1– ҚЫРКҮЙЕК БІЛІМ КҮНІ!

1– ҚЫРКҮЙЕК БІЛІМ КҮНІ!


01.09.2021 Барлық жаңалықтар


Жаңа оқу жылы оқушылар мен оқытушылардың мектепте, колледжде, университетте білім алуы және оқыту барысында пайдалы жетістіктер мен есте қаларлық қызықты оқиғаларға толы болсын!

Білім алу және білім беру — бұл адам үшін қалаулы игілік болып табылады. «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге» — деп «жан азығы» болып табылатын ар-ұждан мен білімді бәрінен жоғары қойған Абай сөзі адам тәрбиелеудің қағидасына айналған. Қазіргі заманғы ғылыми—техникалық прогресс дәуірінде ғылым басты рухани құндылық және адам мен қоғам өміріндегі барлық мәселелерді шешудің ең тиімді құралы екені белгілі. Әлемдегі пандемияға байланысты туындап отырған қиындықтардың өзінен де тек ғылым ғана  адамзатты құтқарып қала алады. Олай болса жаһандану үрдісі адамзатқа ортақ мәселелердің барлығында халықаралық қауымдастықтың бірлесе отырып қарастыруына және тиімді жолдарын іздестіруіне мәжбүрлеуде. Біздің елімізде қазіргі әлемдік өркениеттің рухани және материалды құндылықтарын игеріп, жетілдіру жолында өз үлесін қосып жатыр. Мемлекетіміз тарапынан жастарымыздың жан-жақты білім алып, ғылыми зерттеулермен айналысуына барлық жағдай жасалынған десек те болады. Мысалы биылғы оқу жылына мемлекетіміз бакалавриат бойынша 56000 грант, ал магистратурада оқуға 13000-нан астам арнайы грант бөліп отыр. Әсіресе өндіріс саласына қажетті инженер мамандықтарына ерекше көңіл бөлінген, соның айғағы тек ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін мамандар даярлауға 7487 грант бөлінген. Одан тысқары 330 Қазақстандық жастарға шет елдердегі жетекші деген жоғары оқу орындарына түсіп оқуына мүмкіндік беріліп отыр. Бұл қамқорлық жастарымыздың өзінің қалаған және сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуына толық жағдай жасалғандығының дәлелі болып табылады.

Бүгінгі уақытта пандемияға байланысты қашықтан оқыту, білім беру саласының мамандарының алдына жаңа міндеттер жүктегені бәрімізге белгілі. Бұл мәселені шешу жолында болған субъективті және объективті кедергілер де артта қалып, қазіргі сәтте оқу орындары біраз тәжірибе жинап төселіп қалды санаймыз. Әрине, мемлекет және оқу орындары тарапынан, қашықтан оқыту барысында ең бастысы, білім берудің сапасын төмендетіп алмаудың барлық амалдары қарастырылуда. Бұл уақытша саналатын күрделі кезеңнен де қоғам болып ұйымдасқан түрде абыроймен сәтті өтеміз деп сенемін. Бүгінгі Білім күні Қазақстандық жастарды Елі мен Жерін сүюге және өнер мен білімнің биік шыңына шығуды алдарына мақсат етіп қоюларына шақырамын! Жан-жақты терең білім алып, өз ісінің шебері атанып, Отаншыл, ұлтжанды азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін!  Қазақ Елі сіздердің парасаты мен білімі жоғары деңгейдегі адам болып, Еліміздің ертеңгі болашағы берік қолда боларына сенеді!  Алға Қазақстан!

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры Қуаныш Шәкіртұлы Мухамеджан

ENERGO UNIVERSITY