22.07.2021 Барлық жаңалықтар
АлЭС: қосарлы оқыту – уақыт талабы
Ғ. Даукеев атындағы «АЭжБУ» КеАҚ 3-курс студенттері Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да үш апта қосарлы оқыту элементтерімен өндірістік практикадан өтті. Алматы энергетика және байланыс университеті алғашқылардың бірі болып неміс қосарлы білім беру жүйесі бойынша мамандар даярлауды енгізді: турбина жабдығы бойынша машинист-қараушы, қазандық жабдығы бойынша машинист-қараушы, химиялық талдау зертханашысы жұмыс мамандықтары бойынша жылу энергетик-студенттерін даярлау жүргізілуде.
- Мен турбинистпін. Университеттегі дәрістерде бәріміз теория жүзінде өттік. ЖЭО-да мені өндірістің ауқымдылығы таң қалдырды. Оқулықтағы сызбалар мен суреттер біз станцияда көрген шындыққа ұқсамайды. Біздің жолымыз болды, жөндеу науқаны кезінде оқудан өттік, сондықтан турбинаны ішінен зерттей алдық. Мені ротордың мөлшерлері таң қалдырды. Әрине, қазір турбинаны жұмыста көргім келеді. Қосарлы оқытудың арқасында біз өндірісті іштей көре алдық, станция жұмысшыларымен сөйлесе алдық, - деп бөлісті «Жылу энергетикасы» мамандығының 3-курс студенті Бауыржан Садинов.
Аян Жақан химия цехында практикадан өтті.
- Біз химиялық тәжірибелер жүргіздік. Кері осмос пен механикалық сүзгілерді зерттедік, әрі барлық күрделі қондырғыларды өз көзімізбен көрдік! Жаңа конденсаторлар мен ауасыздандырғыштарды көру мен үшін жаңалық болды, - деп жалғастырды Аян Жақан.
«АлЭС» АҚ мен АЭжБУ 2018 жылдан бастап қосарлы оқыту элементтерімен студенттердің өндірістік практикадан өтуі туралы шарт бойынша жұмыс істейді.
- 2020 жылы карантинге байланысты біз студенттерді қабылдай алмадық. Биыл біз балалардың 3-легін қабылдадық. Студенттердің негізгі тәлімгерлері болып компанияның тәжірибелі жұмыскерлері Айман Сатыбалдиева, химия цехының зертханашысы және энергетикада 40 жылдан астам жұмыс істеген қызметкерлерді даярлау бөлімінің оқытушылары Галина Нечепуренко мен Александр Орлов бекітілді.
Практикадан кейін балалар біліктілік емтихандарын тапсырды. Емтиханды сәтті тапсырған студенттер мемлекеттік үлгідегі жұмысшы мамандығына куәлік алды.
- Қосарлы оқыту үдерісінде балалар болашақ мамандығын жаңаша түсінеді және мамандық таңдаудың дұрыстығы туралы негізделген шешім қабылдайды. Университетті бітіргеннен кейін түлектер осында, кәсіпорында жұмысқа орналасады. Біз тұрақты серіктесіміз «АлЭС» АҚ- ға кәсіби тәсілдемесі және өндірістік практикадан өтуді ұйымдастыру бойынша сапалы жұмысы үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деп атап өтті «Ғ. Даукеев атындағы АЭжБУ» КеАҚ Жылу энергетикасы және басқару жүйелері институтының директоры Балжан Бахтияр.
Қосарлы жүйенің басты жетістігі – тығыз әлеуметтік әріптестік. 2019-2020 жылдары «АлЭС» АҚ бейінді ЖОО-ның 57 түлегін жұмысқа қабылдады.
Samruk Energy Facebook материалдары бойынша-шілде 22.