Докторантураға түсу емтихандары биыл алғаш рет электрондық форматта өтеді

Докторантураға түсу емтихандары биыл алғаш рет электрондық форматта өтеді

09.06.2021 Барлық жаңалықтар


Докторантураға түсу емтихандары 2021 жылы алғаш рет электрондық форматта өтеді. Бұл туралы "Antikor.Live" жобасы шеңберінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.

Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылы магистратураға түсу кезінде тестілеудің электрондық форматы апробациядан сәтті өткен.

"Өткен жылы магистратураға алғаш рет пилоттық режимде электрондық форматта қабылдау жүргіздік. Биыл да бұл рәсім электрондық форматта өтеді. Біз бұл механизм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою тұрғысынан өте дұрыс және тиімді екенін байқадық. Енді магистратураға қабылдау тұрақты негізде электрондық форматта жүзеге асырылады", – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов. 

Ведомство басшысы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру барлық кедергі мен тәуекелдерді жоюға әсер ететінін атап өтті.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов студенттерге шәкіртақы төлеудің жаңа жүйесін әзірлеу туралы айтып берді. Ендігі кезекте студенттер, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары олардың карта шоттарына тікелей түсетін болады деп жоспарланып отыр. Бұған дейін шәкіртақыны студенттердің үлгеріміне қарап, жоғары оқу орындарының өздері аударатын еді. Пилоттық жобаны іске асыру басталып кетті.

ҚР БҒМ материалдары бойынша // докторантураға түсу емтихандары алғаш рет 2021 жылы электрондық форматта өтеді / / Автор: ҚР БҒМ - 2021 - 09 маусым