02.03.2021 Барлық жаңалықтар
1-ші НАУРЫЗ «АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ» ДӘРІСТЕР ӨТКІЗІЛДІ
Елімізде 1 наурыз - «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Аталмыш күнді Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде телекоммуникация және ғарыштық инженерия, электрэнергетика және электртехника, жылуэнергетики және басқару жүйесі, ақпараттық технологиялар институттарының студенттерімен Әлеуметтік пәндер кафедрасының оқытушыларының мейрамның мән-мазмұнын баяндайтын дәрістер ұйымдастырумен атап өтті.
Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тарихи тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Бұл – Қазақстанға зорлықпен депортация жасалған ұлт өкілдерінің елімізден мекен тауып, паналап қалған, алуан түрлі нəубеттен құтқарып, ұрпағын сақтап қана қоймай өсіп-өнуіне жағдай жасаған Қазақ халқына деген шексіз алғысынан туған лебіз! Бұл күнді біздің елдегі ұлт диаспоралары мен өз отанына қайта аман-есен көшіп барған ұлттардың ұрпақтары атап өтеді! Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондықтан бұл күн империя саясатының зорлық-зомбылығынан қазақ халқының кеңпейілділігі мен гумманистік саясатының арқасында тірі қалған ұлттар мен ұлыстардың ортақ шешімімен ойластырылған «алғыс айту күні»!
Қазақ халқы қиын кезеңдерде олардың басына түскен ауырпалықты бірге көтеріп толерантты (төзімді) бола білді. Жалпы, төзімділік пен келісім елімізге тыстан келген идея емес, яғни қазақ халқына ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келетін құндылықтар. Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз», дей келіп: «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген елміз», – деген асыл ойлы сөздер төзімділік, байсалдылық елдің тұтастығына кеше де, бүгін де қызмет жасап келді. Енді ел дамуының жаңа кезеңінде де қызмет жасайды деп есептейміз.
Айнұр ӘБДІҚАЛЫҚ
ӘП кафедрасының аға оқытушысы, с.ғ.к.