«ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА…!»

«ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА…!»


19.09.2021 Барлық жаңалықтар


«ПАЙДА ОЙЛАМА, АР ОЙЛА…!» 

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті студенттері биылғы оқу жылын «Пайда ойлама, ар ойла» деген тақырыппен өткен «Академиялық адалдық сағатымен» бастады!   

«Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», деп бүкіл адамзат баласын парасаттылық пен білімін бірдей дамытуға шақырған ұлы Абайдың өсиетін басшылыққа алып, университеттің «Әлеуметтік пәндер» кафедрасының ұстаздары бірінші сабақтарын рухани құндылықтарға арнады.             Кез келген оқу ордасының табалдырығын аттап кірген жас жеткіншек арман қуып, алдына бір мақсат қойып келетіні белгілі. Білім алуға ұмтылған сол жастарға бағыт-бағдар сілтеу және қажетті біліммен сусындату ұстаздар қауымының қасиетті борышы. Биылғы жылғы, 1-ші қыркүйектегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің, Қазақстан халқына Жолдауында «Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті. Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым салаларының алдында кезек күттірмес ауқымды міндеттер тұр», деп атап айтқан болатын. Мемлекет басшысының бұл сөздері мәселенің өте өзекті екендігін дәлелдей түскендей. «Пайда ойлама, ар ойла …» деген Абай сөзімен аталған сабақтың тақырыбы айтып тұрғандай, студенттер оқу жылындағы алғашқы сабақта білім алудың негізгі мақсаты мен пайдасы туралы дана тұлғалар қалдырған дана пікірлерге сүйене отырып өз көзқарастарын ашық айтуға талаптанды. Қызықты да, күрделі және зор мәні бар тәлім-тәрбиелік сабақты, ұстаздар алдын ала дайындалған жоспар бойынша үш мәселе төңірегінде жүргізу таңдап алынды. Біріншіден, студенттер мамандық таңдаудың жауапкершілігін, ұлы тұлғалар көрсеткен мәні мен мақсатын, өмірлік маңызын түсініп, өз ойларын ашық ортаға салуға мүмкіндік алды. Расында да дұрыс және сәтті таңдалған мамандықтың адам үшін негізгі өмір сүру құралы екендігі және өзінің ішкі талап- мүмкіндіктерін еркіндікте іске асырып, осы өмірде өзін бақытты сезінуінің алғышарттарының бірі екенін өмір дәлелдеп отыр. «Бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады», - деген философ Әл-Фарабидің сөзі де тек білім арқылы адамның дамуға мүмкіндік алатынын көрсетеді.                     

Сабақта, екінші көтерілген мәселе, адамның білім алудағы басты мақсаты қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздеу. Бұл сұраққа да «Халқыңа күзетші болу үшін оқуларың керек»,- деген кемеңгер Абайдың өсиеті арқау болып  студенттер арасында қызу пікірталас туып жатты. Тек адал еңбек пен білім арқылы халқыңа қызмет етесің, басқа ұлттармен терезеңді тең ұстайсың, жұрт қатарлы мәдениетті өмір сүруге қол жеткізесің деп білім мен өнерді рухани құндылық ретінде жоғары бағалаған ақын сөзі жастардың жанарында намыс отын жағып, жігерлендіргендей. Студенттер, қазіргі Қазақстан жағдайындағы өндіріс пен өнімнің, өнер мен білімнің даму сапасы, қарқыны туралы, қоғамдағы түрлі қайшылықтар мен келеңсіз құбылыстардың себеп-салдарлары туралы да ашық пікір алмасты. Мәселені көтеріп қана қоймай, оларды тиімді шешудің жолдарын да өз көзқарастарымен түсіндіруге тырысты. Талқылау қорытындысында, білім алудың негізгі пайдасының қандай екенін тағы да сол ұлы ойшылдарымыздың рухани мұрасынан іздеп тапты. Данышпан Абайдың  «ең пайдалы білім жүректегі білім», деген пікірін түсініп және де атақты Мәшһүр Жүсіптің  «білім алудың ең бірінші пайдасы адам мінезін өзгерту» деген ойын қабылдап, ұлы бабаларымыздың дана кеңестеріне түсіністікпен бас иіп, жамырай қостап жатты. Сабақтың осындай деңгейде өтуінің өзіндік субъективті себептері де бар деп айтуға болады. Нақтылап айтсақ, біздің университетке оқуға келген жастардың көзқарас шеңбері кең және білім деңгейінің де өз замандастарынан біршама жоғары деңгейде екендігін байқауға болады, оған дәлел студенттеріміздің басым көпшілігі мемлекеттік грантты жеңіп алып оқуға түскен жастар. Егер еліміздің өндіріс, энергетика және коммуникация саласын дамыту, осы салаларға қажетті білімді инженер-мамандар даярлау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын ескерсек, бұл үрдіс, әрине, бәрімізді қатты қуантады. «Адалдық сағатында» көтерілген үшінші мәселе, ҚР Президенті Тоқаев Қ.К., үстіміздегі жылдың 1-ші қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына жолдауы. 

Жолдауда айтылған, әсіресе, білім беру мен ғылым саласындағы өзекті мәселелердің ерекше үкімет назарында болуы студенттердің көңілінен шыққандай. Олар өз сөздерінде, мектеп пен жоғары оқу орындарында өздері көріп-біліп жүрген әртүрлі мәселелерге тоқталды. Сөз соңында айтарымыз, студенттердің «Пайда ойлама, ар ойла…» атты тақырыппен өткен  «Адалдық сабағынан» алған білімдері мен тәлімдері алдағы уақытта өздеріне темірқазық болатыны сөзсіз деп санаймыз. «Ғылымды мал табу, атақ алу, мақтанға жету үшін іздесең адамшылықтан айырыласың, ал егер мал, құрмет пен даңқ сені іздеп тапса - онда ол сенің адамшылығыңа  көрік болады», деген дана Абайдың  сөзі көкіректеріне  ой салған студенттер өздеріне үлкен бір жақсы жаңалық ашқандай әсерде қалған сияқты.  «Әлеуметтік пәндер» кафедрасының барлық ұстаздары «Адалдық сабағына» ерекше дайындықпен және асқан жауапкершілікпен келгендеріне сенімдіміз. Жалпы, ұлы тұлғаларымыздың рухани мұрасына  біздің университет басшылығы әрдайым  ерекше  көңіл бөліп, арнайы іс-шаралар өткізуге жағдай жасап, оқу-тәрбие жұмысында  ұтымды пайдаланып отырады. 

Университеттің ғалым-ұстаздары өз дәрістерінде ғұлама Абайдың  терең мәні бар ой-пікірлерін мысалға келтіріп, тәрбиелік құрал ретінде тұрақты пайдаланып келеді. «Дүние де өзі, мал да өзі - ғылымға көңіл берсеңіз», - деген хакім Абайдың  сөзін ұстаздарымыз  жалаң ұран ретінде ғана уағыздап қоймай, студент жастарға терең ғылыми ізденістері және жемісті жаңалықтарымен іс жүзінде үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Бұл табысты көрсеткіштеріміз, білімді құрғақ теориямен емес, «жүрекпен берудің» айқын көрінісі. «Жүректегі білім, адамға ең пайдалы білім», деп  ұрпағына өсиет айтып кеткен ұлы ойшылдың сұңғыла пікірі біздің ұстаздарымыздың жүрегінен берік орын тепсе керек! 

 

МҰХАМЕДЖАН ҚУАНЫШ 

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры 

ENERGO UNIVERSITY