Қош бол, сүйікті Энерго! Сен әрқашан біздің жүрегіміздесің! Біз Сенімен қоштаспаймыз!

Қош бол, сүйікті Энерго!  Сен әрқашан біздің жүрегіміздесің!  Біз Сенімен қоштаспаймыз!


17.07.2020 Барлық жаңалықтар


Қош бол, сүйікті Энерго!

Сен әрқашан біздің жүрегіміздесің!

Біз Сенімен қоштаспаймыз!

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемдегі көптеген адамдардың өмірі мен жоспарларына түзетулер енгізді. Мұндай түзетулер біздің университетке де әсер етпей қоймады. Алдымен оқу үдерісі қашықтан форматына ауыстырылды, содан кейін қызметкерлер мен оқытушылар қашықтықтан жұмыс түріне көшті. Жазғы емтихан сессиясы, тіпті дипломдарды қорғау  да онлайн форматта өтті.

Университет түлектері мен оқытушылары ең болмағанда соңғы аккорд - дипломдарды табыстау рәсімі университет қабырғасында болады деп үміттенді. Өкінішке орай, елдегі карантин режимі бұл арманды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Бірақ бакалавр ғылыми дәрежесін алған биылғы 730 түлекті құттықтаусыз қалдыру мүмкін емес. Университет басшылығы 2020 жылғы түлектерге диплом табыстау рәсімін онлайн форматта ғана емес, сонымен қатар оны ерекше және салтанатты түрде өткізу шешімін қабылдады.

Аз уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарылды: түлектердің тізімі, олардың фотосуреттері жиналды, GPA бойынша барлық дипломдарға салыстыру жүргізілді, салтанатты рәсімнің сценарийі мен форматы әзірленді, сұхбаттар жазылып, музыкалық сыйлықтар дайындалды. Сонымен қатар өткен жылдың түлегі Наурыз Мырзатов кәсіби жазба жасау үшін Отанымыздың астанасынан 2 күнге ұшып келсе, ал 2017 жылғы түлегіміз Азиз Сегізбаев Шамалғаннан арнайы осы рәсім үшін келді. Бірнеше күнге созылған тынымсыз еңбектің нәтижесінде ең толғанысты сәт – 2020 жылғы бакалаврларға диплом табыстау рәсімі өтті! 2020 жылғы дипломдарды табыстау рәсімі барлық көрермендердің жадында мәңгі қалатынына сенімдіміз!

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің дипломдарды табыстау рәсімі 45 жыл ішінде алғаш рет тікелей эфирде, онлайн форматта университеттің YouTube арнасында өтті. Толғанысты сәт 15 шілде күні сағат 19:00-де, режиссердің ойы бойынша түлектердің санына сәйкес кері санақпен басталды.

Дипломдарды тапсыру рәсімі университет ректоры Сауле Саветовна Сагинтаеваның құттықтау сөзімен ашылды. Ол 2020 жылғы түлектерді құттықтай отырып, біздің университетті 40 мыңнан астам маман бітіргенін, енді бұл жасақ аға буын болашақ үшін жауапкершілік эстафетасын тапсыратын 730 жас, креативті, болашаққа ұмтылған жас адамдармен толығатынын еске салды.

Әлем өзгерді, бірақ бұл жыл біздің мүмкіндіктеріміздің кеңейіп, бір-бірімізге жақын бола түскен кезең ретінде есте қалады. АЭжБУ түлектері жетістігінің негізі 45 жыл бойы жоғары оқу орнының мақтанышы болып табылатын сапалы білім мен бірегей білімге негізделген!

Университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Сергей Владимирович Коньшин, Ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Алмаз Абжалиевич Саухимов, Тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Серік Қапанович Махмутов та өздерінің ізгі, жүрек жарды тілектері мен жылы лебіздерін білдірді.

Марапаттау рәсімі басталмас бұрын түлектер төрт жылдық студенттік кезеңнің атмосферасына қайта түсу мүмкіндігіне ие болды. Көрермендер назарына 2017 жылдың түлегі Азиза Сегізбаеваның орындауындағы «Универ» музыкалық нөмірі слайд-шоу арқылы ұсынылды, слайд-шоу студенттерді қабылдау кеші, түрлі конкурстар, табиғатқа сапарлар, сенбіліктер, сабақтар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар және т.б. сияқты өткен жылдардың ең басты және қызықты оқиғаларын қамтыды.

Дипломдарды табыстау рәсімі әдеттен тыс үлгі бойынша өтті. Әдетте, біздің университетте дипломдарды табыстау рәсімі институттар бойынша (ал бұған дейін факультеттерге), кейде тіпті мамандықтар бойынша жеке-жеке өткізілетін, себебі акт залына осындай мерекеге қатысқысы келушілердің барлығын сыйғызу мүмкін емес. Бұл жолы жалпыуниверситеттік рәсім болғандықтан, институттар бойынша бөлу де шартты болады деп шешілді.

