Мерейлі ақынның дауысын жаңғыртқан кеш өткізілді

Мерейлі ақынның дауысын жаңғыртқан кеш өткізілді

10.02.2021 Барлық жаңалықтар


Мерейлі ақынның дауысын жаңғыртқан кеш өткізілді

9-шы ақпанда АЭжБУ дегі Әлеуметтік пәндер кафедрасы, Тілдер кафедрасы және «Рухани Жаңғыру» кеңсесінің онлайн-форматта ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерей тойына арналған: «Өлеңмен өрілген өмір» тақырыбында кеш өтті. Іс-шараның басты мақсаты ақиық ақынның туған күнін елеусіз қалдырмай, сол арқылы 10 жасынан өлең жазуды бастаған ерекше дарын иесінің студенттер мен оқушылардың ұлттық сезімін оята түсуге жол көрсетумен бірге, болашақ жас мамандардың ақын мұрасынан тағлым алып, алдағы өмірде оның еңбектерін дәріптей білудің дәнекері болуға тәрбиелеу.

Кештің салтанатты ашылуы ақынның өз дауысын жаңғыртумен басталды.

Небәрі 45 жыл өмір сүрген Мұқағали ақын өзін поэзияның әр қырынан тартымды тұрғыдан көрсете білсе, оның бәрі өмір мен табиғатқа деген құштарлығынан ғана емес, сондай-ақ ондай құштарлық туған жерге, ата-анасына, жан-жарына, балаларына, жора-жолдастары мен туған-туыстарға және қалың көпшілік пен қарапайым адамға деген ыстық ықылас пен шексіз сүйіспеншілігінен туындаған деп бүгінде кесіп айтуға болады. Айтулы кеште осы мағынада құттықтау сөз айтқан университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректоры - Махмутов Серік Қапанұлы, Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі доцент Болат Қабдөшев пен осы кафедраның профессоры Қуаныш Мухаметжан келген қонақтарға да өз ризашылықтарын білдірді.

Мұқағалидан кандидаттық диссертация қорғаған - Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі Әмірбекова Айгүл Байдебекқызы «Мұқағали Мақатаевтың көркемдік әлемі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мұқағалидың көпшілік біле бермейтін жыр әлеміндегі қырларын ортаға салса, белгілі қыл-қалам шебері Тоққожа Қожағұлов өз баяндамасында ақынның бейнесін оның әндерімен үйлестірудің қыр-сырларын айтып, жиналғандардың көңілінен шықты.

Негізі Мұқағали Бетховиннің әсерімен небәрі 20 жасында «Аппассионата» поэмасын жазса, бұл оның симфонияға еліктеуінен туындаған алғашқы қадамы еді (ән-әуен тұрғысынан емес әрине, өлеңмен жіліктеу болатын). Кеште Мұқағалидың осы және Моцарттың «Реквиемін» дастанға айналдырып, қағазға түсіруі, сөз өнері мен саз өнерінің қайнары, ақын мен композиторлардың шығармашылық байланысы, композиторларға жүктелген жауапкершілік, Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді жинақтаудың бүгінгі барысы, тағы да басқа мәселелер туралы өзінің ой-пікірін білдіруде композитор Бейбіт Дәлденбай ерекшеленді. Кеш барысында көптеген студенттер Мұқағалидың өлеңдерін оқыса, университеттегі «Хан тәңірі» ансамблінің жетекшісі Бауыржан Күмісбаев ақынның өлеңдері негізінде әсем ән шырқап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды.

Кештің қорытындысыда: Мұқағали бақытты ақын, өйткені оның жырын тыңдайтын, сүйіп оқитын ұрпағы бар, ендеше ол қазақ халқы барда, қазақ тілі барда мәңгілік өмір сүретін ақын, яғни «ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені» деп түйіндедік.

Кештің модераторы

Берлібаев Бақдәулет Тұрбекұлы – т.ғ.д., профессор