Алматыда Energo University базасында Германия университетінің филиалы ашылуда

Алматыда Energo University базасында Германия университетінің филиалы ашылуда


21.06.2024 Барлық жаңалықтар


2024 жылдың қыркүйегінде Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің базасында (Energo University) Анхальт неміс қолданбалы ғылымдар университетінің (Hochschule Anhalt) филиалы өз жұмысын бастайды. Бұл туралы бүгін Германияда АЭжБУ ректоры Ғани Нығыметов пен Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің президенті Йорг Багдан келісімге қол қойды.

Неміс университетінің филиалын құру Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге жетекші шетелдік жоғары оқу орындарын тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады және ҚР жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес келеді.

- Біз қолданбалы ғылымдар саласындағы үздік бестікке кіретін Германияның жетекші университеттерінің бірімен ынтымақтастығымыз Қазақстандағы энергетика және инженерия салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал ететініне сенімдіміз, - деп атап өтті Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығыметов.

Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің Energо University филиалына талапкерлерді энергетика, инжиниринг, ақпараттық технологиялар және автоматтандыру саласындағы мамандықтар бойынша оқуға қабылдау жоспарлануда. Оқыту неміс және қазақстандық оқытушылармен бірлесіп ағылшын тілінде жүргізіледі. Түлектер бірден екі толыққанды диплом ала алады – қазақстандық және еуропалық, бұл олардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы Анхальт университеті филиалының үйлестірушісі болып профессор Эдуард Сименс тағайындалды.

Қабылдау туралы толық ақпаратты Energo University қабылдау комиссиясынан +77076006493 WhatsApp телефон нөмірі бойынша алуға болады

ENERGO UNIVERSITY