05.05.2020 Барлық жаңалықтар
Құрметті әріптестер және студент қауым!
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Әлеуметтік пәндер кафедрасының бастамасымен және университет басшылығының қолдауымен «Ұлы Отан соғысы менің отбасымның тарихында» тақырыбында ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатынасқан ата-бабаларымыздың ерліктерін баяндайтын үздік шығармаларға бәйге жарияланып, 4 жыл көлемінде атаулы іс-шараны тұрақты өткізіп келеміз.
Әу баста бәйгені өз студенттерімізбен бастасақ, кейін Алматы қаласының студент жастары да жобамызды қабылдап жарысқа түсті. Алғаш қолдаушылар сапында Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Алматы технологиялық университеті, Абай атындағы ҚазМПУ студенттері болды. Іс-шараның танымалдығының нәтижесінде Республикалық жоғары оқу орындарының жастары да тартыла бастады. Қызылорданың «Болашақ» университетінен, Астана медицина университетінен Павлодар, Қарағандының жоғары оқу орындарынан да конкурсқа жұмыстар келіп жетті. Ендігі мақсат бәйге деңгейін республикалық деңгейге өсіріп, мүмкіндіктерін кеңейтуді негіздегіміз келеді.
Биыл адамзат өміріне аса ауыр зұлмат әкелген ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толды. Оған 72 мемлекет қатынасты, 65 миллион адам қаза тапса, оның 27 миллион адамы КСРО халқы (оның 18,5 миллион бейбіт тұрғындар) мерт болды. Жараланғандар, сынақ лагерлерінен өткендер милиондап саналады. Бұл апаттан әлем халқы қасірет шекті... Ал соғыс алаңынан жырақтағы Қазақ Елінің тартқан зардабын студенттердің ата-бабаларының ерлік істері, тағдырын баяндаған шығармаларынан оқып, сезіне аласыздар деп ойлаймыз. Конкурстың мақсаты да осында: тарихымыздың зардабынан сабақ алу, жастарымызды отансүйгіштікке баулу, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін бағалауға үйрету яғни Ел мүддесін биік ұстанатын болашақ азаматтарымызды тәрбиелеу. Келіп түскен әр студенттің бір жапырақ жұмысынан асқақ сезім, кіршіксіз тазалық пен туған жерге деген махабатты көруге болады.
Жалпы алғанда конкурсқа 100 ден астам жұмыстар келіп түскен екен. Іріктеу арқылы таңдаулы шығармаларды құрастырып, қазақ-орыс тілінде жеке жинақ құрастырып шықтық. Жинақтың кітап нұсқасы кітапханаға өткізіледі және электронды түрімен университет сайтынан толық танысуға болады. Бүгін Сіздердің назарларыңызға біздің студенттеріміздің конкурсқа әр жылдары жолданған кейбір жұмыстарын ғана ұсынып отырмыз.
Құрметпен, ӘП кафедрасының меңгерушісі
т.ғ.к. Кабдушев Б.Ж.
ЖЕҢІСТІ БҮГІНГІ ҰРПАҚҚА СЫЙЛАҒАН
Абжал Дана Қанатқызы
БЖДк-16-1 тобының студенті, АЭжБУ
Биыл Ұлы Жеңіске - 73 жыл! Осынау ерлік пен қайсарлыққа толы күн тарихымызда мәңгі ұмытылмайтын күн болып қалады. Қаншама ата-бабаларымыздың төккен қанымен, ерен ерлікпен келген бұл Жеңіс бүгінгі өскелен ұрпақтың есінен кетпеуі тиіс. Әрбір Ұлы Отан Соғысына қатысқан ерлеріміздің есімі мәңгілік санамыздан өшпеуі тиіс. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! Себебі, біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған,бейбіт елде дүниеге келдік, аспаннан жаудыраған оқтардың гүрсілін,жарылған бомбалардың дауысын естімедік, арнадай тасыған қандарды көрмедік. Осының бәрі, бізге бейбіт күнді аманат етіп кеткен кайсар да, ержүрек ата-бабаларымыздың, батырларымыздың арқасы.
«Ер есімі-ел есінде» демекші, осынау жалауын асқақтатқан Жеңісті бүгінгі ұрпаққа сыйлаған ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. Менің атам - Рахымділдаев Әбжал, Ұлы Отан соғысының ардагері. Атамның көзі тірісінде, - Ата, соғыс деген не? – деп, сұрақ қоюшы едік. Сонда атам былай жауап қайтарған: «Біз көрген сұмдықты сендер көрмеңдер, бейбіт аспан астында әрдайым мерейлерің үстем болсын»деп, соғыс жайлы ештеңе айтпайтын. Тек жазып кеткен естелік-жазбасы қалған еді.
