01.09.2020 Барлық жаңалықтар
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ БҮГІНГІ «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢДЕРІ» АТТЫ ЖОЛДАУЫН ӘЛЕУМЕТТІК ПӘНДЕР КАФЕДРАСЫ ҰЖЫМЫ ТАҚЫЛАДЫ
2020 жылдың 1-қыркүйегі сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Білім күні халқына Жолдау жасап, елімізді дүниежүзілік дағдарыс жағдайында қиындықтардан шығарудың сара жолдарын көрсетіп, билікке тапсырма берді және қоғамға да жауапкершілік артты.
Мемлекет басшысының Жолдауына орай Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессор-оқытушыларының қатысуымен (1-қыркүйекте сағат 14.00-де) жаңа жағдайдағы ұжымның алдында университет көлеміндегі іс-қимылдары туралы мәселелерді талқылаған онлайн форматта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысын кафедра меңгерушісі, доцент Б.Ж. Кабдушев ашып, оқытушы-ғалымдар - тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Т. Берлібаев, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор А.Т. Мухамбедьярова, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.Ш. Мұқамеджан, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Ө. Раджапов, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Г.А. Абрахматова және т.б. өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Мемлекеттің саясатын қолдайық!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауындағы бағыттар Қазақстанды дағдарыстан қоғам болып шығарудың оңтайлы жолдары деп санаймын. Ең бастысы экономикамызды дамытуда әлі де орындалмай келген мүмкіндіктерін қолдану, жемқорлықты ауыздықтау, қаржы саласына қатаң бақылауды орнату, «халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асырудың жалғасы болатын «әділетті мемлекетте» құқықтың сақталуы турасындағы конституцияның нормалары орындалуы керектігін айтты. Азаматтық қоғамды қоғамдық кеңестер құру арқылы дамыту, Қазақстанда тұратын азаматтардың кепілді өмір-тіршілігін қамтамасыз ету, елімізге қажетті мамандықтарды абыройлы еңбек тұрғысынан бағалау, әсіресе дәрігерлерді маман ретінде сапалы дайындауға, білім беруші оқытушы-ұстаздардың еңбегін айрықша бағалауға, қарапайым еңбек адамдарының дәрежесін көтеруде мемлекеттік саясаттың өзгеруі керектігін айтты.
Мемлекет тарапынан ғылымды қолдауға Президент ерекше тоқталды, қосымша қаржыландыруғы қаражат бөлуді үкіметке тапсырма берді... Сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғап-демеу, ауыл шаруашылығымен айналысатындарға бөлінетін қаржылай қолдау бөлініп жатқандығын шегелеп айтты. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы халықтың әл-ауқатын көтеріп, бірлігін нығайтатын нық қадамдар болатыны анық.
Осы мәселелерді студент жастарға ұғындырып, жеткізуде оқытушы-профессорлар алдында үлкен міндеттер тұр. Оны жүзеге асыратын мемлекеттік биліктің қолдауымен Сіз бен Біз боламыз.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты Кабдушев Болат Жоламанұлы
Қолдаймыз әрі орындаймыз!
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнайды, биыл яғни 01.09.2020 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 59 бабына сәйкес кезекті жолдау жариялады. Ол Білім күні өткізілуі дәстүрге айналып отыр. Елімізде жер-жаhанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әліде жалғасып жатқанын айта келе, біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды, - деп бастады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы жолдауға байланысты кафедра оқытушылары өз ойларымен бөлісті. Студенттердің болашағы, қоғамға араласуы, олардың білім сапасын арттыруға, рухани тәрбие беруге, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, көп көңіл бөлу керектігі айтылды.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының аға оқытушы
Касиенова Күләш Мағзомқызы
Экономика тиімділігін арттыруға бағытталған Жолдау
Қазақстан Республикасы парламентінің 6-шы сайланған 6-шы сессиясындағы Президент Қ.К. Тоқаевтың келер жылға байланысты халыққа арнаған Жолдауы дүние жүзін COVID-19 індеті жайлаған күрделі жағдайда жарияланып отыр. Президент сөз басында, жыл басынан бергі қалыптасқан қиындықтарға қарамастан бүкіл ел болып, әсіресе дәрігерлердің жан кешті әрекеттерінің арқасында ел экономикасының тұралап қалуы мен әлеуметтік дамудың қожырауына жол берілмегенін айтып, болып жатқан шындықты халықтан жасырмау ұстанымында қыруар жұмыстар атқарылғанына тоқталды.
