Алматыда Energo University-де Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің филиалы ашылды

Алматыда Energo University-де Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің филиалы ашылды


19.09.2024 Барлық жаңалықтар


18 қыркүйекте Алматыда Energo University (Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) базасында Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің филиалының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Германияның Алматыдағы Бас консулы Маттиас Кислер, Анхальт университетінің президенті Йорг Багдан, Energo University ректоры Ғани Нығыметов, Анхальт университетінің Алматыдағы филиалының директоры Эдуард Сименс және Германия ғылым қорының өкілдері қатысты.

Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті Қазақстанда неміс білім беру бағдарламалары бойынша оқытатын және неміс үлгісіндегі дипломдар беретін алғашқы неміс жоғары оқу орны болды. Жаңа филиалда оқыту ағылшын тілінде келесі мамандықтар бойынша жүргізіледі: жаңартылатын энергия, жүйелік инженерия, биотехникалық және медициналық жүйелер мен аппараттар, энергетикалық саясат және халықаралық сауда.

Алғашқы 30 студент биылғы жылы мемлекеттік гранттар мен ақылы негізде оқуды бастайды деп жоспарлануда. Жақын арада гранттық қаржыландырудың көбеюі күтілуде, бұл қазақстандық студенттердің көбірек санына сапалы инженерлік білім алып, екі бірдей диплом – отандық және еуропалық үлгідегі дипломдарды алуына мүмкіндік береді.

Филиалда оқу барысында студенттерге неміс тілінен қарқынды курстар өткізіледі, бұл оларға оқудың бір бөлігін және өндірістік тәжірибені Германияда өтуге мүмкіндік береді.

Филиалдың түлектері Қазақстанда да, Германия мен басқа да еуропалық елдерде де кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктерге ие болады, - деп атап өтті Йорг Багдан.

Бастапқыда филиалда оқытуды неміс оқытушылары жүргізеді. Біліктілікті кешенді арттыру бағдарламасынан кейін қазақстандық әріптестері біртіндеп оқытуды өз қолдарына алады. Energo University-дің алғашқы бес оқытушысы қазірдің өзінде Анхальт университетінде тағылымдамадан өтуде. Келесі жылдың сәуір айында тағы он оқытушы Германияға бір жылдық біліктілікті арттыру курсына баруды жоспарлап отыр.

Біздің университет пен Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің арасында ұзақ уақыттан бері серіктестік қатынастар бар, - деп атап өтті Energo University ректоры Ғани Нығыметов. – Филиал ашылғанға дейін біз бірлесіп бес қос дипломды бағдарламаны сәтті әзірлеп, іске қостық. Бүгінгі оқиға осы қатынастардың заңды жалғасы болды. Германияның жетекші техникалық университеттерінің бірімен серіктестік еліміздің экономикасы үшін сапалы мамандарды даярлауға, сондай-ақ олардың жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді деп сенеміз.

Бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей: «Анхальт университеті энергетика және телекоммуникация саласындағы сарапшы ретінде Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының жалпы тобында маңызды рөл атқарады. Біз бұл неміс университетінің өнеркәсіптік компаниялармен ынтымақтастық орнату тәжірибесін саналы түрде пайдаланғымыз келеді және сол арқылы оларды да Қазақстанға тартып, сала көшбасшыларын біріктіруді көздейміз».

ENERGO UNIVERSITY