Әбжал Рахымділдаев қазіргі Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылында 1925 жылы дүниеге келген. 1943 жылы кәмілеттік жасқа толған атамды әскер қатарына шақырады. Алдымен ол кісі өзінің 14 сыныптасымен бірге Бішкек қаласында құрылып жатқан әскери құрамаға түсіп,үш айлық дайындықтан өтеді.Содан кейін көпшілігі үйінен ұзап шықпаған жастардан құрылған құрама қиян-кескі соғыс жүріп жатқан Балтық жағалауы майданына жіберіледі. Балтық жағалауына жеткен соң атам алғашқы ұрысқа Великие Луки, Невель қалаларының маңайындағы Дружба деген елді-мекенде кіреді. Алғашқы ұрыстың қашан да ауыр болатыны белгілі. Сырын білмеген жау соғыспаққа қиын. Содан болар, алғаш рет ұрысқа кірген көптеген жап-жас ғұмыр қырқылып түсті. Менің атам да сол жақ аяғынан жарақат алып жараланады. Иваново облысының Шуя деген қаласындағы №1387 госпитальда бес ай бойы емделеді. Одан кейін 1944 жылдың 15 қаңтарында жазылып шыққаннан кейін, өзінің сұрауы бойынша қайтадан 56-дивизияның 256-полкіне байланысшы болып кіреді. Жүктелген тапсырмалар ауыр болса да, ол енді қатардан шықпайды. Өз міндетін абыроймен орындап, талай ерліктер жасайды. Сөйтіп, фашизмнің қанды апаны - Берлинге дейін жетеді. Қала ішіндегі кескілескен бір ұрыста контузия алады. Бірақ Жеңіс күнінің келгенін өз көзімен көреді. Соғыс аяқталған сон атам бірден елге қайта қоймаған. Сол Германия жерінде тұрақтылықты сақтау үшін қалдырылған әскер қатарында тағы бес жыл қызмет ақарған болатын. Тек 1950 жылы ғана I-дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Ерлігі үшін», «Берлинді алған үшін» секілді 12 жауынгерлік марапат белгілерімен елге оралады. Әбжал атам Отан соғысы ұрыстарында көрсеткен ерліктері үшін «Жауынгерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткен үшін», «Берлинді алған үшін», «Лузаны азат еткен үшін» т.б медальдардың иегері.
Кескілескен шайқастарды басынан өткізген, ысылған жауынгер атамды аудандық партия комитеті Талғар қаласындағы шаруашылық мамандарын даярлайтын техникумда білім алуға жібереді. Оны ойдағыдай бітірген Әбжал атам зоотехник-агроном мамандығын алады. Ауылға оралған сон, Кенен Әзірбаев атындағы колхозда төрағаның орынбасары қызметін 5 жылдан аса атқарады. Сырттай Алматы қаласындағы малдәрігерлік институтты бітіріп, агроном-ғалым мамандығын алып шығады. Әбжал атам 35 жыл өз мамандығы бойынша «Ақтерек» колхозында жұмыс атқарады. 1986 жылы құрмет демалысына шығады.
Атамның зайыбы, менің апам - Бақатаева Күлшай жоғары білімді мұғалім. Атам мен апамнан 3 ұл мен 6 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың бәрі арнаулы орта, жоғарғы білім алған мамандар. Атам мен апамнан тараған 28 немере, 27 шөбере бар.
Елімізде соғыс және еңбек ардагерлер ұйымы құрылған кезден бастап, Ақтерек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы болған. Атам өзінің қарапайымдылығымен, іскерлігімен ауыл азаматтары арасында өте беделді, құрметті азамат болған. Әбжал атам біздің бойымызға кішкентай кезімізден бастап адамгершілікті, кішіпейілдікті сіңіріп өсірген. Атам үлгі мен өнегеге толы әңгімелерін немерелеріне ылғи да жеткізіп отырған. Атамның әр кез жүзінен мейірім шуағы төгіліп отыратын, дана да дара бейнесі ешқашан көз алдымнан кеткен емес. Әр жыл сайын Ұлы Жеңіс қарсаңында жау-жүрек ардагер- батырларымыздың арасында атамның есімі аталғанда кеудемде мақтаныш оты оянатын. Әрдайым атамның портретіне қараған сайын өне бойымды жылулық сезімі кернейді. Атамыздың ерлігі мен батырлығы үшін бүкіл әулетімізбен мақтанамыз, қадірлейміз .
2006 жылы Ұлы Жеңісктің 64 жылдығына санаулы күн қалғанда, Ұлыстың ұлы күнінде атам өмірден озды. Атамның артында өмірін жалғастыратын асылдары: балалары мен немерелері қалды. Әр жыл сайын 9 мамырда, әулетімізбен жиналып, атамызды еске алып,құран бағыштаймыз. Бұл - біздің дәстүр. Қазір ол кісінің наградалары мен жеке қағаздары, естеліктер үйімізде сақталып тұр.
Бейбітшілік үшін, жеңіс үшін, бақытты ғұмыр үшін рахмет, Аташым!
