09.03.2021 Барлық жаңалықтар
ЖАҢА ЖИНАҚТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІНЕ ҚАТЫСЫП ҚАЙТТЫ
2021 жылдың 4 наурызда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві бірлесе дайындаған «Ұзақбай Құлымбетовтың мемлекеттік қызметі архив деректерінде» атты ұжымдық жинағының тұсаукесері рәсіміне Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Кабдушев Болат Жоламанұлы қатысып қайтты.
Іс-шараны институт директоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы жүргізіп отырды. Жиында Орталық мемлекеттік архив директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева және ғылыми-ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппарат бөлімінің басшысы Гүлнәр Қаратаева, «Қожаберген батыр» қоғамдық қорының президенті, меценат, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қамқоршылар кеңесінің мүшесі Мерей Слямұлы, Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Ғылым және иновациялар жөніндегі проректоры Бекназар Рахым Ағыбайұлы, Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі т.ғ.к. Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы және Ұзақбай Құлымбетовтың қызы Қарабалина Орынша Ұзақбайқызы т.б. ғалым-қызметкерлер баяндама жасады.
Ұсынылып отырған жинақта деректік негізде кеңестік билік кезеңінде қатардағы мектеп мұғалімінен бастап республика басшылығында қызметте болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Кұлымбетовтың өмірі мен қызметі баяндалады.
Қазақ тарихына және оның көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметіне қызығушылық танытушы оқырмандар жинаққа енген құжаттардан өздерін толғандыратын талай сұрақтарға жауап таба алады. Жинақ мемлекеттік қызметкерлерге, зерттеушілерге, оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушы жалпы оқырмандар қауымына арналған.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында zoom-online платформасында өткен тұсаукесерден соң кафедра меңгерушісі Болат Жоламанұлы мекеме басшысы Зиябек Ермұханұлымен кездесіп, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетімен өзара бірлесіп жұмыс жасау жобалары туралы әңгімелесті. Алда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстанның 7 томдық тарихын жазуға қатысты кафедраның тарихшыларының ғылыми әлеуеті туралы ақпарат алмасуға, бірлескен қаржыландырылатын гранттық бірлескен жобалар жасауға, ұлт тарихының өзекті мәселелерін талқылау бойынша іс-шаралар өткізу жайлы уағдаластыққа қол жеткізді.
Капалбек КЕНЖЕБЕКОВ т.ғ.к., доцент