АБАЙДЫҢ «ҚАРА» СӨЗІНІҢ РУХАНИ МӘНІ

АБАЙДЫҢ «ҚАРА» СӨЗІНІҢ РУХАНИ МӘНІ


24.05.2020 Барлық жаңалықтар


Құрметті әріптестер! 

Ұлы бабаларымыз Әл-Фараби, Абайдың биылғы мерейтойларына орай университет көлемінде әр түрдегі жиындар профессор-оқытушылардың, студенттердің белсенді қатынасуымен өтіп жатқаны барлығыңызға аян. Баспасөз бетінде бастамасын ашып берген университетіміздің ректоры Сагынтаева Сәуле Саветқызының «Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани байлығы» (Білімді Ел». 11 қаңтар. 2020), «Ұлы ұстаздың мұрасы  барлық адамзаттың игілігі» (Білімді Ел». 14 сәуір. 2020) атты мақалаларынан соң профессор-оқытушыларымыз осынау іс-шараларға ой-пікірін білдірумен қатар Ұлы даналарымыздың мұраларына байланысты ой-толғамдарын арнамыздың оқырман қауымына ұсына бастады. Игілікті, тәлім-тәрбиесі мол тәжірибелеріңізбен, өзекжарды ойларыңызбен, тиімді ұсыныстарыңызбен бөлісуге шақырамыз. Мысалы, кеше ғана Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» атты ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы аясында Әлеуметтік пәндер кафедрасының оқытушылары студенттік топтарда «академиялық тазалық» туралы тәрбиелік сағаттар өткізді. Неге осындай студенттердің қызығушылығын тудыратын мәнді шараларды университет көлемінде жалғастырмасқа?! Бастама Біз бен Сіз, қолдау күтеміз Сіздерден. Бірігейік, бірге болайық!

Ізгі бастаманың бір жалғасы ретінде кафедрамыздың профессоры Бақдәулет Тұрбекұлының ойлы мақаласын оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.

 

 

 

Құрметпен, Болат Кабдушев

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі

 

 

АБАЙДЫҢ «ҚАРА» СӨЗІНІҢ РУХАНИ МӘНІ

Қазақ тәрбиесіндегі «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету» деген нақыл сөз, түркі дәуірінен келе жатқан қасиетті ұғым. Орта ғасырлық ғалым Ескендір Мұнцының деректеріне қарағанда, түркілердің қоғамдық-саяси өмірінде ықпалды рөл атқарған жасы келген қарт адамды «ақсақал» деген екен (Искандар Мунши. Тарих-и аламарай-и Аббаси Рукопись ИВ РАН. 444-б., л. 670). Ал орыс ғалымы В.В. Бартольдің анықтамасы бойынша, «ақсақал» дегеніміз, «іс жүзінде белгілі бір заңдық өкілеттігі жоқ, жасына, байлығына және бұрын сіңірген еңбегіне қарай құрметке бөленген адам» (Бартольд В.В. История культурной жизни Туркестана // Сочинения. Т. 2. Ч. 1. М., 1963, 367-б). Қалай десек те, тіпті тарихқа жүгінгенде де ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша ақсақал деген мәртебе, заңды түрде болмаса да, белгілі бір руға басшылық жасайтын билік басындағылармен тең дәрежедегі ықпалды басшылардың біреуі болып келді. Бұл арада бір қарағанда, біздің айтып отырған «ақсақал» деген атаумен мағанасы бірдей болып көрінетін «қария» деген атаудың да табиғатын ашуымызға тура келеді. Себебі ол атаулар, біздің алдымыздағы екі ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Абай, патша үкіметінің озбырлықтары мен қиянаттарын көре жүріп, артына орасан зор рухани мұра қалдыра білді. Біздің түсінігімізде, оның талантына қанат бітіріп, шығармалығына арқау бола білген де сол «қара» атауының құдіреті болса керек. Дегенмен, Ұлы ақынның шығармаларында бәрібір, қария атауы ақсақал атауына қарағанда басыңқы орынға ие болып тұр. М. Әуезовтың «Абай жолы» романында Абай, інісі Оспанның орыс шаруаларының егін алқабына қалың жылқыны айдауға жарлық бергенін көріп: «Әй, Оспан! Мына содырлығыңа жол болсын! Сен, әдеп пен зұлымдықты ізет пен қасқөйлікті бір-бірінен ажырата алмаушы-ма едің? Білмесең сұра! анау жердегі Дәркембай қариядан»- деп, Оразбай мен Алшынбай сияқты ру ақсақалдарынан емес, Дәркембай сияқты сіңірі шыққан кедей қариядан неге ақыл сұрауға меңзеген? Себебі ақсақал, шонжар мінезді болғасын сұраққа жауапты келте, ат үсті жауап беруі ғажап емес. Ал халықпен күнде араласып жүрген қария болса, бүкіл қазақ дәстүріне жүгіне отырып, жас жігітке ондай істі енді қайтып қайталамайтындай етіп, сабырға шақырып, баппен кінәсін бетіне басып, мәселені байыппен түсіндіруден жаратылысынан бері жалығып көрген адам емес еді.