МЕНІҢ АТАМ-ҰЛЫ ОТАН СОҒЫС АРДАГЕРІ
Молдабекова Айзада
РЭТ-16-4 тобының студенті, АЭжБУ
Ұлы Жеңісті ел болып, жер болып атап өтер кезең жақындаған сайын сол сұрапыл жылдарда жері үшін, ұлты үшін намысты қолдан бермей, фашист басқыншыларына қарсы шығып, халқы үшін жанын пида еткен батырларымыз сиреп келе жатқанын байқаймын.
Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Соғыстың адам баласына әкелер зардабы мен қасіреті шексіз екенін баршамыз білеміз. Соғыс зардабы көпке дейін оңалмады, әсіресе адам жанында ауыр жарақат қалдырды. Бала кезімде уақытымды ойынға, қыдыруға, теледидар қарап немесе әке-шешеме еруді емес, әжемнің қасында қасіретке толы жылдарды әңгіме қылғанды жақсы көретінмін. Әжем ылғи «Біздің көргенімізді, келер ұрпақ көрмеуге жазсын», деп күрсіне балалық шағын көп еске алады. Шыны керек, қазіргі кезде не кием, не ішем демейсің, жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Адамның басына сынның бәрі түседі, аяусыз соғыс жылдары қиынның бәрі сол отбасыға келіп тиеді Ұлы Отан соғысы елдің елдігін, ердің ерлігін сынға түсірді. Қазіргі біздің сәулетті өміріміз үшін жанын қиып, кеудесін оққа тосқан батырлар ерлігін жас ұрпақ есінде қалдыру бәріміздің азаматтық борышымыз.
Сол сұрапыл соғысқа атам Курманов Молдабек Курманович қатысқан. Атам соғыс туралы айтқысы келмейтін, сол кез есіне түссе жүрегі ауырып, жаны қиналатын болған.
1920 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген. Мал шаруашылығымен айналысқан. 1942 жылы 22 жасында Кавказ жеріне соғысқа аттанған. Бірінші соғыс күні атам үшін қандай болғанын білмеймін... Алғашында 2 ай бойы мылтық атуды үйреніп, жаттығудан өткен. Екі айдан соң Кавказға жіберген. Оған екі жүзге жуық жауынгер болып барған, бәрі де өте жас болған. Кавказ қаласында жаумен шайқасып,жарақат алған. Осы қалада жарақат алған жүзге жуық жаралы жауынгерлермен бірге госпитальге әкелген. Госпитальде ем алып жазылған соң, Ленинградтық фронтқа жіберген. Атам жауынгерлерімен кешке қарай жау танкісін күтіп, окопта жатқан. Кенет жаулар тұткұйылдан шабуыл жасаған. Сол сәтте қолдарында қарулары жоқ екен, әне-міне дегенше шабуыл басталады. Жаумен шайқас кезінде сол қолынан және бас сүйігінен жарақат алған. 1943 жылы жарақат алған соң, жарамсыз болып қалған. Соғыс зардабы кім - кімге де ес жиғызған жоқ.
1945 жылы соғыс аяқталса да, соғыстан кейінгі уақыт ең қиын кезеңдердің бірі болды. Сол жылы атам елге аман — сау келген соң тігін комбинатында еңбек етіп жұмыс жасапты. Осы қызметте жүріп, атам отбасын құрды, балалы — шағалы болды. Төрт ер бала мен үш қыз бала тәрбиелеп солардың қызығын көріп өмір сүрген. Әр баласы бөлек — бөлек шаңырақ көтерді. Жиырма үш немересі, он сегіз шөбересі бар бүгінде. Жыл сайын Жеңіс тойына омырау толы медалін тағынып жиындарға қатысқан.
1944 жылы «Кавказды қорғағаны үшін» медалімен, 1985 жылы фашистік-неміс басқыншылығында төтеп беруде өзінің қайсарылығы мен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1982 жылы «Еңбек ардагері» медалімен тағы да көптеген медальдармен марапаталды. 1996 жылы желтоқсан айының 18 жұлдызында атам бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды.
Шіркін, өмірдің зулап, зымырап өтуін өмірдің зулап, зымырап өтуін қарашы. Ол кез оралмасқа кетті. Биыл атам тірі болғанда 98 жасқа толар еді. Атамның суреттеріне, құжаттарына, медальдарына қарап, атамды мақтан тұтамын. Оның елін жаудан қорғау үшін жасаған ерліктері, маған елдің абзал азаматы болуға көмектеседі.
Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бұл жылдары жүрегі Отаным деп соққан әр азамат барынша күресе білді. Біздің Қазақстанда да соғыс оты шарпымаған шаңырақ кем де кем. Жүз мыңдаған ата-әкелеріміз соғыстың алғашқы сәтінде-ақ майданға аттанды.
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.
