Ұстаз мәртебесін арттыру – күн тәртібінде

Ұстаз мәртебесін арттыру – күн тәртібінде


27.05.2020 Барлық жаңалықтар


Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысындағы айтылған ұсыныстарын Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы қолдап, өзара пікір алмасуда.

БІЛІМ БЕРУ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ҚАТАРЫНДА

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысындағы сөйлеген сөзін Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің «әлеуметтік пәндер» кафедрасы ұжымы өте жылы қабылдап, өз пікірлерімен алмасуда.

Еліміздегі соңғы жылдары етек ала бастаған келеңсіз жағдайлардың түпкі себептерін терең түсінетін, оларды конструктивті шешу жолдарын іздестіретін мемлекет басшысының әр сөзі қоғам назарында болып отыр.

Өткен жылдың 2 қыркүйегі күнгі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" тақырыбындағы Қазақстан халқына алғашқы жолдауына орай Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің № 1 жатақханасының оқу залында «Әлеуметтік пәндер» кафедрасының доценттері Г.А.Абрахматова, С.Х.Байдильдина және С.Б.Апашовтың қатысуымен дөңгелек стол ұйымдастырылғандығы жөнінде «Білімді елдің» («Образованная страна») 25 қазан күнгі санында «Президент жолдауында маған не ұнады?» тақырыбындағы шағын мақала жарық көрген еді.

Сол жолы өз ойымызды «Президент Қ.К.Тоқаевтың бұған дейінгі ұзақ жылдар бойғы дипломатиялық қызметі, беделді халықаралық ұйым саналатын БҰҰ-ғы жоғары лауазымы мен мол тәжірибесінің Жолдауда айтылған шаралардың толыққанды жүзеге асуын қамтамасыз ететіндігіне өз ықпалын тигізеді деп сенеміз», - деп түйіндеген едік.

Міне, аз уақыт ішінде әлемдік пандемияға, оның ауыр салдарларына қарамастан, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев бұл жолы да шынайы әлеуметтік мемлекеттің басты қағидаттарын кейінге шегіндіре беруге болмайтындығын, керісінше, қоғамның түйткілді мәселелерін уақыт оздырмай шешіп, «қоғамның билікке деген сенімін арттыру» жолдарын қарастыруды тапсырып отыр.

Кез-келген қоғамның тірегі – орта тап болса, сол қатардан табылатын білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің мәртебесі, еңбегінің лайықты бағалануы, соған сәйкес құрылатын әл-ауқат және тұрмыс деңгейі қоғамның басты мәселесі емес пе? Батыс үшін қоғамның «омыртқасы» немесе «моральдық ядросы» («The middle class is the moral core of society») саналатын, орта тап өкілдерінің үлкен армиясын құрайтын еліміздің білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің моральдық және материалдық жағдайының заман талаптарынан алшақ екендігі жасырын емес.

Президент «...ерекше назар аударатын, пысықтауды қажет ететін мәселелерге тоқталайын» дей келе, білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласындағы проблемаларға, оның ішінде бүгінде өзекті  болып отырған қызметкерлердің «еңбекақысы», «беделінің төмендеуі», «құқықтарының қорғалмауын» еш бүкпесіз дөп басып айтқан. Оларды «қоғамның танымал тұлғаларына айналдыруды» қолдайтындығын жеткізген.

Бүгінде жыл сайын еліміздің жүз мыңдаған азаматтары шетелге, негізінен біздер үшін бағыт-бағдар болып келген Батыс елдеріне білім алуға, білімін жетілдіруге, түрлі іс-сапарларға, демалуға барып қайтады. Сол елге оралған азаматтарымыздың ел ішіндегі қордаланып қалған проблемалардың шешімін іздеуі, ауқатты, лайықты өмірді қалауы, талап етуі заңдылық қой. Олардың қатарында Президентіміз көтеріп отырған білім беру жүйесі, оның ішінде жоғары мектеп пен денсаулық сақтау саласы қызметкерлері де бар.

