25.03.2021 Барлық жаңалықтар
ЖОШЫ МЕН БАТУ ХАНДАРДЫ СӨЙЛЕТКЕН «ҚОЖА»
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері, философ-ғалым, жазушы, кинодраматург, халықаралық кинофестивальдарда көрсетілген көркем фильмдері 7 мәрте Гран-При сыйлықтарын иеленген, әйгілі «Менің атым Қожа» фильмінде негізгі кейіпкерді сомдаушы Нұрлан Санжар қонақта болып, кітаптарын сыйға тартты.
Жақында Нұрлан Санжардың «Меломан» баспасынан орыс тілінде «Нежданный гость Джучи» және «Бату-хан» атты тарихи романдары жарыққа шықты. Автордың жазушылық қыры 2008 жылы «Ангелочек атты повесімен танылып, оқырманы мен жалпы әдебиет әлемінде жоғары баға алған еді.
2020 жылдың 5 маусымында Жошы туралы тарихи туындысы жарық көргенде жаңалығымен бөлісуге университетіміздің профессор-оқытушылар қауымы және студент жастарымен кездесу-сұхбатқа шақырған болатынбыз. Тарихи тақырыпқа ат басын бұруын: «шежірені тарату дәстүрі көшпелілер ұрпақтарының қанында болғандықтан ба, әйтеуір ұлттық намысым да ойнап, шынайы төл тарихымызды білуге қатты құмарттым» - деген еді. Жошының Ұлы дала төсінде жауынгершілікпен өткен саналы ғұмырын баянды етуге көп ізденгені аян. Кино қойылымы ретінде жобалаған сценариі біртіндеп тарихи романға айналғанын білдік. Жұмыстың заңды жалғасы Жошының мұрагері Бату-ханға ұласты. Байқағанымыздай, «қазбалай берсеңіз, Ақ-Орда және Көк-Орданың негізін қалаушылар Ежен мен Шайбан хандарға да соқпай қоймайсыз» - деп әзілдеп едік. Шыңғысханның үлкен ұлының еншісі (енжу) Ұлы Ұлыстың (Алтын Орда) тарихына қызығушылығы ыждаһаттылықпен көптеген тарихи зерттеулер мен ескерткіштерді зерделеуге еліктіре берді. Ары-бері сыналанған құнды әдебиеттер тізімі 40 беттен асыпты. Романның жалпы желісі мен басты оқиғалары пісіп жетілген шақта жазуға отырғанын айтады. Міне сол еңбектің жемісі қатталып баспадан буы кеппеген қос кітабын Нұрлан Санжар біздің ұжымды құрметтеп, университетімізде өз оқырмандарын табады деген ниетпен кітапханаға және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне тарту етіп отыр.
Автордың былтырдан бері жоспарланған кітаптарының тұсаукесері пандемияға байланысты шегеріліп келе жатқанын да білеміз. Ақжарқын ағамыздың ойында жүрген іс-шараға мені де модератордың бірі болу ұсынысына қапелімде қарсы ештеңе айта алмадым. Қадірлі мейманымызға 2 желтоқсан 2014 жылы «Парасат» клубының «құрметті мүшесі» болғанын дәйектейтін суреттері мен қолтаңбасы бар университетіміздің 45 жылдығына арналған «Парасат» клубының шығармашылық жолы» атты кітап-альбомымызды ескерткіш ретінде ұсындық. Сол шығармашылық кештен «орамал тон болмайды, жол болады» деп сыйға алған портфельді ұжымымызбен кездескен жақсы күндердің белгісі ретінде ұстап жүргенін айтқан тағы бір қарапайымдылығына тәнті болдық. Арнайы келіп университет ұжымына ықыласын білдірген абзал жанға ризашылықпен денсаулық тілеп, шығармашылықпен жақсы күндерде амандықпен жолығуға жазсын деп алғысымызды жаудырдық.
Болат КАБДУШЕВ
ӘП кафедрасының меңгерушісі
«Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінің жетекшісі