1945 жылдың 9 мамыры... Жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Дей тұрғанмен, Ұлы Жеңістің маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алған деуге болады. Ұлы Жеңіс мерекесі – ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен Елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату - тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл тәуелсіздік менің Отаныма берілген тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын. Бұл әрине барлық адам баласының арман-тілегі. Отан үшін жан қиған батырларымызды мақтан тұтайық. Осындай айтулы күні біздер құрметті ардагерлеріміздің алдында ерекше бас иеміз. Жыл өткен сайын біздің ардагерлеріміз жасаған ерліктің даңқы сөнбейді.
ТӘУЕЛСІЗДІК - ТӘҢІРДІҢ СЫЙЫ
Сатанғалиев Әлішер
ЭЭк-17-2 студенті, АЭжБУ
Соғыс... қандай ауыр да қасіретті сөз... Сан мыңдаған қара қағаздар... Егіліп жылаған аналар... Кеміс денесіне қарап күрсінген жауынгерлер...
Соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып-типыл етті. Сөйтіп соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр – қайратының,бірлігінің дәлелі еді.
1941 жылы 22 - маусымда гитлерлік Германия КСРО - ға опасыздық пен шабуыл жасады. Сол күні кеңес үкіметі халықты Отан қорғауға шақырды. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды...
Сол сұрапыл сұм соғысқа менің атам Есенғазы Ермек 1943 жылы аттанған екен. Менің атам Есенғазы Ермек 1923 жылы желтоқсан айының бірінші жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Ата - анасы шаруа адамдары болған. 21 жасқа толғанда әскерге алыныпты. Алғашында 2 ай бойы Орынбор қаласында мылтық атуды үйреніп, жаттығудан өткен. Осы жылы Минск қаласында шайқасқа қатысыпты. Ол кісі көзінің тірісінде балаларына бар білгенін, ақылын аямай санасына сіңіруге тырысатын. Бізге ертегі боп көрінетін соғыс жайында сұрағанымда жанарына бір мұң ұялап, терең күрсініспен сөзін іркіп - іркіп бастайтын. «Балам - ау, соғыс жақсы емес қой, әскерге 1942 жылы аттандым. Екі айдан соң 64 – ші полкке жіберді, оған екі жүзге жуық бала болып бардық, бәрі де өте жас болатын. Москвадан кетіп Воронеж деген қалаға жақындағанда немістің алты самолеті составты атқылап көп адамымыз шығынға ұшырады. Қалған жүзге жуық жаралысы бар, сауы бар жауынгерді қалың тоғай арасымен жаяулатып екі күн дегенде 127 - ші полкке әкеп қосты. Үш күн өткеннен кейін мені командиріміз дивизияға жіберді. Онда мен пулеметчик қылды. Соғыс зардабы кім - кімге де ес жиғызған жоқ. 1945 жылы соғыс аяқталса да, соғыстан кейінгі уақыт ең қиын кезеңдердің бірі болды. Қаншама жауынгерлер жаралы оралса, қаншама адамдардың үйіне күн сайын қара қағаздар жіберіліп жатты...» Атам жанарын бір нүктеге қадағандай қатты да қалды. Бейне бір майданды кино лентасынан көріп тұрғандай... көз алдына елестеп те кеткен болар.
Атам 1945 жылы елге аман - сау оралып, үй іші қуанышқа кенеліпті. Ауылға келген соң қызу еңбектің ортасы теміржолда еңбек етіп жұмыс жасапты. 1947 жылы әжеммен бас қосып, үлгілі жанұялардың бірі атаныпты. 5 ер бала мен 3 қыз бала тәрбиелеп, оларды оқытып, елге сыйлы азаматтар болуына үлесін қосыпты. Кейінгі жылдарда Бұлдырты ауылында лесхоз бастығы қызметін атқарыпты. Кейін бертін келе 2000-шы жылдары кәсібінен нәсібін теріп еңбегімен еленген атам осы қызметінен зейнеткерлікке шығыпты. Ауылдағы үлкен жанұяға айналған отбасыдан балалары тарап, тамыры терең жайылыпты. Әр баласы бөлек - бөлек шаңырақ көтеріпті. 23 немересі, 6 шөбересі бар бүгінде. Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс тойына омырау толы медалін тағынып жиындарға қатысып жас жеткіншектерге өз батасын беруші еді.
Ақыл - кеңестің таусылмас қазынасындай боп үйдің төрінде отыратын тау тұлғалы атам бүгінде бақытты. Алматыда жүріп оны сағынып кетемін. Амал не, әр күн сайын телефонның ар жағынан сағынышымды басамын.
Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату - тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл тәуелсіздік менің Отаныма берілген тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын. Бұл әрине барлық адам баласының арман - тілегі. Бейбітшілік жасасын!
ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ – МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАДЫНДА
Бурабаева Айдана Аманжолқызы
Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы
2-курс студенті, АЭжБУ
Жеңіс... Өркениетке құлаш ұрған жас ұрпақ бұл ұлы сөзді ұмытпақ емес. Осыдан 79 жыл бұрын, таң атарда фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына шабуыл жасады. Талай жанның сағын сындырған сұм соғыстың алдын алғанымызға 75 жыл толды. Сол зұлмат «сен» емес, «мен» емес «біз» деп тіл қатуды үйретті. Оған тарих беттері куә. Жеңіс тағдыр тізерлетіп, өрмелеп бара жатқан өрінен құлатса да мойымаған ата-баба қанымен келді. Ол мына жұмыр жүректе сақтаулы!
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтасақ жеңіс сағатын соқтыруға Қазақ халқының осы кезде қосқан үлесін шексіз деп айтсақ та болады. Майданда өзін көрсеткендерден бөлек, тылда да бар күшін салған қазақтар көп. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен...
От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға жетпек. Келешек үшін, дүние жүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды.
Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңіс достық пен бірлікті жырлаған, ер намысы боп атылған, ел дауысы боп шақырған жеңіс. Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұландары жерін, халқының өмірін , өзі туған өңірін, ақ сүт берген анасын, ақ самал ескен даласын қорғады. Осы соғыста қасық қанын қиып ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама! Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашпақ!
Ақ ниетті адамзаттың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің мерекесі ғасырлар бойы тойлана беретін, бүкіләлемдік тарихи маңызын ешқандай уақыт тез өшіре алмайтын, қайта жыл өткен сайын жарқырай түсетін, жаңғыра беретін жарқын тойы болып қала бермек. Бұл күн бүкіл өркениетті әлемді тырнағынан қан тамған қаскөй пиғылдарға қарсы ымырасыз күрес туы астына біріктірген ұлы үрдіс, ұмтылыс күн болып адамзат жадында мәңгі сақталады.
Сәулесін шашып түнекке,
Ысырып жауды жер-көктен.
Қасірет тұнған жүрекке
Жеңіс боп келді сол көктем – деп жүректе мәңгі сайрап тұрса игі!
Сол кезеңнің лағыл шерін, тамақта тұрған тастай түйінді тарқатқанымызға 75 жыл! Жеңісіңмен, жаса қазағым, Алашым!!!
СОЛ СҰРАПЫЛ ЖЫЛДАРДА
Шәріп Гүлден
РЭТк-17-1 тобының студенті
Соғыс, соғыс... Қандай суық сөз бұл! Соғыс – барды жоқ ететін, тауды жер ететін күйретуші күш. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын ажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радио, телехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта отырып бізге жеткізді.
Сол сұрапыл жылдарда қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, сұрықсыз бір дүниеге айналды.
Ұлы Отан соғысы адамзат үшін өте көп қасірет әкелген. Олай дейтініміз – осы соғыс барысында миллиондаған адам қиян-кескі ұрыстарда қаза тапты. Әлемді фашизмнен құтқаруға бағытталған соғыста біздің еліміз – Қазақстаннан да көптеген азаматтар қатысты. Қаншама отандастарымыз майдан даласында оққа ұшса, қаншама жерлестеріміз жараланып келді.
Соғыс адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып - типыл етті. Сөйтіп соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр - қайратының, бірлігінің дәлелі еді.
1941 жылы 22 - маусымда гитлерлік Германия КСРО - ға опасыздық пен шабуыл жасады. Сол күні кеңес үкіметі халықты Отан қорғауға шақырды. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды.
Өмірде қайталанбас ерлік жасаса да, ауыр еңбектен белі қайысса да ешбір ісін міндет етпей, кеуде қақпай, бұлдамай жалған дүниеден қарапайым күйінде өтетін де жандар болады. Ондайлар көп емес, әрине, дегенмен, сондай батыр жайында ой толғау, оның адамгершілікке толы қасиеттері мен кейінгіге үлгі болар істері жайлы жазу адамдық та, азаматтық та парыздың бірі болар, сірә.
Сол сұрапыл сұм соғысқа менің арғы аталарым да қатысқан болатын. Мен бұл жұмыста әкемнің аталары Мамытов Қосан, Мамытов Байзақ аталарымның ерен ерліктері туралы баяндаймын.
Мамытов Қосан
1921 жылы 15 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының Зертас ауылында «Көрік» деп аталатын жерде шаруа отбасында дүниеге келген.
Әкесі Мамыт пен шешесі Нәрпіш артық әңгімесі жоқ, момын жандар болатын. Олар өмірден ерте кетіп, екі ағасы Ташпағанбет пен Ешпағанбет Отан соғысынан оралмаған. Інісі Байзақ екеуі сол кездегі тұрмыстың
ауыртпалығына қарамастан еңбекке ерте араласып, ересектерден қалыспай жұмыс істеді, еті тірі болып ер жетті.
Ұлы Отан соғысы басталғанда ол 20-ға толмаған балғын бала кезі болатын. Қосан ата да құрбы-құрдастарымен майданға аттанды. Бірнеше айлар бойы дайындықтан соң, ол пулеметші атанды. Майдангерлік жолы 1942 жылы 336-атқыштар полкінде, ал кейін 120-Қызыл Ту гвардиялық дивизиясының пулеметші жауынгері болып басталған.