Мемлекет басшысы күнделікті өмірімізде белең ала бастаған келеңсіздіктердің жиілеу себептерін терең түсінеді. 2025 жылға дейінгі ел дамуының стратегиялық жоспарында көрсетілгендей, экономика мен әлеуметтік саладағы жүйелі реформаларды жүзеге асырудың бір шарты – адам капиталы болса, сол адам капиталын дайындауда сүбелі үлесі бар – жоғары білім беру жүйесі екендігі түсінікті. Ал ол шарттың Президент атап көрсеткендей, «Білім беру жүйесінде жүйелі шараларды қолға алмаса, онымен айналыспаса» өз деңгейінде орындалуы неғайбыл. Ол шаралар  біздің тиісті министрліктер мен ведомостволар басшылыққа алатын білім беру немесе денсаулық сақтау жүйесіндегі халықаралық стандарттарды қабылдап, қоғам өміріне толыққанды енгізбейінше мүмкін бола қоймайтындығы анық. Аталмыш стандарттар оқу бағдарламалары, оқу жүктемесі, білім алушы мен білім берушіге қойылатын түрлі талаптармен шектелмейді. Стандарттар сол білім беру немесе денсаулық саласы қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесі, өмір сүру жағдайы, әл-ауқаты, тұрмыс деңгейлері, т.б. мәселелерін де қамтиды. Осы стандарттардың да назардан тыс қалмағаны абзал.

Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибе, әрі бүгінгі күннің талабы – қашықтан оқыту мәселесін де айналып өтпеген. Президент «...қашықтан оқытудың маңызды құралдарының бірі – электронды оқу құралдары», - деп көрсеткен. Осыған қатысты біздің «әлеуметтік пәндер» кафедрасының да айтары бар. Кафедраның ПОҚ 2017 жылы «Қазақстанның қазіргі заман тарихы», ISBN 978-601-80723-4-5 (Кабдушев Б.Ж., Берлібаев Б.Т., Байдильдина С.Х.), 2019 жылы «Әлеуметтік-саяси білімдер модулі: саясаттану», ISBN 978-601-80723-1-4 (Әбдіқалық А.Ә. Байдильдина С.Х.), пәндері бойынша электронды оқу құралдарын, Қазақстанның қазіргі заман тарихының жекелеген тақырыптары бойынша видео-дәрістер (Кабдушев Б.Ж., Байдильдина С.Х.) дайындап оқу процесіне енгізіп үлгерген. Бұл шараларымыз әлі де жалғасын табады.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің «әлеуметтік пәндер» кафедрасының ұжымы мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың әлемге төнген қауіп жағдайындағы осы бір ауыр кезеңде ел ішіндегі кезек күттірмес іс-шаралармен шектелмей, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселелерді де назардан тыс қалдырмай, оларды шешу механизмдерін айқындауды тапсыруы, әрине, біздерді, қатардағы Қазақстан азаматтарын тағы бір қуантты.

Сауле Байдильдина

«Әлеуметтік пәндер» кафедрасының доценті, т.ғ.к.

Болат Кабдушев

ӘП кафедрасының меңгерушісі

Ұстаз мәртебесін арттыру – күн тәртібінде

Пандемия жағдайында жедел және мәжбүрлі түрде қашықтықтан оқытуға өту білім беру саласы қызметкерлері, әсіресе ұстаздар үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Ақпараттық инфрақұрылым дамуының, пәндердің электронды білім ресурстарымен қамтылуының және оқытушылардың оқу үдерісінде цифрлық платформалар мен сервистерді пайдалану дайындығының әртүрлі деңгейіне қарамастан, оқыту жүйесінің түбегейлі түрде қайта құрылуы қажеттілік  екенін дұрыс түсінген ұстаздар қауымы  бұл үдерісті қолдап, білім беру үдерісінің үзілмей, оқу жылының табысты аяқталуына зор үлестерін қосты.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 27 мамырдағы отырысында президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың «Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек» деген сөзі ұстаздарға бұрынғыдан да зор сенім артылып, жаңа талаптар қойылатынынан хабардар етеді.

Президент сөзінде ұстаз мамандығын тартымды ету мәселесіне де тоқталып өтті: «Тағы бір фактор – ұстаз мәртебесі. Біз олардың мәртебесін барынша арттыруымыз – оларды біздің қоғамдағы танымал және сыйлы адамдар деп тануымыз керек». Сонымен қатар, болашақ ұстаздарды дайындау ісінде де бірқатар жақсы жұмыстар атқарылатынын хабарлады.

Президенттің ұстаздар мәртебесін арттыруға тиісті назар аударуын қолдап, бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылу үшін алдымен ғылым мен білімді дамытуды мақсат етіп, Ұлы Абайдың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қасиетті өсиетін орындауға бет алдық деп түсінеміз.     

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Тіл білімдері кафедрасының меңгерушісі Төлеуп М.М.

Бүгін (27 мамыр, 2020 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн-мәжілісінде «Ұстаздар мәртебесін арттыру» жайында сөйлеген сөзіне профессор-оқытушылардың қолдау білдірген пікірлері.

