Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Жасын-тағдыр жарқылы» атты әдеби кеш

Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған «Жасын-тағдыр жарқылы» атты әдеби кеш

04.05.2021 Барлық жаңалықтар


Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – заманының жан-жақты білгір ғалымы, батыл саяхатшысы. Ол – қазақтың тарихын, этнографиясын және әдебиетін тұңғыш зерттеуші. Шоқан қазақ пен қырғыздың әдебиет теориясы мен фольклоры туралы алғаш рет ғылыми пікір айтып, зерттеу еңбектер жазған әдебиетші. Сондықтан Шоқан – қазақтың демократтық сынын бастаушы, кезіндегі ілгерішіл дәстүр мен әдебиеттану ғылымын негіздеуші, публицист жазушы. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетін орыс жұртшылығына алғаш танытушы.

Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыс географиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Николай Иванович Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей, ұлттық тіліміз бен әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымызды дәріптеу мақсатында 30. 04. 2021 ж. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Тіл білімдері кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен 1-курстың эдвайзерлік топтарында жоспар бойынша Шоқанның 185 жылдық мерейтойына қатысты «Жасын-тағдыр жарқылы» атты іс-шара Google Meet платформасында онлайн форматта болып өтті. Іс-шара алдын ала дайындалған сценарий бойынша өткізілді.

Кешті  ЭЭк-19-21 тобының студенті Сарыбаева Гульжан жүргізді. Іс-шара басталар алдында ИСк-19-1 тобының студенті Осан Анель домбырада Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Содан кейінгі кезекте Тіл білімдері кафедрасының аға оқытушысы И. К. Изембаева  алғысөзбен кешті ашып берді.

Іс-шара ПСк-20-3 тобының студенті Абдрахманова Аружанның «Шоқанның балалық шағы мен жастық шағы» баяндамасынан басталды. Баяндамашы Шоқанның ғылыми көзқарастарының қалыптасуына белсенді ықпал еткен ғалымның туған жері, тарихи тамырларымен таныстырды. Ал ПСк-20-3 тобының студенті Зкрияев Азамат 1856 жылы Ш. Уәлиханов полковник М. М. Хоментовскийдің басшылығымен Ыстықкөлге ірі әскери-ғылыми экспедицияға қатысқан сапары туралы баяндаса, ЭЭк-19-14 тобынан Жәлелова Перизат Шоқанның Қашқарияға сапары жөнінен мәлімет келтірілген баяндамаларын оқыды. Кеш соңында студенттер Шоқан өмірі мен шығармашылығын байланыстыра отырып, қазақ ғылымының дамуы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. 

Іс-шараны Тіл білімдері кафедрасының доценті Ғ. Ғ. Шәрібжанова мемлекетіміз дамыған елдердің қатарына кіру үшін жастардың білім-ғылымға ден қоюының маңызы бар екенін айтып, қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлиханов сынды бірегей тұлғалардан үлгі алуға шақырған қорытынды сөзімен аяқтады.