1942 жылдың қыркүйегінде Сталинград шайқасына қатысып, лапылдаған оттың ортасында жүрді. Майдан кезінде жараланып Қуйбышев қаласындағы госпитальға түсті.
1943 жылдың күзінде жау Украина жерінің ұлы өзені Днепрге жетті. Жау Днепр өзені бойын өз қолында ұстап, жағалауды күшті қорғаныс шебіне айналдырды.
Батальон командирі Қ.Мамытовты бірнеше жауынгерлердің командирі етіп тағайындап, өзеннің арғы жағасындағы немістердің бекініс орнын (плацдармын) жоюға бұйрық берді. Бұйрықтың аты бұйрық, оны тек орындау керек. Қосан қарамағындағы жауынгерлермен арғы бетке түн жамылып жүзіп өте бастады. Ауыр қаруланған жауынгерлер үшін өзеннің арғы бетіне жүзіп өту оңай болмады. Жағаға енді табан тірегенде фашистердің пулеметінен оқ жауа бастады. Жауынгерлердің бірі ауыр жараланды. Оған Қосан жәрдем көрсетті де, әлгі оқ жаудырып тұрған пулеметті гранатасымен жарып, үнін өшірді.
Көп ұзамай-ақ жаудың екінші пулеметі іске кірісті. Жауынгерлердің командирі Қосан жасырын жылжып жетіп оның да көзін жойды. Бірақ фашистер оның бекінген жерін біліп, оны қоршай бастады. Жаудың бұл пиғылын түсінген жауынгерлер дер кезінде командиріне көмекке келіп, жауға тойтарыс берді. Қосан Мамытов бастаған шағын топ неміс плацдармын алды, батальон командирінің бұйрығы орындалды.
Қ. Мамытовтың бұл ерлігі жайлы: «Ол өзінің қол гранаталарымен жаудың 2 оқ ататын бекінісін қиратты, 2 станковый және 2 қол пулеметін күл-талқан етті» - деп жазды әскери газет.
Украинаның Рогачев қаласын азат етуде де Қосан ата батылдық пен ерліктің үлгісін көрсете білді. Жаудың бекінісіне бірінші болып кіріп, фашистердің 4 солдаты мен 2 офицерін, қашып бара жатқан 28 солдатын өз пулеметімен көзін жойды.
Рогачевтегі ерлігі үшін Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай Белларусиядағы Гомель облысы Рогачев қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Рогачев қаласындағы «Даңқ мемориалында» Совет Одағының Батырлары генерал Л.Н.Гуртьев, Я.Я. Фогель, полковник П.Г. Петров, капитан Я.П. Зайцев, аға лейтенант И.А. Чупилко, сержант И. Богденовтың қатарында ефрейтор Қосан Мамытовтың да тас мүсіні бейнеленген.
Осы даңқты ерліктері үшін 1944 жылы маусымның 3 күні Қосан Мамытовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Минск, Варшава, Кенигсберг (қазіргі Калининград) қалаларын азат етуге қатысты. Соғысты 1945 жылдың мамыр айында Берлин қаласында аяқтады. Батыр атам Қосан Мамытов 1945 жылы 24-маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысты. Соғыстан оралған соң, туып-өскен ауылы Зертаста біраз уақыт бойы тұрды, кейін Шымкент қорғасын зауытында балқыту цехында жұмысшы болып істеді. Еңбек майданында да ол қажырлылық көрсетіп, ерен еңбегі үшін оған 1970 жылы «Еңбек сіңірген металлург» құрметті атағы берілді, 1971 жылы «Октябрь революциясы» орденімен наградталды.
1946 жылы соғыстан оралған Қосан ата 1948 жылы Қымғаш апамызбен бас қосады. Дүниеге 3 ұл, 1 қыз алып келді.
1993 жылы желтоқсан айының 25 жұлдызында Қ. Мамытов қайтыс болды. Марқұмның бейіті қазір Шымкент қаласындағы «Қатын-көпір» елді мекеніндегі үлкен зиратта орналасқан.
Қан сасыған, түтін мен оқ-дәрінің иісі қолқаны ататын майдан даласында мұз жастанып, қар жамылған, қанша майдандастарының қыршынынан қиылғанын көзімен көрген батыр өзінің ерлігі жайында әңгіме айтуға мүлде жоқ болған. Қайта ол жайлы қырғыннан аман қалған қаруластары айтып, өзі қатарында болған Бірінші Балтық майданындағы 336-атқыштар полкінің ерлік істерін тіркеген құжаттарында, Подольскідегі әскери мұрағатта көбірек деректер келтірілген.
