалық қабілеттерін көрсетті. Көрермендер назарына елжандылық  тақырыбындағы қазақтың халық әндері де ұсынылды. Сонымен қатар, М.Мақатаевтың, М. Шахановтың, А. Серіковтың және басқа да қазақ ақындарының отан туралы шығармалары оқылды. Сонымен бірге бірқатар студенттің жеке шығармашылығы да таныстырылып, олар өзінің өлеңдерін шабыттана оқығандығының да куәсі болдық. Көрермендердің құшырлана қол соғуынан, ұлттық би билегендерді   көрермендердің қаншалықты шынайы, қызығушылықпен қабылдағаны байқалды. Сонымен қатар, ғимараттың кіре берісінде  студенттердің қылқаламынан  шыққан суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Фестиваль бағдарламасына кірген Қарақалпақстан Республикасы, Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының бейнебаяндары да көрермен көңілінде жақсы әсер қалдырды. Басқа елде тұратын қазақ жігіттері мен қыздарының  әндері мен билері, өлеңдері талантты орындалуымен, сағыныш  сазымен көрермендердің жүрегін жаулап алды. Кеш бағдарламасына өзіндік өрнегін қосқан, Алматы техникалық-экономикалық байланыс колледжінің студенттерінің биі қимыл  өнерінің де өнерден ойып тұрып орын алатындығын көрсетті. 

Өнер фестивалін доцент Кенже Омарқызы Жекеева бастаған әділқазылар алқасы қорытындылады: I орынды СИБк-22-4 студенті Асан Ағажан, II орынды – АУ-22-8 тобының студенті Сүлеймен Ғазиз, III орынды – ЭЭ-22-7 тобының студенті Екпін Бекжан иеленді. 

Номинациялары бойынша «Музыкалық аспаптың шебер орындаушысы» – СИБк-22-4 тобының студенті Ербол Қазиев, «Мәнерлеп оқу шебері» – ИС-22-6 тобының студенті Ясмина Алепова, «Үздік әнші» – ЭЭк-22-2 тобының студенті Бағдәулет Қандыбеков, «Үздік биші» – СИБк-22-3 тобының студенті Джусупова Айнур, «Үздік суретші» – ПИ-22-2 тобының студенті Әділбекова Сания жеңімпаз деп танылды. 

Өнер фестивалінің жеңімпаздары дипломдармен, мақтау қағаздарымен және «Sulpak» дүкенінің сыйлық карталарымен марапатталды. Іс-шараның ең белсенді қатысушылары алғыс хаттармен марапатталды.

Тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, доцент Төлеуп Мейрімкүл Мұхамедияқызы қорытынды сөз сөйлеп, фестивальдің барлық қатысушылары мен қонақтарына алғысын білдірді.

Әрине, бұл іс-шараның мақсаты талантты студенттерді анықтау және көтермелеу ғана емес, сонымен қатар жастарды елжандылық пен адамгершілік рухында тәрбиелеу болды.