Бүгінгі таңда әлемдегі зерттеуші ғалымдардың болжамында короновирус індеті тағы 2 жылға созылатын көрінеді. Президент өз Жолдауында бұндай болжамдар шындыққа айналған күнде экономикалық жағынан дағдарысқа бой алдырмайтын міндеттерді белгілеп берді. Біз ол міндеттерді және олардың болашақтағы нәтижелерін өз тұрғымыздан мына төмендегідей деп білеміз:
1. Егер таяуда Жоғары президенттік Кеңес құрылып, оны тікелей бақылау Президент құзырына берілетін болса, онда Президент бүкіл жауапкешілікті өз мойнына алып, халықтың қобалжуына жол бермейтін ұстанымын білдіріп отыр деген сөз;
2. Жолдауда бұрын белгіленген мемлекеттік деңгейдегі ауқымды экономикалық жобалардың мерзімі қысқартылады делінді. Бұл тұжырым халық игілігі үшін жасалынған жобалардан мүлде бас тарту дегенді білдірмейді, оның мәнін әлемде орын алған індетті еңсерумен байланысты уақытша шешім деп түсінгеніміз дұрыс.
3. Президент «таяу жылдары мемлекеттік аппарат төңірегігде істейтіндер кезең-кезеңімен қысқартылады» десе, бұл сөзді халықты жұмыспен қамту жағын реттеуді қаперіне алып отыр деп түсінген абзал;
4. Жолдауда ірі мемлекеттік компанияларға адамдар игілігі үшін жұмыс істегенде тәккапарлық пен бюрократизмге жол берілмейді делінсе, ағымдағы үкімет аппараты «Атамекен» сияқты ұлттық палатамен басқа ірі компаниялардың жұмыстарын үйлестірудің тиімді жақтарын қарастыра білуде қабілеттілік таныта болу керек дегенді білдіреді.
5. Жолдау бойынша экономиканы халық игілігіне қарай бұрыу үшін жеке меншікті кәсіпорындардың рөлі өсетін болды. Ендеше осы шешімді, жекешелендіру арқылы мемлекет секторындағы кәсіпорындарды барынша қысқартып, оны тек халыққа қызмет ету түріне алмастыру шараларын дамытудағы шағын және орта бизнесті дамыту жолындағы ынталандыру кедергілерін жоюға бағытталған шешім ретінде қабылдағанымыз дұрыс деп түсінемін.
Берлібаев Б.Т., т.ғ.д., АЭжБУ-дегі
Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры
Бірігіп пішкен тон келте болмас
Бүгін, яғни 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақтан Республикасының президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына үндеу жолдады. Жоспарға сай белгіленген уақыт аралығында стратегиялық маңызы зор міндеттер мен мәселелерді орындауды жүзеге асыруға негізделген президентіміздің үндеуі – бүгінгі туындап отырған мәселелерді нақты талапқа сай орындауға еліміздің әр азаматының атсалыса орындауына шақырады.
Білім саласында отыз жылдан аса азды көпті қызмет жасап жүген біз үшін мектепке дейін баланы жан жақты дамытып, 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалардың білім мен тәрбие алуын жүз пайыз қамтамасыз етілуін қолға алу үшін барлық жағдайдың жасалуы, тіптен жеке кәсіпкерлердің қолдау көрсетуге тартылуының жаңа формалары мен тәсілдерінің қарастырылуы көңілге қонарлық жәйт деп білемін.
Сонымен қатар, Қазақтан Республикасының президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың ғылым саласын дамыту туралы айтқан мәселелері де қазіргі заманның талабын шешуде ең тиімді де өзекті шешімін табу қажет шара екені белгілі.
