Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

04.06.2021 Барлық жаңалықтар


2021 жылғы 4 маусымда Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті «А» ғимаратының фойесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу аясында ЖОО студенттері, әкімшілігі мен қызметкерлері қатысқан ҚР Мемлекеттік Әнұранының бір жолғы салтанатты орындалуы өтті.

Ел тұрғындары арасында патриотизм рухын нығайтуға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттауға бағытталған іс-шара «Менің рәміздерім – менің мақтанышым» акция-челленджі барысында – «Мен Қазақстанның патриотымын!» жалпы ұранымен өтті.

1992 жылғы 4 маусымда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойды. Ал 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

2016 жылғы 8 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу қағидалары бекітілді.

Бір ай ішінде Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті «А» ғимаратының холында орналасқан LED-экранда Мемлекеттік рәміздер туралы аудио және бейнероликтер көрсетілетін болады.