ЕКІ ЖАҚТЫ ПАЙДАЛЫ БАСҚОСУ БОЛДЫ

ЕКІ ЖАҚТЫ ПАЙДАЛЫ БАСҚОСУ БОЛДЫ


10.08.2021 Барлық жаңалықтар


Жұма күні (6.08.21) Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Сәуле Саветовна Сағынтаева Алматы қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссия құрамында жұмыс жасап жүрген университетіміздің профессор-оқытушыларымен жүздесті. Еркін ой алмасу барысында мемлекеттік маңызды шаруаның атқарылу барысы, өзекті мәселелер, жұмыстың ерекшелігі туралы әңгімелестік.    

Сіздерге түсінікті болу үшін айта кетейін, Қазақстан Республикасының Президентінің 2020 жылы 24 қарашада қабылданған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі» Жарлығын орындау мақсатында облыс орталықтарында, басты қалаларда жұмыс комиссиялары құрылған болатын. Алматы қаласы әкімінің 8 ақпанда қол қойған қаулысы негізінде қала әкімдігінің жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссия құрылып, архивтерде жұмыс жасау үшін жоғары оқу орындарының белгілі тарихшы ғалымдардан іріктелген (52 адам)  9 бағыттан тұратын жұмыс топтары жасақталды. Осы жұмыс топтарының 3-уіне біздің кафедрамыздың тарихшы-ғалымдары жетекшілік жасап отыр, атап айтсақ репрессияға ұшыраған бай-кулактарды ақтау бойынша 3-ші жұмыс тобын т.ғ.к., доцент А.Д. Утегалиева, астық-ет даярлау, ұжымдастыру бойынша 5-ші топты т.ғ.к., доцент Б.Ж. Кабдушев , діни қызметкерлерді ақтау бойынша т.ғ.к., доцент З.М. Төленова 9-шы топтың жұмысын үйлестіруде. Тағы екі профессорымыз комиссия құрамының мүшелері саналады. 

Әңгіме басында бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарды қорытындыладық: 1) Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның және республикалық комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Өткен кеңестер жұмысымыздың бағыты мен мазмұнын айқындаудағы маңызы зор болды; 2) Республикалық, қалалық және ведомствалық мұрағаттардағы құпия құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында комиссия мүшелеріне арнайы рұқсатнама ресімдеуге қол жеткіздік; 3) Республикалық, қалалық және ведомствалық мұрағаттар басшылығының комиссия жұмысына дайындығы, қойылатын талаптарымен таныстық. Комиссия мүшелерінің архив материалдармен жұмыс жасауына жан-жақты қолдау көрсету (мұрағат қызметкерлерін бөлу, арнайы бөлме әзірлеу және т.б.) мәселелері шешілді; 4) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен қуғын-сүргінге ұшырағандар, мүлкі тәркіленгендер, Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарында қамауда болғандар туралы ақпарат сұрату мәселелері оң шешімін тапты; 5) «Рухани жаңғыру» «Жобалық кеңсесі» КММ жанынан Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның «Жобалық кеңсесі» құрылып, кеңесу, есеп беру, еңбекақы төлеу мәселелері сол орталықта ретке келтірілетін болды. 

Комиссия жұмысының маңызды бағыттарының бірі қоғаммен тығыз байланыста болу десек, біздің де қосқан үлесіміз айтарлық:  

- «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» қарсаңында қалалық әкімшілік ҚР Ұлттық кітапханасында Алматының қоғамдық ұйымдарының, баспасөз өкілдерінің, қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарының басын қосқан дөңгелек үстелде Кабдушев Б.Ж., Утегалиева А.Д., Төленова З.М. баяндама жасады. Ол туралы ақпарат республикалық телеарналар, баспасөзде айтылды. 

- Алматы телеарнасының кешкі тікелей эфирінде академик Ханкелі Әбжанов және Болат Кабдушев комиссия жұмысының мақсат-міндеттері туралы жарты сағаттық сұхбат бердік.  

- «Алматы ақшамына» доцент З.М. Төленованың сұхбаты шықса, «Вечерняя Алматы» газетіне профессор А.Т. Мухамбедьярованың пікірі жарияланды. 

Қазіргі аптап ыстықта (еңбек демалысында) комиссия мүшелері архивте алаңсыз жұмыс жасауға мүмкіндік алды.  

Комиссияның әр мүшесінің ой-пікірлері мен архив құжаттарымен жұмыс жасау барысындағы әсерлерін асықпай, мұқият тыңдаған ректорымыз Сәуле Саветовна атқарылып жатқан мемлекеттік жұмыстың елімізде ашық қоғам қалыптастырудағы маңызына тоқталып, жұмыс нәтижесінің жастар тәрбиесі үшін де рөлі зор болатындығын, оған университетіміздің тарихшы ғалымдарының да айтулы үлес қосып жатқанына алғысын білдірді. Белсенді студенттерді тарихи зерттеуге баулитын үйірмелерге тарту, Алматы өңірінің шежіресін бейнелейтін көне мұралар, тарихи ескерткіштер таныстырып, насихаттау арқылы жастарды тәрбиелеу жайлы ұсыныстарын ортаға салды. Алдағы уақытта осы комиссияның жұмысының нәтижелерін студенттердің білімін тереңдетіп, ұлтжандылық сезімдерін дамыту, ұлтаралық бірлікті қалыптастыруда жан-жақты қолдануды ұсынды.  

Сәуле Саветовна университет әкімшілігі тарапынан комиссия мүшелерінің тиімді жұмыс жасауы үшін: іссапарларға шығуға; комиссия жұмысына қатынасушы профессор-оқытушылардың еңбегін рейтинг санағанда ескеруге; архивте жұмыс жасау үшін оңтайлы сабақ кестесін қарастыру сияқты жағдайлардың бәрі жасауға келісті.   

Техникалық жоғары оқу болғанына қарамастан басшымыздың қоғамдық пәндердің рөлін ерекше бағалап, тарих ғылымына деген қызығушылығына ризашылығымызды білдірдік. Екі жақты пайдалы басқосу болды.  

Фото-суретте: 1.Ұлттық кітапханада өткен дөңгелек үстелден естелік. Ортада Алаш қайраткері (Мұхамежан Тынышпаевтың баласы Шейх-Али Дәулет Мұхамеджанұлы 

2. Алматы телеарнасының тікелей эфирінен көрініс.