31.05.2021 Барлық жаңалықтар
Жыл сайын Тәуелсіз Қазақстан Республикасында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ретінде аталып өтіледі. 2020 жылдың 30-мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай халқына мәлімдеме жасап, 1993 жылы басталған жұмысты аяғына жеткізу үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысын жүргізетін МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯ құру жөнінде тапсырма берген болатын. 2021 жылдың 5 қаңтарында Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атпен жарияланған мақаласында: «Қазақстан тарихының кеңестік дәуірінде «миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», – деп мәселеге ерекше тоқталып, аштықтан қаза болғандар санын анықтау жөнінде қосымша тапсырмалар жүктеді. Сол тапсырмаларды орындау аясында барлық облыстарда комиссиялар құрылып, бірнеше бағыттағы жұмыс топтары қызу қызметін бастап кетті.
Биыл қазақ халқына ауыр апат әкелген нәубеттер - 1921-22 жж. АШТЫҒЫНА 100 жыл, 1931-33 жж. АШТЫҚТЫҢ болғанына 90 жыл өтті. Бұл кеңес билігінің жүргізген саясатының нәтижесі. Әуелі халыққа ет-астық салығын, оған қосымша небір алым-салықтарды ойлап тауып науқандар ұйымдастырды, орындамағандарды аяусыз жазалады. Байлардың малдарын түгелдей тәркілеп, ауқатты шаруашылықтарды тып-типыл жойды. Содан кейін қарапайым шаруалардың малдарын тартып алып аштан қырды. Ақыр соңы бас көтерер бүтін ұлттық зиялы қауымын «халық жауы» ретінде өз халқына қарсы қойып, түрмеге қамады, мықтыларының көзін жойды. Бұл жөнінде Президентіміз де «елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, соған сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарының осыншалықты орасан көп болуына большевиктік-сталиндік биліктің біздің жерімізде Қазкрайкомның бірінші хатшысы Ф.Голощекин бастама жасаған халқымызға қарсы аса қанқұйлы жоба – «Қазақстандағы кіші Қазан» сияқты бағдарламаларды саяси сынақтар ретінде жүзеге асырғаны себеп болып» отыр деп ашық айтты.
Сондықтан комиссия алдында, жалпы зерттеушілер алдында қандай міндеттер тұр?
Біріншіден, халқымыздың мыңдап-миллиондап қырылған аштық кезеңдерінде қанша қырылғандығының нақты сандарын анықтау. Мәселе күрделі, дегенмен құпия сақтап келген архивтерді ашып, тарихшыларға жағдай жасайтын болса ол жұмысты белгілі бір деңгейде жүзеге асыруға болатындығына сенімдіміз.
Екіншіден, халқымыз елімізде жүргізілген түрлі науқандардан қасірет шекті. Әр салада жұмыс жасайтын мыңдаған қарапайым еңбек адамдары зардабын тартты. Олардың көпшілігі кеңестік құрылыстың таптық идеясына сәйкес келмейтіндер, оларды бірден жау ретінде жазалап жоюға кірісті. Шаруашылық тұрғыдан алатын болса, жаппай ашықтан-ашық байларды жою науқаны 1928 жылдың күзінде екі ай ішінде мыңнан астам бай шаруашылықтарының малдарын тәркіледі, үрім-бұтағымен жер аударды. Кейін орташаларға кірісті. Аяғы қайғылы 1931-33 жж. аштықпен аяқталғаны белгілі. Сондай-ақ кеңеске жат элементтерді жаппай жою саясаты жүрді. Олар дін өкілдері, баяғы би-болыстар, хан тұқымдары, ақ-патша тұсында қызметте болғандар сияқтылардың барлығы қысымшылық көрді, елден аластатылды, сотталды, т.б.
