02.03.2021 Барлық жаңалықтар
Мәнерлеп оқудың шеберлері анықталды
Қазіргі жастар бағдарламалық білімді игерумен қатар, креативті ойлауды, яғни "армандауды"үйренуі керек. Көркем әдебиет армандауға үйретеді, қиялға қанат бітіреді. Ағылшын фантаст жазушысы Н. Гайманның: "Кітап – бұл сіздің қолыңызға ұстап тұрған арманыңыз", – деп айтуы кездейсоқтық емес.
Осындай ізгі ниетпен, «Абай жолын» оқу арқылы студенттердің арманын қанаттандандыру мақсатында 2021 жылғы 15-25 ақпан аралығында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, тіл білімдері кафедрасының ұйымдастыруымен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының үздік оқырманы» атты студенттердің халықаралық конкурсының бірінші (іріктеу) туры болып өтті.
Конкурсқа Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті, Қарағанды техникалық университеті, Өзбекстанның Науаи атындағы мемлекеттік педагогикалық институты, Нөкіс мемлекеттік педагогика институты және т.б. республикамыздың жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар шетелдік жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Іріктеу турына қатысушылар «Абай жолы» роман-эпопеясынан таңдап алған үзінділерін конкурс ережесіне сай мәнерлеп оқып шықты. Қазылар алқасы үміткерлердің сөйлеу сауаттылығын, сахна мәдениеті және орындаушылық шеберліктерін ескерді.
Іріктеу нәтижесінде қазылар алқасы 47 үміткердің ішінен 25 студентті байқаудың екінші турына қатысуға жіберді. Қатысушылардың Instagram-дағы жеке парақшасына жүктелген бейнероликтерін #Uzdikoqyrmanaues, #Abaizholy хэштегі арқылы көруге болады.