Оның үстіне, осы күні дипломдар табысталғандардың арасында ерекше түлектер де болды. Олар өздерінің жанкештілігімен, оқудағы, ғылымдағы, спорттағы және қоғамдық жұмыстардағы жетістіктерімен АЭжБУ Құрмет грамотасының иегерлері. Бұл марапаттың ерекшелігі - ол өмірде бір-ақ рет және жыл бітірушілерінің қатаң шектелген санына, жалпы түлектер санының 8-10 пайызына берілетіндігінде.

Бірінші болып тек жақсы оқып қана қоймай, өзін ғылымда, спортта, қоғамдық жұмыста көрсеткен білім алушылар есімдері аталды. Қызыл дипломмен бірге бұл түлектер университеттің Құрмет грамотасымен марапатталды. Барлық төрт институт бойынша олардың жалпы саны 27 адамды құрады.

Келесі топ - өздерін толығымен оқуға арнаған қызыл диплом иегерлері. Бұл топ үш топтың ең үлкен бөлігін құрады, оған университеттің 41 түлегі кірді.

Үшінші топ - Құрмет грамоталары мен әдеттегі үлгідегі диплом иегерлері. Осындай түлектердің жалпы саны 28 адам болды.

Және де төртінші топ - әдеттегі үлгідегі диплом иегерлері. Бұл бөлімде түлектерге әр институт директоры: ЭЭЭТИ директоры Жубаныш Сайнуллаевич Абдимуратов, ЖЭЖТИ директоры Балжан Төремашқызы Бахтияр, ҒИТКИ директоры Гани Кудайбергенович Балбаев, БЖАТИ директоры Тимур Саатдинович Картбаев құттықтау сөздерін білдіріп, ақ жол тіледі. Олардың үшеуі денсаулығына байланысты өз түлектеріне жеке тілек білдіре алмаса да, тікелей эфир арқылы өз лебіздерін жеткізді. Директорлардың тілек білдіруі мен дипломдарды табыстау бірізділігі институттардың университет құрылымындағы пайда болу кезектілігіне сәйкес келгені де қызығушылық тудырды.

Әр түлек, тіпті сырттай оқу бөлімін бітірушілер де жеке-жеке атап өтілді, әрбір бітірушінің фотосуреті, аты-жөні мен алған дәрежесі көрсетілді. Ал арнайы бағдарламаның көмегімен тіпті әрбір фото бакалавр конфедератымен безендірілді! Мұның бәрі ерекше анимациямен таңғажайып ғарыштық фонда болды. Өкінішке орай, барлық түлектердің фотосуреттері болмады, алайда ешкім  ренжімес үшін, түлектердің барлығының аттары аталды.

Ұйымдастырушылар осымен барлық рәсімді аяқтап қоймай, тағы да бірнеше тосынсыйлар дайындады. АЭжБУ студенттік өмірін дамытуға қосқан үлесі үшін «Университет мақтанышы» күміс медалінің иегері, «AUES WHYMPER» туристік клубының негізін қалаушы және 2017-2019 жылдардағы Үздік студент Томирис Шарип 2020 жылғы барлық түлектердің атынан алғыс білдірді. Өз сөзінде ол еліміздің үздік техникалық ЖОО-да алған білім мен біліктер әр түлектің болашақ жетістіктерінің берік негізі болып табылатынын атап өтті. 2019 жылдың күзінен бастап Ғұмарбек Дәукеевтің атымен аталған университеттің алғашқы түлектерінің басты міндеті - еліміздің дамуына өз үлесін қосу және өмір бойы АЭжБУ түлегі атағымен мақтану! 

Дәстүр бойынша, мереке соңында Алматы энергетикалық институтының бірінші ректоры Альберт Васильевич Болотов түлектерге сәттілік тілеп, сөз сөйледі. Ол АЭжБУ 45 жыл бойы жоғары білікті мамандарды даярлайтынын атап өтті. Ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл - гүл» жолдарын келтіре сөйлеген сөзі барлығына қатты әсер қалдырып, ой салғандай болды.

Біздің университеттің барлық студенттері мен түлектерінің бейресми әнұраны болып табылатын 2019 жылғы түлек Наурыз Мырзатовтың «Энергия мәңгіге» әні салтанатты рәсімнің ең соңғы нүктесі болды.  Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің 2020 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі осы әсерлі нотада аяқталды.

 

АЭжБУ  2020 жылғы бакалаврларын университетті бітіруімен тағы да құттықтаймыз! Сіздер үшін жаңа өмірге жаңа есік ашылды. Алған білімдеріңіз бен біліктеріңіз жұмыста және өмірде көмектессін! Ақ жол!

Осы жылғы біздің университеттің ең ерекше салтанатының керемет көрінісін  қайта немесе алғашқы рет  https://www.youtube.com/watch?v=SPsuCHqFXuE сілтемесі бойынша өту арқылы тамашалауға болады.

Сіздердің сүйікті білім ордаңыз –

 Ғұмарбек Дәукеев атындағы

Алматы энергетика және байланыс университеті

 

ENERGO UNIVERSITY