05.11.2024 Барлық жаңалықтар
Астанада өткен MedTech-2024 халықаралық форумында Energo University мен Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті (Германия) бірлесіп жүзеге асыратын «Биотехникалық және медициналық жүйелер мен аппараттар» қос дипломды білім беру бағдарламасы таныстырылды.
MedTech форумы төрт жылдан бері медициналық жабдықтарды әзірлеу, жеткізу және қызмет көрсету саласындағы компаниялар мен мамандарды біріктіріп келеді. Бизнес-сессияның бір спикері Energo University Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Игорь Федоренко болды. Ол қатысушыларға 2022 жылдан бері институт негізінде неміс Анхальт университетімен бірлесіп іске асырылып келе жатқан «Биотехникалық және медициналық жүйелер мен аппараттар» қос дипломды білім беру бағдарламасы арқылы кадрларды даярлау мәселесінің шешімін ұсынды. Бағдарлама жоғары технологиялық медициналық жабдықтарға қызмет көрсететін мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Оқыту барысында студенттер Қазақстанда да, Германияда да білім алады.
Кадрларды сапалырақ дайындау мақсатында 2024 жылы Energo University-де Қазақстандағы ірі медициналық техника жеткізуші және өндіруші «Ордамед» компаниясымен бірлесіп жасанды тыныс алу аппараты, жаңа электрокардиограф, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор және т.б. заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықталған арнайы оқу зертханасы ашылды. Сондай-ақ, қазақстандық «Adamant group» компаниясы жыл соңына дейін Energo University-ге физиотерапиялық бағыттағы медициналық жабдықтарды жеткізуді жоспарлап отыр.
MedTech форумы аясында, қолданыстағы білім беру бағдарламасын дамыту мақсатында Energo University-дің ірі салалық компаниялармен: медициналық техника саласында жұмыс істейтін америкалық көпсалалы «General Electric» корпорациясымен және медициналық жабдықтарды Еуропа елдеріне жеткізетін қазақстандық «Bark Technology» компаниясымен ынтымақтастық туралы алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.