15.12.2021 Барлық жаңалықтар
2021 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті ұжымының салтанатты жиналысы өтті. АЭжБУ ректоры Сауле Саветовна Сагинтаева өз сөзінде: «Тәуелсіздікпен қалыптасқан ғылыми-педагогикалық дәстүр, оның ертеңі үшін де маңызды. Ұлағатты ұстаздарымыз заман көшінен қалмай, аға ұрпақтан жалғасқан асыл мұра - білім отын өшірмей, бүгінгі жастар жүрегіне жаға білген, еліміздің жоғары білім жүйесінде лайықты орны бар, университетіміздің ардақты ұжымын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!».
Дарынды студенттер қазақ халық әндерін көпшілікке ұсынып, қазақ ақындарының өлеңдерін оқыды. Одан кейін оқытушы-профессорлық құрамды министрліктер мен әріптестердің грамоталарымен, алғыс хаттарымен, төсбелгілерімен және медальдарымен марапаттау басталды. Осылайша, АЭжБУ ректорымен бірге Автоматтандыру және басқару кафедрасының меңгерушісі, доцент И. Федоренко ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды; Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор С. Махмутов «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, Телекоммуникациялар және ғарыштық инженерия институтының директоры Қ. Алипбаев ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды; Автоматтандыру және басқару кафедрасының профессоры А.Копесбаева ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Энергия үнемдеу саласына қосқан үлесі үшін» белгісімен, Электр энергетикасы және электротехника институтының директоры Ж. Абдимуратов Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» белгісімен, ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі проректор А. Саухимов Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының «Еңбегі сіңген энергетигі» құрметті атағымен марапатталды.
Студенттер де марапатсыз қалған жоқ. Дінмұхамет Ауталипов «WorldSkills-2021» халықаралық байқауының жеңімпаздарының ондығына кірді, ал АЭжБУ-дің басқа да студенттері техникалық мамандықтар бойынша жалпы республикалық олимпиадаларға қатысқаны үшін ҚР БҒМ наградаларымен марапатталды. Шара соңында АЭжБУ Әнұраны шырқалды.
Іс-шара ҚР барлық санитарлық-гигиеналық нормаларын сақтаумен өтті.