02.12.2021 Барлық жаңалықтар
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті күніне арналған «Елбасы жолы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында өтіп отырған тәрбиелік-танымдық кештің мақсаты – Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметінің өнегелі тұстарын тарата отырып, студенттердің тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру еді. Салтанатты үстелімізге профессор-оқытушылар мен студенттер офлайн және онлайн да қатыса алды.
Жиында университетіміздің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры С.Қ. Махмутов, Алматы қаласы мәслихатының депутаты А.Б. Абылкасимова, т.ғ.д., профессор Б.Т. Берлібаев, филос.ғ.к., профессор Қ.Ш. Мұхамеджан, с.ғ.д., профессор А.Т. Мухамбедьярова, филос. ғ.к., доцент Г.А. Абрахматова баяндама жасап, пікір алмасты.
Қадірлі қонағымыз Ақбөпе Бақытжанқызы Елбасының балалық шағының ғибратқа толы оқиғаларын тізбелеп: «қай істі қолға алса да көш ілгері жүретін Нұрсұлтан жастайынан алғыр, батыл, іскер, жылдам болатын. Нәтижесінде 44 жасында Кеңестер Одағының ірі шаруашылық аймағы Қазақстан үкіметінің төрағасы болу бақыты бұйырды», - деп қайраткерлік, көшбасылық қасиеттерін үлгілеп берді.
Мәслихат депутаты студенттерді белсенді болуға үндеді: «қиялшыл болыңдар, мақсат қойыңдар, күресіңдер, табыстың кілті сонда!» - деп, үкіметімізді басқаруға жүздеген, мыңдаған мықты «Aи Ти» менеджерлерге сұраныс өсе беретіндігін хабарлады.
Құттықтап сөйлегендер Елбасының ұсынған «Жеті жоба» ұсынысына тоқталып, университеттің бұл бағыттағы атқарар игі істеріне сәттілік тіледі.
Студенттер де тағылымды отырысқа қатысушы қонақтар мен ұстаздарға ыстық ықыластарын жолдады.
Отырысты қорытындылаған Болат Жоламанұлы: «Бүгінгі басқосу жастар үшін тамаша тәлім, Елбасының ел басқарудағы өмір сабақтары рухани азық», - болатынын атап, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ақбөпе Бақытжанқызына ризашылықпен «Парасат клубының шығармашылық жолы» альбом-кітабын естелікке тарту етті.
Студенттермен мәслихат депутатының сұхбаты дөңгелек үстелдің сыртында жалғасты. Жастардың салауатты өмір жайлы өтініштерін тыңдаған Ақбөпе Бақытжанқызы кез-келген талап-тілектерін жеке блогына жіберуге болатынын айтып жатты.