 Кейде, «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра!» деген нақыл сөзбен бетпе-бет кездесеміз де, оның байыбын білуге бәрібір, ақсақалдан немесе қария адамнан сұрауға асығамыз. Бірақ бұндайда, В. В. Бартольдің айтқан ақсақалды адамына емес, көбінде тағы да қарапайым халық арасында жүрген қарияға жүгінуді жөн көреміз. Сонда, біздің білуімізше, «қария» деген атауға былайша түсініктеме беруге болады деп ойлаймыз: «Қария» дегеніміз, елдің арасында көп жүріп, жас-кәрі демей олардың бәрімен, бары мен байлығына қарамай араласып, өмірден көрген өнегесі бойынша қарапайымдылығымен ақыл айтып, мейірімділігімен көптің көзіне түскен жасы келген қарт адам. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың»- деген мәтел, тегінде осындай қарияларға қаратып айтылса керек. Ал, қарапайым халық болса, байлығы мен беделін және билікке жақындығын ескеріп, ақсақалдың қанша көрегенділігіне қарамай оған емес, көбінде қарияға жүгінуді мақұл көрген сыңайлы. Алайда, құрметті де беделді адам болғасын әрі саясатқа да жақын болғандықтан, ауылға шен-шекпенді мансап иелері келгенде, сол ауылдың болысы келген қонақтармен бірге отыруға ақсақалды бірге қосып шақыратын болған. Бұндайда қария болса, мәселенің артын бағып, өнеге алғысы келген қара халықтың білгенімен бөлісіп, үйіне келгендердің ақыл сұрағандарына көрген-сезгендері бойынша өнегесін айтып отыра берген. Яғни, қара халықтың мұң-мұқтажын шешіп беруге осы қариялар неғұрлым бейім болғандықтан, олар да көбінде сол көпшіліктің ортасынан көріне білуге тырысқан. Сондықтан, бүкіл дүйім жұрт, қиын-қыстау жағдайларда сол қарияның сөзіне жығылып, айтқанына тоқталған. Бұл арада ол, ақсақал мен би-болыстарды азғырып, бедел жинап, бәле қууды мансұқ көрмейді. Қайта ол, ел мен жұрттың қайғысы мен қуанышына бірдей араласа жүріп, бірліктің туын жоғары көтерумен бірге, мәселені халықтың мүддесіне бейімдеп шешуге тырысатын абзал жанның рөлін атқарған. Тарихқа жүгінсек, патша үкіметінің қазаққа істеген ең басты қорлығы оны үш жүзге бөлінген күйінде біріне-бірін айдап салу мен қараңғылық пен надандықтың торында ұстау еді. Кезіндегі өз дәуірінің сол бір ащы шындығын:

«Қараңғылықтың көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам!