Қосан Мамытовтың ерлігі жайлы сыр шерткендер:
Серікқали МҰҚАНОВ: «Менің батыр жайлы білуім кездейсоқ болды. 2008 жылдың қыркүйек айында Ресей Федерациясының Калининград қаласында ұйымдастырылған Ауған соғысы ардагерлері халықаралық одағының кезекті үйлестіру кеңесінің отырысына шақырылдым. Сол жолы Балтийск қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде қонақта болдым. Әскери бөлім қос «Қызыл Жұлдыз» орденді Балтық флотының Суворов және Александр Невский орденді 336-шы жеке Белосток гвардиялық теңіз жаяу әскері бригадасы деп аталады екен. Бізді бригаданың командирі, полковник Олег Даржапов қарсы алды. Мен одан: «Сіздерде қазақ жігіттері бар ма?» деп сұрадым. «Болғанда қандай! Сізге біздің бригаданың мақтанышына айналған қазақты көрсетейін», - деп бес бірдей батырдың мүсіні орнатылған даңқ аллеясына бастап апарды. Қаз-қатар тұрған тас мүсіндердің біріндегі «Кеңес Одағының Батыры Қосан Мамытов» деген жазу көзіме оттай басылды. Командир бізді мұражайға апарып, құраманың даңққа толы тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді көрсетті. Онда да Қосан Мамытовтың мүсіні бар екен. Қасына батырдың ерлігін баяндайтын ескерткіш тақта ілініпті. Байқағаным, өзге мүсіндердің айналасына туған жерлерінен әкелінген түрлі кәдесыйлар қойылыпты. Олардың қасында жерлесіміздің мүсіні біртүрлі оқшауланып тұрғандай көрінді. «Неге бұлай?» деп полковниктен сұрағанымда, батырдың 1993 жылы дүниеден өткенін, туыстарымен байланыс үзіліп қалғанын алға тартты. Шынымды айтсам, ішім қан жылап, жүрегім сыздап қоя берді... Елге келген соң тарту-таралғылар алып, қазан айының ортасында Балтийскіге қайта бардым. Бізді ресейліктер құшақ жая қарсы алды. 3000-ға жуық сарбаз салтанатты сапқа тұрып, бригаданың Жауынгерлік туын көтерді. Сол тудың қасында еліміздің көк байрағы да желбіреді. Бұл - Қазақстанға және қазақтың қаһарман ұлына көрсетілген айрықша құрмет болатын. Бригадада қазақ жігіттері бар екен. Ресейлік қандастарымыз ғой. Бригада сардарлары ұлты қазақ сарбаздарға ерекше сенім артатындарын ризашылықпен жеткізді. Тағы бір қызық айтайын. Бригаданың жауынгерлері Шешенстандағы соғысқа қатысыпты. Таңғаларлығы сол, Қосан Мамытовтың мүсініне күтім жасап, рухына тағзым етіп жүрген сарбаздар сол соғыста ешбір жарақат алмай, дін-аман оралыпты. Мұны ойдан шығарып айтып отырған жоқпын. Қап тауында толарсақтан қан кешіп келген жігіттерден естідім» дейді.
Роза ҚОСАНҚЫЗЫ: «Кім-кімде өз әкесіне жан өлшемейді ғой, бірақ менің әкемдей әке жоқ. Мен әкемнің батыр екенін кейін мектепте оқып жүргенімде, Жеңіс күні қарсаңында кездесулерге шақырып, ол туралы бірлі-жарым газет бетінде мақалалар шыққанда ғана барып білдім. Менің ұғымымда әкем металлург, ып-ыстық цехта қорғасын қайнататын еңбек адамы болатын. Жұмыстан қалжырап, шаршап келетіні сондай кішкентай інім қолына балғасын алып, әкемнің денесін кішкентай шегемен шегелеп жатқанында оянбай ұйықтайтынын білемін. Оның ерлігі жайында өсе келе майдандас жан досы - Кеңес Одағының Батыры Яков Зайцевтан естідік. Ол кісі бірде сендердің әкелерің қандай жағдайда қиындықтан тосылмайтын, қайта жұрттың ойына келмейтін шешімдер қабылдау арқылы қаруластарын құтқарғанын білемін деп төмендегі қызық жағдайды айтып бергені есімде.