ПРЕЗИДЕНТ ҰСЫНЫСЫ - ӨМІР ТАЛАБЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында болашақ педагогтарды қолдап сөйлеген сөзі, осы салада істеп жүрген барлық мамандардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Мен, студенттермен бірге 40 жылдан аса үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан маман ретінде айтарым, президенттің осы салаға қатысты талаптары (кадрларының сапасын жетілдіріп, бәсекеге қабілеттілін арттыру, технологиялық білім беруді күшейту т.б.) мен ынталандыру (студенттердің жәрдемақысын көбейту мен оқытушылардың жалақысын өсіру т.б.) мәселелерін қозғауы өмірдің бүгінгі қойып отырған нақты сұраныстарымен санасуы болып табылады.

 Педагогтар – бұлар қоғамға рухани дем берушілер ғана емес. Бүгінде, олардың әрбір жаңалықтың жаршылары екенін қазіргі көзі ашық адамдардың бәрі түсінеді. Егер, педагог сияқты киелі мамандықты арқалап жүргендер өз міндеттерін дұрыс атқармаса, немесе қанша қажырлық танытса да оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, бастаған істің бәрі құрдымға кетуі ғажап емес. Ал егер өзінің бар ғұмырын жастар тәрбиесіне арнап, бірақ оның сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүргені елеусіз қалып жатса және оны өзі оқытып жүрген шәкірттері байқаған жерде, жас ұрпақ тарапынан бұл мамандыққа деген қызығушылық қайдан болсын? Сондықтан, әлемді жайлаған биылғы короновирус әлегінен дер кезінде қорытынды шығара білген Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мамандығына көңіл бөліп қана қоймай, педагогикалық білім саласындағы қордаланған мәселелерді таяу арада шешудің жолдарын қарастыруы - педагогтардың да жауапкершілігін арттырып, өз міндеттерін барынша ұғынуға итермелейді деп ойлаймын.

 

 

Б.Т. Берлібаев

тарих ғылымдарының докторы,

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры

 

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ  ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАЙМЫЗ

Ұстаздық мамандық қоғамдағы ең қадірлі және бағалы болғанда ғана, адамзат қоғамы прогрессивтік бағытта дами алады. Өркениетті деген елдердің даму тарихына көз жүгіртсек осыны көреміз. Себебі, біріншіден, жас ұрпақты адам ретінде тәрбиелеу процесінде ұстаздың рөлі ата-анамен бір қатарда тұрады. Екіншіден, баланың бойында туа біткен дарынды, білімділікті ұстаз анықтап бағыттайды. Үшіншіден, нағыз ұстаз оқушының ойын дамытып, өнер-білімге деген қызығушылығын оята алады және арманын қанаттандыра алады. Төртіншіден, қоғамдағы барлық салалардың мамандарының біріншіден, адам болып, екіншіден, өз саласының шебер маманы болып қалыптасуы ұстаздарға тікелей байланысты. Жалпы адамзат мәдениетінің гуманистік сипатта дамуына ұстаздардың қосатын үлестерін айта берсек, адамды адам ететін де, қоғамды өркениетке жеткізетіндер де ұстаздар десек қателеспейміз. Мемлекеттің әлеуметтік дамуынан бастап, саяси-құқықтық құрылымы, адамзаттың мәдениеті мен өзара қарым-қатынасына шейінгі барлық деңгейдегі дамудың нәтижесі ұстаздардың еңбегіне тікелей байланысты.

Өйткені мемлекет басшысынан қатардағы қарапайым жұмысшыға дейін ұстаздан білім алған және тәлім-тәрбие көрген. Олай болса қоғам дамуындағы кедергілер мен кемшіліктерге ұстаздар қауымы жауапкершілікті. Диалектикалық заңдылық, немесе детерменистік шарт бойынша «не ексең, соның жемісін жейсің». Осы тұрғыдан алғанда мемлекет басышысы Қ.К. Тоқаевтың білім беру саласын дамытуға бағытталған ұсыныстарын өткір мәселе деп қабылдауымыз керек. Қазіргі заманғы Қазақстандағы бірінші кезекте тұрған және жүйелі түрде іске асуы тиіс реформа. Әсіресе карантин жағдайы енгізілген кезеңде, елдегі білім беру саласының кем-кетігі айқын көрініс берді.