Қараңғылықтың көгіне

Күн болмағанда кім болам?!» деп,

бар-жоғы жоғы 27 жыл ғана ғұмыр кешкен жалынды жас ақын-Сұлтанмахмұт Торайғыровтың айтқандарын өз дәуірінде Абай мен Мағжандардан басқа ешбір ақын тереңінен қозғай алмады. Абай бұл арада: «Содырмалы, соқпақты жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым-кінә қойма»! деп ашығын айтқан. Десе де Абай, аталары Ырғызбай мен Өскенбай, өз әкесі Құнанбай сияқты би-шешендердің ұрпағы мен текті жерден келін боп түскен әжесі Зереденің немересі болса, Бөжей сияқты ақылымен әйгіленген нағашысының жиені болса, азуы алты қарыс Алшынбайдың күйеу боласы болса, қара сөзден неге түйін түймеске. Негізі Абай, би-шешендердің сөздерінен нәр алып, қарапайым қариялардан тәлімі зор қор жинап жүргенде, қазақтың Торайғыровтардан иісі бөлек бірен-саран оқығандары болса, патша әкімшілігі оларды мүмкіндігінше шен-шекпен кигізіп марапаттап, өз мемлекетінің мүддесіне ұтымды пайдалануға тырысты. Сол оқыған шолақ белсенділерінің негізгі дені, оқалы киім кигеніне мәз болып, елден пара алып баюды, мансапқа құмартып-қанығуды ойлап, қалайда оязға жағына жүріп, халықты жаппай алдауды үйренді. Ал тарих желісінің қайда апарып соғарын аңғара білмейтін, әрі қазақтың бұрынғы ел билеу тәжірибелерін қаперіне алмайтын ел ішіндегі өркөкрек те, надан билеушілер болса, түптеп айтқанда қараңғылықтың шырмаған шеңгелінен шыға алмады. Сондағы жастардың жалынына демеу беретін, олардың қиялына қанат бітіріп, өнер мен білімге бастайтын, талантын қайрап топқа қосатын, ғылымға баулып, биікке ұшыратын зиялы ортаның жетімсіздігі болса, тұтастай қазақ қоғамының өркениеттік дамуына қолбайлау болғанын білеміз. Осыны байқаған Абай, өзінің I-ші Қара сөзінде айтқандай, «алысып, жұлысып, айтысып, тартысып, әбден қажып, жалыққаннан» кейінгі жер орта жасқа келгендегі ендігі ермегі қалың жұртқа, әсіресе жастарға өмірден өзі көрген «әурешілдіктен» қорытынды шығарып, руғани азық боларлық өнегелік тәрбие беру болатын. Қазақта қариялар айтатын «Отызда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың!» деген мәтелі өз өмірінде ұран етіп көтерген Абай, сол бір қилы заманның содырмалы, соқпақты күрделі күндерінің өзінде болыс болып ел басқарды, өзі өлең шығарып, домбырамен ән айтып, осы саланың мамандарын даярлап, өз заманының майталман өнер танушысы әрі данагөйі атанды. Алыстан ат сабылтып іздеп келген замандастары мен өнер сүйер қауым одан ақыл кеңес алып, оның даналығын бүкіл елге жеткізді. Сөйтіп ол, отыз бен қырық жасқа қатысты айтқан қариялар сөзін аңғарып, одан тамаша қорытынды шығара білді. Абай, XYII қара cөзінде өзі ғылым рөлінде төрешілік жасай отырып, өзі қайрат, өзі ақыл, өзі жүрек болып сөйлегенде бәрібір, жүректің қан тамырларын біріктіріп, бойға қуат беретіні сияқты, бір орталыққа бағынған мықты мемлекетті көргісі келетінін аңғартса, бұл да өз заманының қарияларының айтқандарынан нәтиже шығаруға талпынудың белгісі еді. Өйткені оның айналасындағы кеңесші де, ақылшы да, кемеңгер де даланың дана қарияларының айтқан сөздері болатын. Абай, өзінің XXIX қара сөзінде «біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар»- деп, мүлде қолданысқа жарамсыз мақалдарға дәйекті сипаттама берсе, ондай мақалдар бүгін де артылып жығылады. Мысалы: «Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол.» деген мақалды алайық. Бұны неге «Атаңның баласы екенсің, Адамның да баласы бол» демеске. Осылай десек, атаның да адамның да көңілі қалмақ емес. Немесе, «Өз білмегеніңді кісіден сұра, Үлкен жоқ болса, кішіден сұра» дегеннен гөрі «Өз білмегеніңді қариядан сұра, ол жоқ болса, Үлкеннен сра» деген дұрыс емес-пе? Олай болса біле білсек, Ұлы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің өзегі ел ішіндегі қариялардың адал ниеті мен кең пейілдерінен, дәл солардың ойлау қасиеттері мен шешендік өнерінің жоғарылығынан барып түзілген ғой.

