12.02.2020 Барлық жаңалықтар
2020 жылдың 6 ақпанында Бостандық ауданы әкімінің халық алдындағы төртінші есеп беру кездесуі өтті. Кездесу «тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында өткізілді.
Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің үлкен, жайлы акт залында аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға университет басшылығы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мухит Азирбаев, Алматы қ. Мәслихатының депутаты К. Аршавин, аудан әкімінің орынбасарлары, қалалық және аудандық қызметтердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, АЭжБУ оқытушылары мен студенттері, аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Алтай Рахимбетов өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік-аумақтық бірліктің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, таныстырылым жасады. Баяндама барысында әкім қол жеткізілген көрсеткіштер, қала тұрғындарының бұрын айтылған мәселелері қалай шешіліп жатқаны туралы, сондай-ақ алдағы жылға арналған жұмыс келешегін атап өтті. Кездесу барысында қатысушылар аудан басшысына сұрақтарын қойды. Тұрғындардан аулаларды көріктендіру, коммуналдық және инженерлік инфрақұрылым бойынша көптеген сұрақтар болды.
Кездесуден кейін де ниет білдірушілердің барлығы әкімге және әкімдік қызметкерлеріне сұрақ қоя алды. Барлық сұрақтар жазылып, бақылауға алынды.