11.03.2021 Барлық жаңалықтар
«М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының үздік оқырманы» конкурсы шарықтау шегіне жетті
2021 жылдың 10 наурызында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының үздік оқырманы» атты Халықаралық студенттер конкурсының қорытынды туры онлайн режимінде өтті.
Іс-шара тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Махмұтов Серік Қапанұлының құттықтау сөзімен ашылды. Проректор студенттерді рухани-эстетикалық және адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеудің маңызды іс екендігін, тәрбие жастарды көркем әдебиетке баулу арқылы жүргізілсе, жеке алғанда қазақ классигі М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын оқу арқылы жүргізілсе анағұрлым нәтижелі болатындығын атап өтті. Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры Мұхамеджан Қуаныш Шәкіртұлы құттықтау сөз сөйлеп, «Үздік оқырман» атағынан үміткер конкурс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Екінші турға бірінші іріктеу кезеңінен өткен студенттер қатысты. Олардың арасында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, Ақтау қаласындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Қарағанды техникалық университетінің, Өзбекстан Республикасының Навои қаласында орналасқан Навои атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының және Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарының және шетелдік университеттердің студенттері бар.
Қорытынды турда қатысушылар өздерінің оқырмандық эрудициясын және зияткерлік деңгейін көрсетті. Соңғы турдың «Кім жылдам» атауымен өткізілген алғашқы кезеңінде байқауға қатысушылар «Абай жолы» эпопеясының мазмұны бойынша құрастырылған тест сұрақтарына жедел жауап берді. «Білім – қазына» атты екінші кезеңде студенттер роман-эпопеяның идеялық-философиялық және көркемдік-эстетикалық мазмұнына қатысты әр түрлі деңгейдегі ашық сұрақтарға нақты жауап берді. Үшінші кезең «Кіл жүйрікте кім жүйрік» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар қазақ жазушысының өмірлік-философиялық тұжырымдарына қатысты анағұрлым күрделі аудио және видео сұрақтар бойынша ойлануға мәжбүр болды. Жас ұрпақтың Абай Құнанбаев роман-эпопеясының бас кейіпкерінің бірегей тұлғасына, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығы, сондай-ақ олардың креативті ойлау және дұрыс жауап беру қабілеттері қуантты.
Үзілістерде «Абай жолынан» орыс, ағылшын және неміс тілдерінде үзінділер оқып, күй тартқан студенттер әдеби кеш бағдарламасын өз өнерімен көркемдеді. Кешіміздің соңында доцент Жекеева Кенже Омарқызы бастаған қазылар алқасы конкурстың қорытындысын шығарды: I орынды Қарағанды политехникалық университетінің студенті Айдарбекова Кәкен, II орынды Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенті Арманұлы Мирас, III орынды Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Рахат Жансая мен Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Тоқтар Бекайдар бөлісті.
Байқау жеңімпаздары грамоталармен, «Книжный город» дүкенінің сыйлық карталары түріндегі бағалы сыйлықтармен марапатталды. Навои педагогикалық институтының студенттері Утегалиева Инабат пен Нартаева Перизат «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың ең белсенді қатысушылары АЭжБУ логотипі бар кәдесыйлар мен сертификаттарға ие болды.
Тіл білімдері кафедрасының меңгерушісі, доцент Төлеуп Мейрімкүл Мұхамедиярқызы қорытынды сөзінде жас ұрпақ «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуды өзінің парызы деп санауы тиіс екенін атап өтіп, әдеби конкурстың барлық қатысушылары мен қонақтарына шын жүректен алғысын білдірді. Әрине, бұл іс-шараның мақсаты тек эрудиттерді анықтау және «үздік оқырмандарды» ынталандыру ғана емес, сонымен қатар жастарды көркем шығармалардың, оның ішінде «Абай жолы» роман-эпопеясының мәңгілік құндылық екендігіне иландыру болды.
Қанат Әжиев
Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ
Тіл білімдері кафедрасының доценті