Абай XIX қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» -десе, арнайы оқу-білімі жоқ, тіпті бірен-саран молдалардан тілін сындырғаны болмаса, жүйелі түрде оқымаған балалардың бәрі қанша жерден білгені мен көргені көп болғанмен Абай дәуірінде, оның өзі айтып отырғандай, білімділікке естияр бала ғана көтерілген. Қазақтың айтатын «Сегіз қырлы, бір сырлы» сөзі сол естияр балаға қаратып айтылса керек. Дегенмен біз, сегіз қырға жүректі, қайратты, ақылды, сабырлы, мейірімді, өнерлі, шебер, балгер сияқты қасиеттерді жатқызсақ, айтқанынан қайтпайтын ерекшелігіне қарап сырға беріктігін жатқызамыз. Біздің ойымызша бұл айтқандарымыз-білімділікке жатпайды. Бұны көрегендікке жатқызамыз. Ендеше Абай, білімді сөзін қара сөздің қадірін, оның қолданыстағы орны мен рөлін рухани жағынан дұрыс түсініп, ретіне қарай пайдалана білген естияр адамдарға қаратып айтса керек.

 Ал енді, рух сөзінің мағынасына келсек, бүгінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған белгілі мақаласында айтылғандай, «...Рухани жаңғыру» аясына дейін көтерілсе, онда рух мәселесі біздің қоғамның болашағы үшін бағдаршамның рөлін атқара бастады деген сөз. Бұл жерде әрине, «Елбасы айтты-бітті!» деген түсініктен аулақпыз. Кім айтса да, мәселе рухпен санасуда. Осы арадағы Ел басының «Рухани жаңғыру» деп отырғаны негізінен, ежелден келе жатқан қазақ тәрбиесінің жаухарларын қайта түлетуді білдірсе керек. Ал, Абай сияқты Ұлы ақынның «қара» деп отырғаны «қасиет», «киелі», «қарапайым», «сөздің нәрі», «мірдің оғы», «бір оқпен бірнешеуді жайрату», «анық та батырып айту», «нақты да біліп айту», «өңменнен өткізіп айту», «мәймөңкілемей тура, әрі дәл иесіне қаратып жеткізіп айту», «аспай-саспай сабырға келіп, байыппен сөйлеу» деген сияқты бірнеше мағына берсе, бұл Ұлы даланың киесі де иесі де бір өздері болып келген дана қарттарының өсиет айтудан жалықпай, тарихтың қыртыстарымен келген сөздің майын тамызып, жеткізе білудің нәтижесі болса керек. «Жеті атасын білмеген-жетесіз!» деген бір ғана мәтелді алайық. Бұның нақты түсінігі-жеті атаңның тарихын білмесең-надансың дегенді білдіріп, өзін қазақпын дегендердің бәрінің қан қызуын басына көтеріп, намысын қозғап, қажыр қайраты мен жігерін оятып қана қоймай, тарих пен дәстүрді, діл мен дінді, рух пен өнеге тәрізді ұлттық ерекшелігіміздің бәрін, өз қойнауына еркін сиғызып жібереді. Ендеше, «қара» атауының рухани мәні бабаларымыздың ғасырлар бойы жадында сақтап, бойына жинақтаған қазақтың ауызша тарихтың құдіретінен туындаған сарқылмас қазына деп түйіндеуге болады.

 

 

Б.Т. Берлібаев

тарих ғылымдарының докторы,

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

 

ENERGO UNIVERSITY