Үшіншіден, жекеленген қазақтың нағыз рухани қоры саналатын элитамыз жаппай жойылып кетті. Ол бірінші кезекте елге жан-тәнімен қызмет жасаған деген Алаш қайраткерлері. Ең алғаш оларға қарсы ірі сот процесі 1930 жылы өтіп, 33 адам түрлі мерзімге сотталып, 5-уі ату жазасына кесілді. Ал, оларды жаппай жою науқаны 1937-38 жылдары басталды. Ресми деректермен келтіргенде 104 мың адам сотталып, оның 20-25 мыңы атылды.
Қазір қоғамды толғандырып отырғаны, қырылған қазақтың саны қанша деген мәселе. ХХ ғасырдың ортасына дейін ҚАЗАҚ халқының басына түскен ірі қасіреттерінен әр-түрлі деректер бойынша: 1921-22 жж. аштығынан 1 млн 800 мың адам, 1931-33 жж. аштығынан 2 млн 400 мыңға дейін халқымыз шығынға ұшырады десек, соңғы мәліметтер негізінде 1937-38 жылдардың жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 118 мыңға жетіп, олардың 25 мыңы атылып кетті дейтіндер де бар.
Информ бюро сайты жинақтап жариялаған мәліметтер де ой саларлық, ғылыми тұжырым жасау тарихшы ғалымдардың еншісінде. Олар былай дейді:
«Жалпы қырылған қазақтың саны қанша? Босқындар ше?
Жалпы мәліметтерді жинақтағанда:
1916–1918: 1,5-2 млн. Босып кеткендер: 300 000-1 млн (Ашаршылық)
1919–1923: 1,7-2,3 млн. Босып кеткендер: 2-2,5 млн. (Ашаршылық)
1929–1933: 1,8-2,4 млн. Босып кеткендер: 2-3 млн. (Ашаршылық)
1937–1940: 50 мың. Сүргінге кеткендер: 70-80 мың (Қуғын-сүргін)
1941–1945: 300 мың. Оралмағандар: 600 мың. (Ұлы отан соғысы)
1979–1989: 782. Хабарсыз кеткендер: 21. (Ауған соғысы)
1986: сотталғандар100, қаза тапқаны 4. (Желтоқсан оқиғасы)
Жалпы: 5 350 882 -7 050 882 адам аралығында адам қырғынға ұшырады.
Босып кеткен сүргінге айдалған немесе хабарсыз кеткендер – 4 970 021 -7 180 021 аралығында. Олардың кемі жартысы оралмаған».
74 жыл Кеңестік биліктің халқымызға жасаған қылмысы шаш етектен. Ендеше кәсіби тарихшылар, қоғамтанушылар алда осы ұсынылған бағыттағы мемлекеттік жауапты жұмыстың кейбір тақырыптарына тыңнан түрен салып, сауабы мол зерттеулерді дүниеге әкеледі деген сенімдеміз. Біздің Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінен 4 тарихшы қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде Алматы қалалық комиссия жұмысы тобының мүшесі болып саналады. Бұл да біз үшін үлкен жауапты міндет деп санаймыз.
Осы қанқұйлы жылдардың азалы оқиғаларын, жазықсыз құрбан болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы. Өскелең ұрпақты өткеннің тағылымын үйрету, жаңа ілім-біліммен сусындатып келешекке тәрбиелеу әр толқын ұрпақтың міндеті.
Сондықтан ұлттық тарихымыздың қасіретті беттеріне мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлінуіне орай, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ тартқан ауыр зардаптарын ұрпақтың жадында мәңгі сақтау ТАРИХИ ЗҰЛМАТТАР КЕЗЕҢІНІҢ қайғысын бейнелейтін үшін жасалып жатқан іс-шаралар көптеп өткізуіміз керек.
Бұл шын мәнінде халқымыздың миллиондап қырылып, жазықсыз, саяси эксперименттердің құрбаны болғанын ЕСКЕ САЛАТЫН КҮН!
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Б.Ж. Кабдушев
29.05.2021 жылы Орталық ұлттық кітапханда өткен Алматы қалалық әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен 31 мамыр Еске алу күніне арналған дөңгелек үстелге қатысушылар.
Ортада: алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың баласы