Алматы энергетика және байланыс университетінде Өнеркәсіптік автоматтандыру бойынша Schneider Electric құзыреттер орталығы ашылды

Алматы энергетика және байланыс университетінде Өнеркәсіптік автоматтандыру бойынша Schneider Electric құзыреттер орталығы ашылды

17.02.2021 Барлық жаңалықтар


Алматы энергетика және байланыс университетінде Өнеркәсіптік автоматтандыру бойынша Schneider Electric құзыреттер орталығы ашылды

17 ақпан күні Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Өнеркәсіптік автоматтандыру бойынша Schneider Electric құзыреттер орталығының ашылуы өтті.

Өнеркәсіптік автоматтандыру бойынша құзыреттер орталығының ашылуы Schneider Electric компаниясының – электр энергиясын басқару және автоматтандыру саласында цифрлық шешімдер ұсынудағы әлемдік көшбасшы және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) ынтымақтастығының тағы бір стратегиялық маңызды нәтижесі болды. Осы инженерлік бағыттар бойынша АЭжБУ Қазақстандағы ең табысты және беделді жоғары оқу орны болып табылады. Құзыреттілік орталығы дәл осы жерде – «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының базасында ашылатыны заңды.

 «Schneider Electric технологиялары ең заманауи технологиялар болып табылады және бүкіл әлем бойынша кәсіпорындарда жұмыс істейді және біз студенттерге университет қабырғасында олармен жұмыс істеуді үйренуге мүмкіндік беретінімізге қуаныштымыз. Біз бұл құзыреттер АЭжБУ түлектерінің еңбек нарығында қажеттілігін бірнеше есе арттырады деп сенеміз», - деп атап өтті Қазақстандағы Schneider Electric бас директоры Лев Аппаков.

Орталықтың техникалық базасы заманауи, өнеркәсіптік автоматика құралдарымен және Schneider Electric бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған бірегей зертхана болды. 12 стенд таратылған автоматтандыру жүйесінің барлық функционалдығын қамтиды, атап айтқанды өлшеу құралдарын үлгілеу, атқарушы механизмдер, бағдарламаланатын бақылауыштар және Citect SCADA диспетчерлік басқару жүйесі.

Оқу және зерттеу мақсаттарына арналған стендтер басқару міндеттерінің барлық спектрі үшін сәтті қолданылатын бақылауыштар негізінде жасалады, қашықтағы периферияны қосуға арналған арнайы модульдерге ие және кез келген автоматтандыру жүйесіне кірігудің кең коммуникациялық мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Бақылауыштар мен визуализация жүйелерін (SCADA, оператор тақтасы) жан-жақты пайдалану өнеркәсіптік желілерді қолдана отырып, автоматтандыру жүйелерін құру және мәліметтер алмасу ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.

«Schneider Electric құзыреттілік орталығын ашу АЭжБУ серіктес университетінің студенттеріне үш деңгейлі Автоматтандыру және цифрландыру жүйесінің барлық функционалын қамтитын заманауи стендтерде білім алуға мүмкіндік береді. Біз мұндай тәсіл Industry 4.0 дәуірінің жаңа сын-қатерлеріне сәйкес келетін және өнеркәсіптік нысандардағы заманауи міндеттерді шешуге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Осылайша, біз Қазақстандағы кадрлық әлеует пен кәсіби құзыреттілікті дамытуға өз үлесімізді қосамыз деп үміттенеміз», – деп түсіндірді Industrial Automation Schneider Electric департаментінің директоры Антон Цапенко.

Schneider Electric стендтері «Автоматтандыру және басқару» білім беру бағдарламасының материалдық-техникалық базасына өте сапалы қосымша болады, оның негізін әртүрлі әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған 8 оқу зертханасы құрайды. Техникалық жарақтандыруды беделді оқытушы-профессорлар құрамымен бірге Алматы энергетика және байланыс университеті қамтамасыз етеді. 2020 жылы осы бағыт бойынша грант иегерлерінің көпшілігі осы ЖОО-ны таңдады.

«Еңбек нарығының үрдістерін және әлемдік ғылым мен техника жетістіктерін ескере отырып, материалдық-техникалық базаны дамыту біздің университеттің  қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі заманғы өнеркәсіптік жабдықтар базасында инженерлік кадрларды даярлауға қойылатын талаптарға сәйкес келетін оқыту бағдарламалары жетілдірілуде. Schneider Electric құзыреттілік орталығының ашылуы біздің түлектеріміздің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз», - деп атап өтті Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Сауле Сагинтаева.

Бұл ретте, құзыреттілік орталығын құру – бұл көпжақты ынтымақтастық нәтижелерінің бірі. 2020 жылы Schneider Electric мамандары университеттің барлық мамандықтарының студенттеріне арналған вебинарлар топтамасын өткізді. 2021 жылдың қаңтар айында компания қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ жүргізетін «Автоматтандыру және басқару» кафедрасының оқытушыларына арналған «Автоматтандыру және басқару жүйелері үшін өнеркәсіптік бақылауыштарды бағдарламалау және пайдалану» біліктілігін арттыру тренингін ұйымдастырды. Ақпан-наурыз айларында бірқатар тренингтер жоспарланған, олардың нәтижелері бойынша Мәскеудегі Schneider Electric аймақтық дайындық орталығында тағылымдамадан өту үшін үміткерлер таңдалады.

Алдағы уақытта біліктілікті арттыру курстарын бірлесіп өткізу,      сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің бүкіл ел бойынша компания серіктестерінің жобаларына қатысуы көзделіп отыр. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті мен Schneider Electric компаниясы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты көздейді!

"Автоматтандыру және басқару" кафедрасы