Алдағы уақытта біздің міндетімін – бірлігіміз бен біліктілігімізді нығайта отырып, білім жүйесіне қойылған бар міндетті бірауыздан орындауға атсалысуымыз керек.
Тіл білімдері кафедрасының аға оқытушысы
Байгаскина Ж.К.
Президент жолдауы - болашаққа бағдар!
Мемлекет басшысының халыққа кезекті жолдауы өзекті деген пробламаларды жан-жақты саралап, саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік реформалар жүргізудің шарттарын айқындап берді. Әрине, пандемияға байланысты қазіргі бүкіл әлемді қамтыған экономикалық қиындықтар Қазақстанды да айналып өтпейтіні белгілі. Осындай Ел басына күн туған сәтте сабырлы істер мен салиқалы саяси шешімдер өте қажет-ақ. Президенттің еліміздегі экономикалық жағдайды ескеріп, тығырықтан шығудың жолдарын көрсеткен батыл ұсыныстары халықтың ойынан шығып жатыр деп ойлаймыз. Әсіресе жергілікті орындарға саяси-экономикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндіктер беру, басшылықты тағайындаудың демократиялық принциптерін ұстану, мемлекеттік ұйымдар мен компаниялардағы шенеуніктердің санын қысқарту сияқты шұғыл тапсырмалар беруі қоғам дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз. Мемлекет басшысының, елдің көкейінде жүрген мәселелерге нақтылы тоқталып, жүйелі сыни пікірлерімен қоғам өміріндегі көлеңкелі тұстарға мән беруі өте орынды деп санаймыз. Егер көтерілген мәселелер оң шешімін тауып ретімен орындалып жатса, халықтың тұрмыс жағдайын жаңа сатыға көтеруге ешқандай кедергілер жоқ. Қазақстанның күш-қуаты, адами ресурстары, геосаяси жағдайы қарқынды экономикалық даму жолын жалғастыруына мүмкіндіктер бере алады. Сыртқы және ішкі саяси қатынастар бір бағытқа, Ел бірлігін, ұлттар ынтымақтастығын сақтап, адами игіліктерді дамытуға жұмыс істеген жағдайда біз өз мақсатымызға жетеміз. Президент Қ.К. Тоқаевтың халыққа жолдауы өз сәтінде жарияланған ізгі мақсаттағы, саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік мәні зор, ел болашағын, мемлекет қауіпсіздігін ойлаған сұңғыла шешімдер. Халқымыз, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер осы жолдауды түсіністікпен басшылыққа ала отырып, алдағы жауапты да, сындарлы кезеңде өз міндеттерін адал атқаруға, бірге жұмылып жұмыс істеулері тиіс. Сонда ғана сөз бен істің, саясат пен экономиканың, халық пен мемлекеттің үйлесімдігін көретін боламыз. Кемеңгер Абай айтқандай «Өнер алды-бірлік, ырыс алды-тірлік» деген халық мақалы өз мағанасында әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын тапса, Президент жолдауының іске асуына барлық мүмкіндіктер бар. Елінің ертеңін ойлаған Ерлері болса, Ерлерін қолдайтын халқы болса, ондай мемлекет мәңгілік жасайды. Қазақ Елінің де алар асулары, әлемге танытар жетістіктері мен жеңістері әлі алда деп сенейік отандастар. Мемлекет басшысы өз Сөзін ашық айтты халайық, ұсынылған бағдарламаны түсініп ақылмен қабылдау, сараптап ой елегінен өткізу және іс жүзіне асыру сіз бен біздің міндет! Іске сәт Қазақстандықтар!
Ғ.Ж. Дәукеев атындағы АЭжБУ-нің Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры Мухамеджан Қ.Ш.
МЕНІҢ ДЕ АЙТАРЫМ БАР!
Президенттің өткен жылғы Жолдауында халық пен билік арасындағы байланысты күшейтуге баса назар аударылды. Президенттің шенеуніктерге тұрақты диалог алаңдарын ұйымдастыру және әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жасау арқылы халықпен және бизнеспен байланыс арналарын құруды тапсыруы кездейсоқ емес еді. Осы мақсатта Президент Әкімшілігінде Мемлекет басшысының көмекшісі басқаратын өтініштерді қарау мониторингі бөлімі құрылды.
VIII-тараудағы бүгінгі хабарламада бұл мәселеге қайта оралды: «әділетті мемлекет» азаматтардың мүддесін қорғау жолында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы.
Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет.
Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет.
Сол себепті мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудың жаңа жоғары технологиялық нысандары мен әдістерінің енгізілуі де азаматтардың билікке деген сенімі деңгейін арттыруға көмектеседі. Жалпы алғанда, азаматтық процестің әлеуметтік процестердегі рөлінің күшеюі - әлемдік тенденция. Ол қазіргі заманғы мемлекеттің функционалдық сферасының тарылуында, оның кейбір функцияларын азаматтық секторға беруіне байланысты көрінеді.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасауымыз керек.
Олар әрқашан мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс.
Менің ойымша, президенттің бұл идеялары өте орынды және уақытылы естілді. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Д.С. Орынбекова
ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» АТТЫ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫН ҚОЛДАЙЫҚ!
Жолдауда ел мен қоғамның даму жағдайы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген. Сондай-ақ, өзінің нақты және мақсаттылығымен еліміздің алдағы жылдарға арналған даму бағытының негізгі басымдықтарын айқындайды. Орын алған әлемдік пандемия елімізде денсаулық сақтау, білім беру саласының, халықтың әлеуметтік қорғалуының, адам құқықтары мен мүдделерінің сақталуының жаңа деңгейге көтеріліп, сапалық жағынан жетіліп даму қажеттілігін көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік басқарудың барлық салаларын цифрландыруға көшіру – кезек күттірмейтін талап, ең негізгісі цифрлық теңсіздік мәселесін өңірлік деңгейде шешу қажет.
Жолдауда білім мен ғылым саласына қатысты маңызды мәлімдеме жасалды. Жыл сайын еліміздің ғалымдарына әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағлымдамадан өтуді және «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жас ғалымдарға мың грант бөлуді ұсынды. Президент педагогтарді әлеуметтік қолдау мәселесіне ереше назар аударды. Білім берудің әлеуетін арттыру, яғни алдағы уақытта ұстаздардың жалақысын өсіру мәселесі де жоспарлануда. «Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінеді», - деді. Педагогтардың жалақысын көтеру мен оларға деген мемлекеттің ерекше назары білім сапасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Жоғары білім беру саласының алдындағы міндет, жасампаз шығармашылық кәсіби мамандарды дайындап, еліміздің игілігіне қызмет істеуге жұмылдыру.
Азаматтардың сауаттылық деңгейі мен олардың цифрлық білімін арттыру мақсатында Үкімет үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлейтін болды. Қазіргі заман ағымында бұл құптарлық қадам деп есептеуге болады. Бұл құжатта бейресми білімнің баламалы нұсқаларын белсенді енгізуді, өзіндік оқудың нәтижесін мойындауды, кәсіби дағдыларды серфикаттау қарастырылатынын айтты. Білім саласын сынға алды. Мәселен, онлайн білім беруде нақты бір платформаның жоқтығы. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажеттігі айтылды. Дегенмен, мұндай оқыту жүйесі тарихта алғаш рет болғандықтан кемшін тұстарының болатыны анық. Президенттің тапсырмасы мен осындай аталған сын пікірлері жұмыстың ілгерілеуіне ықпал жасайтыны айқын.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек, осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деді. Бұл көзқарас бүгін өзекті», - деді Президент. Қорытынды бағыт ретінде ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін қойды. Президент атап өткендей, қазір тек жаңа тарихи дәуірдің басындамыз. Біз еліміздің болашағына және Президенттің реформалары мен бастамаларына сенеміз.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының
аға оқытушысы с.ғ.к. А.Ә.Әбдіқалық