Жалпы қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелердің өз шешімін табуы да осы білім саласының дамуына тәуелді. Сондықтан да білім мен ғылымның дамуына «қалдықтық принціппен» қарамай, үкіметтің батыл қадамдар жасауын қолдаймыз. Ол үшін ең алдымен «ұстаздық» мамандықтың қадірін көтеруіміз қажет. Ал нарықтық экономикада сапа мен тиімділікті арттырудың жалғыз амалы әрине моральдік және материалдық тұрғыда ынталандыру.  Сонда ғана білікті және білімді мамандар бағаланады және табиғи сұрыпталу арқылы әрбір адам қоғамда өз орнын тауып, талантын ашатын болады. Бұл мемлекеттік деңгейде іске асатын саяси-экономикалық іс-шара.

Қуаныш Мұхамеджан

   Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры 

 

Қазақстан Республикасы Президенті Қ. К. Тоқаевтың 27-мамыр 2020 ж. Халыққа үндеуі мен сөйлеген сөзіне

27.05.20 ж. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев жастардың рухани байлығы мен интеллектуалды потенциялын көтеру арқылы индустриялды қоғамның басты өндіргіш күші инженер мамандарды дайындаудағы ЖОО ролі зор екендігін атап өтті. Қоғамның адами капиталын қалыптастыруын  халықаралық стандарттар мен алдыңғы қатарлы индустиялды дамыған елдердің үлгілеріне  жүгіне отырып, қаржыландыру ЖІӨ есебінен және ол 1%  кем болмайтынын жеткізді.    Президент адами капиталды өндіруші ғылым, білім, денсулық сақтау салаларының материалды техникалық базасы мен кадрлар потенциялын зерделей келе, әсіресе ЖОО проблемаларының жоқ еместігін назардан тыс қалдырмай оқытушылардың номиналды жалақыларының мектеп мұғалімдерінікінен де кем екендігін қозғады. Жалақы алшақтығының  орнын толтыру  2025 жылға дейінгі оқу жүйесін реформалау аясында жасалатынын, яғни білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға 7 есе, оқытушылардың айлық табысы 2 есеге артатынын жеткізді. Заманауи нарық талабына сай бәсекелік қабілеті  үстем  кәсіби маманның біліктілігі мен білімділігіне тікелей әсер етуші фактор - ол ЖОО оқытушыларының біліктілігі мен оның қоғамдағы статусы, яғни оқытушы профессорлар мен доценттердің қоғамдағы беделі. Егер, Қазақстанның техникалық ЖОО бәсекелік қабілеті жоғары нарық талабына сай техникалық мамандарды жеткілікті даярлар болса шетелдерден келетін келімсек жұмысшыларға бөлінген квота 40% кеміп, экономикамыздың барлық саласында ұлттық мамандардың жұмыспен қамтылатынын  күрделі мәселе ретінде күн тәртібіне енгізді. Техникалық-инженер  мамандарды даярлау әрі еңбек нарығының сұранысына сайластырып шығару және еңбек нарығында сұранысы жоқ моральді тозығы жеткен  мамандарды даярлауды тоқтату оларды  қадағалау, реттеу ғылым-білім министрлігінің құзырына жүктеді, бұл өте орынды, дер кезінде көтерілген тың мәселе деуге  болады. Өркениетті елдер ұстанымындағы   қос дипломды жүйе мен екінші жоғарғы білім алу  жобаны индивидтердің инициативасы мен әрі өз есебінен оқуды (перемена труда) қағидасын ескере отырып ұтымды пайдалануды ұсынған, бұл индустриялды елдердің прогрессивті оқу жобасын қабылдау десе болғандай. ХХІ ғасыр білімнің, ғылымның ақпараттың жаңа технологияның өрістеу тұсы. Білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігі бұл күнде көптеген елдер үшін кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Озық ғылыми - техникасыз, инфрақұрылымсыз және кәсіби шеберлігі жоғары білімді кадрларсыз, жаһандану көшіне ілесу еш мүмкін емес. Осы мақсатта, отандық ғылым мен білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеті білім мен ғылым дамуын халықаралық деңгейге жеткізу. Осыған орай, еліміздің 10 ЖОО әлемнің 500 үздік ЖОО қатарынан ойып орын алуын тапсырма ретінде ғылым-білім министрлігіне жүктеді.    Аталмыш бәсекелік додаға АЭжБУ-да қатысып әлемнің үздік деген 500 ЖОО арасынан көрінуіне мүмкіндігінің жетіп асатындығына біздің де сеніміміз мол. Тәуекел түбі береке, нарықтағы білім беру траекторясында биіктерден көрінуге сәттілік, алға АЭжБУ.

Нұрпейіс Е.М., Ғұмарбек Даукеев атындағы

 АЭжБУ Менеджмент және кәсіпкерлік кафедрасының  доценті

  

ENERGO UNIVERSITY