Соғыстың қай күні де сұрапыл ғой, сондай бір күнде оқ қарша жауып, фашистер бас көтертпей ротамыз бірнеше күн бойы ыстық ас-сусыз қалды. Далалық асхана жетуіне еш мүмкіндік жоқ, құрсауда қалғандай, суық окопта жаумен жағаласып жатқанымызда сендердің әкелерің оқ тиіп, өлейін деп жатқан жылқыны көріп, жауған оқтан жасқанбай жер бауырлап барып, әлгі жылқыны бауыздап, жанталаса ішін жарып жіберіп, етін кесіп әкеліп, ас пісіріп, бүкіл ротаның бойына қуат бергені бар. Сонда оған солай жаса деп бұйрық берген ешкім жоқ, деп таңғала отырып, сүйсіне әңгімелегені бар. Өзінің ерлігі жайында тіс жармайтын әкем бала кезімізден бізге жатар уақытта ертеңгі, аңыз әңгімелер де айтып беретін. Ал әкемнің осы қырының менің балаларымның қалыптасуына көп ықпалы болды. Атасын жанындай жақсы көретін немерелері қандай жұмыстан да тайсалмайтын, ұлтын сүйетін, халқын қадірлейтін азамат болып өсті. Мен әкеме немерелерін сондай етіп тәрбиелегені үшін де қарыздармын. Ол кісі өзінің әскери комиссариат алдындағы беделіне қарамастан, ұлдарын әскер қатарына жіберді. Тіпті, інім Батырхан әкесі құрамында соғысқан 336-жеке Белосток гвардиялық теңіз жаяу әскері бригадасында әскери борышын өтегені бар. Қазір марқұм болып кеткен інім, алғашқы күні бөлімге келгенімізде қатарға тұрғызып қойып, бригаданың тарихын, одан шыққан батырларды мақтанышпен атап жатқанда әкем есімі айтылғанда толқып кеттім, дегені бар. Әкемнің атына кір келтірмеймін деп жанталаса борышын өтеген ұлы көлік апатынан қайтыс болып, әкем оның артында қалды. Сол қаза әкеме, анам Қымқапқа өте ауыр тиді. Адами келбеті кеудеге жылылық ұялатқан батырдың бейнесі жаныма жақындай түскендей. Батыр ағаға деген ерекше құрмет билеп, ғаламторды ақтарып, қызы Роза әкелген газеттер бетінен сыр саудым. Полковник Д. Писляков былай деп жазады. «1943 жылы Днепрден өтерде Қосанның кеудесінде екі бірдей «Ерлігі үшін» медалі бар еді. Оның бірін Сталинград майданында алса, екіншісін подполковник Пилюгин Смоленск түбінде таққан болатын. Түн қоюланған тұста әскеріміз Днепрдің арғы жағалауына өтуі тиіс болды. Қайық жоқ, жауынгерлер Мамытов пен Холов бөрене ағаштарға құлаған үйдің есігін байлап, оған пулеметті орналастырып, Днепр толқынымен арпалысып келеді. Жылжып келе жатқан салды байқап қалған фашистер оқ жаудырды. Холовқа иығынан, ал Қосанның артындағы зат салған қабына оқ тиді. Оқтың жарқылынан қай тұста жау пулеметі тұрғанын шамалаған Қосан оқты төгіп жіберді. Нысанаға дөп тиіп, пулеметтің үні өшті. Осы сәт сал жағаға тоқтағандай, үстінен ырғып түсіп еді, жағалау емес, мұз екен. Опырылып түскен мұздан сұп-суық суға түскен Қосан жан дәрмен жараланған жолдасы мен пулеметті жағаға алып шыққан. Холовтың жарасын таңып бола бергенде жап-жақын жерден дауыс естілді. Қараңғыға тесіле қарап еді жүгіріп бара жатқан екі фашисті аңдады. Жылдам траншеяға түскен олар дотқа кіріп, өзенді атқылай бастады. Жер бауырлай дотқа жеткен Қосан қолындағы танкке қарсы гранатаны құлаштай лақтырды. Оның да үні өшті. Енді сақылдаған пулемет үні тағы да жап-жақыннан, оң жақтан естілген. Пулеметін сол жаққа бұрған Қосан бір басқыншыны оққа ұшырды. Екіншісі Қосанға тұра ұмтылған. Нағыз жан алып, жан берісетін шешуші сәт. Қосан батыр бұл жолы да жеңіп шықты. Таң сібірлеп атқан мезгілде полк тегіс өзеннен өтіп жылжи бастаған сәт болатын. Бір уақытта күтпеген жерден бір машина тиеп алған солдаты бар неміс көлігі орман ішінен шыға келді. Бірінші болып байқаған Қосан пулеметін сол жаққа бұрған. Жақын жерден жауған оқтан баудай түскен бір ротадай неміс солдаттарына қоса төрт автокөлік пен бір бронетранспортерді жағып жіберген Қосан ерлігі сол жолы бүкіл жауынгерлерге аңыз болып тарап еді. Тіпті, пулеметі қатардан шығып қалғанда қолына іліккен жау қаруын алып, Рогачев қаласына алғашқылардың бірі болып кірген Қосан ерлігі осындай еді» - деп жазады.
Батырдың есімімен бүгінде Зертас ауылындағы орта мектеп аталады және Шымкент қаласының орталығындағы үлкен көшелердің біріне Қосан Мамытовтың есімі берілген. Мен 7-ші сыныпқа дейін атамның аты берілген орта мектепте білім алдым. Сол жылдары жеңіс қарсаңына орай өткізілетін іс-шараларға белсене қатысып, өз атамның ерлігін елге мақтан етіп, дәріптеуден еш жалыққан емеспін, жалықпаймын да.
Жалғасы тіркелген файлдарда: