Energo University өкілдері АЭС салу жөніндегі қоғамдық тыңдауларға қатысты

Energo University өкілдері АЭС салу жөніндегі қоғамдық тыңдауларға қатысты


19.08.2024 Барлық жаңалықтар


Алматы қаласында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын жоспарлау тақырыбында сарапшылар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өтті. Іс-шараға Energo University (Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) өкілдері – Энергетика және жасыл технологиялар институтының директоры Айнур Бегимбетова және Электр энергетикасы саласындағы Салалық технологиялық құзыреттер орталығының директоры Жұбаныш Абдимуратов қатысты.

Тыңдауға қатысушылар Қазақстанда АЭС салудың экономикалық және экологиялық тұрғыдан аса қажеттілігін атап өтті.

Айнұр Бегімбетова:

«Климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық агенттіктің көптеген зерттеулері мен деректеріне сәйкес, атом электр станциясы өзінің бүкіл өмірлік циклі бойында небәрі 11 тонна көмірқышқыл газын шығаратыны дәлелденген. Салыстыру үшін, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС сол цикл ішінде шамамен 820 тонна СО₂ шығарады».

Жұбаныш Абдимуратов:

«Елімізде АЭС салу, сөзсіз, дұрыс шешім. Біріншіден, бұл экологиялық таза. Әлемнің 33 елінде осындай станциялар салынған, ал тағы 59 елде салу жоспарлануда. Екіншіден, бұл экономикалық жағынан тиімді. Егер бізде АЭС іске қосылса, бұл кейбір салалардағы бағаның төмендеуіне әкелуі мүмкін».

Алматы - Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткен 19-қала болды. Атом электр станциясын салу мүмкіндігіне қатысты соңғы қоғамдық талқылаулар 20 тамызда Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда.

 

Анықтама:

Қазақстанда климаттық жағдай бір ұрпақтың өмірі ішінде көз алдымызда өзгеруде, бұл – аномалия.

2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы бүкіл әлем үшін Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) қабылдады. Қысқаша айтқанда, оларды кедейлікті жою, таза суға қол жеткізуді қамтамасыз ету, таза энергия, климаттың өзгеруімен күресу және тұрақты дамуға жәрдемдесу ретінде тұжырымдауға болады.

Әлемде энергияны тұтыну 2040 жылға қарай 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға артады деп болжануда. Энергия тұтынудың өсуі, бір жағынан, экономикалық дамудың көрсеткіші болса, екінші жағынан, қоршаған ортаға түсетін жүктеменің және энергия ресурстары тапшылығы қаупінің арту факторы.

Атом энергиясын дамыту атмосфераға шығарындыларды азайту мақсатын көздейтін Париж келісімін іске асыру тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының деректері бойынша, атом энергетикасының бүкіл өмірлік циклінде парниктік газдар шығарындылары 12 тонна СО2 құрайды.

Салыстыру үшін: жел электр станциялары – 11 т СО2, күн қондырғылары – 48 т СО2, көмір – 820 т СО2.

Атом энергетикасы климаттың өзгеруімен күресуге елеулі үлес қосатынын беделді халықаралық ұйымдар да қолдайды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша, атом энергетикасынан бас тарту 2040 жылға дейін көмірқышқыл газының қосымша 4 миллиард тонна шығарындыларына әкелуі мүмкін.

ENERGO UNIVERSITY