«Жүзден – жүйрік, мыңнан - тұлпар»

«Жүзден – жүйрік, мыңнан - тұлпар»


01.11.2021 Барлық жаңалықтар


Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 17 жұлдызында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы қаласы және Алматы облысының жоғары оқу орындарының студенттері арасында Қазақстан халқы тілдері күні аясында «Бар бақытым – қасиетті Отаным» атты шығармалар байқауы жарияланғанын, оған студенттерімізді қатыстыруымызды сұраған хат келген болатын.

Осы ұсынысты жерге тастамай ТБ кафедрасы әкімдік үндеуіне ықыласпен жауап берді. Өйткені бұл жасөспірімдерге салмақты ой салып, үлкен жетістіктерге бағыт сілтеп, ынтасын оятатын, серпін беретін іс-шара еді. Сонымен қатар бұл біздің студенттер үшін қаншалықты маңызды екенін түсінген Тіл білімдері кафедрасының оқытушылары 50-ге жуық тақырып берілген, әр үміткердің сөздік қоры, сөз көркемдігі, идеялық серпіні ескерілген бұл сайысқа да үлкен жауапкершілікпен қарап, студенттердің жұмыстарын талдап, тексеріп, олардың ішінен көңіл толатын жұмыстарды қуана-қуана конкурсқа жіберді.

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының кәсіби білікті мамандар құрамынан жасақталған әділқазылар алқасына барлық жоғары оқу орындарының ішінен біздің АЭжБУ студенттерінің өз жұмыстарында патриоттық сезімін, шығармашылық әлеуетін, лингвистикалық капиталын көрсеткен туындылары ұнап, олардың шешімімен 3 студентке жүлделі орындарды бергеніне өте қуаныштымыз! Атап айтқанда,  п.ғ.к., доцент Санярова Найля Смадьяровнаның жетекшілігімен ГСЭАОк-21-1 тобының студенті Давранов Аббас жүлделі 3-орын (50 000 тг ақшалай сыйлық), ПИк-21-1 тобының студенті Айтмұханова Ақмаралдың жүлделі 2-орын (60 000 тг ақшалай сыйлық) алғанын қуанышпен айтып өтеміз. Ал конкурстың ең басты сыйлығын – бас жүлдесін (гран-при) - ф.ғ.к., АЭжБУ доценті Шәріпжанова Ғалия Ғабдоллақызының жетекшілік етуімен біздің университеттің студенті ЭЭк-19-1 тобының студенті Карашина Томирис Өтешқызы (80 000 тг ақшалай сыйлық) жеңіп алғанын мақтанышпен хабарлаймыз! Бұл біз де, студенттер де риза болған өте қуанышты және шабыттандырған сәт болды. Өйткені бұл болашақта білім алушылардың осы сынды сайыстарға именбей қатысуға ынтасын оятып, күш-жігер беретініне сеніміміз мол.

Біз конкурсты ұйымдастырған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына АЭжБУ студенттерінің жұмысына әділетті қарап, адалдықпен  жоғары баға бергені үшін Алғыс білдіреміз!

Cтуденттерімізді жеңістерімен құттықтап, бұдан әрі де үлкен жетістіктерге жетіп, елін сүйер азамат болулаларын тілейміз!

Тіл білімдері кафедрасы

ENERGO UNIVERSITY