Алматы энергетика және байланыс университеті «Абай күніне» орай дөңгелек үстел өткізді

Алматы энергетика және байланыс университеті «Абай күніне» орай дөңгелек үстел өткізді


10.08.2021 Барлық жаңалықтар


10 тамыз «Абай күні» аясында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті «Ғылым таппай мақтанба» тақырыбында онлайн форматта дөңгелек үстел өткізді. Шараға жоғры оқу орнының ректоры, ұстаздары мен студенттері, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры, математика профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты,экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Сәуле Сағынтаева іс-шара қатысушыларын «Абай күні» мерекесімен құттықтады.

Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен күнтізбемізде 10 тамыз – «Абай күні» болып жарияланғанын атап өтті.

«Бүгін, қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың туғанына 176 жыл толды. Абай Құнанбайұлы ғұлама ғалым, ойшыл ақын, ағартушы ұстаз ретінде ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы. Ол қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін ақындық шығармаларына арқау ете білген тұлға», – деді Сәуле Сағынтаева. 

Ректор Абайдың мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналатынын жеткізді. Ол тұтас көшпелі адамзат қоғамының ойшылы болған Абайдың ұлы мұраларын алдағы ұрпақтың санасына құлыптастай құдіреттеу бүгінгі буынның борышы екеніне назар аударды. 

Осыдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжиһан Көбденова «Жастардың контендіндегі Абай үні» тақырыбында баяндама жасады.  

Ол Абай шығармаларын қазіргі жас буынға түсінікті тілге бейімдеу мәселесін көтерді. Айтуынша, Ұлы ақын өз шығармаларында қолданған кейбір араб,парсы сөздерін қазіргі жастар түсіне бермейді. Бұл орайда Гүлжиһан Көбденова sozdikqor.kz сайтына жүгініп, мұндай сөздердің мағынасын ұғынуға болатынын атап көрсетті.  

Бұдан соң Алматы технологиялық университеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі,философия ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Зәмза Қодар «Абайдың философиялық терминологиясы» тақырыбында ой өрбітті.

Ол Ұлы ақынның философиялық бағдарына назар аударып, философиялық терминдерінің мән-мағынасын түсіндіріп берді.

Содан кейін сөз алған Алматы энергетика және байланыс университеті Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қуаныш Мұхамеджан «Абай адамзат ой танымының шырақшысы» тақырыбында баяндама жасады. Ол Ұлы данышпанның сол заманға ғана емес, жалпы адамзат үшін маңызды мәселелерді қозғағанын атап өтті. Адам бойындағы асыл қасиеттерді сипаттаудағы ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Профессор Абайдың асыл мұрасы жастарға білім беру мен оларды тәрбилеу жолында ұстаздар үшін таптырмас оқу құралы болап табылатынын тілге тиек етті.

Баяндамашылардың ішінде соңғы болып сөз сөйлеген Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Альбина Жарқынқызы іс-шараны ұйымдастырған ұстаздарына алғысын айтып, онлайн дөңгелек үстел барысында көптеген керекті мағлұматтар алғанын жеткізді. Ол бала кезінен Абай Құнанбайұлының еңбектеріне қызығушылығы жоғары болғанын атап өтті.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, модератор – Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Қабдушев іс-шараның мақсаты мен маңызына тоқталып, жыл сайын «Абай күнін» атап өтуді дәстүрге айналдыруды, оқу жылының басында студенттерге Абай туралы тәрбие сағатын өткізуді, шығармашылық байқаулар мен Абай тану апталығын өткізуді ұсынды.

ENERGO UNIVERSITY