09.02.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылдың 9 ақпанында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде "АЭжБУ-дың танымал түлектері" тақырыбында онлайн форматта "Парасат" клубының кезекті отырысы өтті. Қонақта BI Group-тың табысты түлегі және Клиенттік тәжірибені цифрландыру жөніндегі директоры Кайыр Кощигулов болды. "Егер сіздер қазірден еңбектенсеңіздер, онда университетті бітіргеннен кейін лайықты жұмыс ұсынысын ала аласыздар. Курстардан өтіп, хакатондарға қатысыңыздар. Дұрыс орта мен ақылды тәлімгерлерді таңдаңыздар. Өйткені, технология әлемді тез өзгертеді. Трендтерден қалмас үшін белсенді оқып, бастамашылық танытуларыңыз керек", - деді ол студенттерге.
Отырыс барысында шетелдік және қазақстандық компаниялардың табыстылығы туралы мәселелер қозғалды. АЭжБУ түлегі Кайыр Кощигулов қазір экономиканың тұтас салалары цифрлық технологияларға көшетінін, ал бұл HR саласында сын-тегеуріндерді тудыратынын айтты. "Менде он IT-жоба бар. Қажетті кадрларды табу өте қиын болып бара жатыр. Еңбек нарығында тапшылық өте үлкен. Цифрлық процестерді жүргізу үшін мамандар қажет", - деді ол.
Студенттер қонаққа сұрақтарын қойды. "Сіздерде тәжірибеден өту мүмкіндігі бар ма? Тәжірибелер Сіздің басшылығыңызбен өтеді ме?",- деп сұрады студент Тимур Юн. Кайыр Кощигулов BI Group компаниясында тәжірибеден өту мүмкіндігін растады, сондай-ақ балаларды жұмыста көмектесетін жақсы тәлімгерлермен таныстыруға уәде берді.
"Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің жетекшісі және Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Қабдушев бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. "Біз түлегіміз Кайыр Кощигулов қонағымыз болғанына қуаныштымыз. Оның сөздері студенттерді оқуға және жаңа биіктерге жетуге шабыттандырады деп сенемін", - деді ол.