28.02.2022 Барлық жаңалықтар
Екінші семестр басталғалы офлайн оқу жанданып, қаңырап қалған аудиторияларымыз талапты жастарымызға толып, пандемияға дейінгі дәстүрлі тіршілік қыза бастады. Студенттердің бір-бірімен «тірідей» қауышып, көзбе-көз бар бітім болмысы, ашық әсерлерімен бөлісіп жатқанына кәдімгідей сүйсінеді екенсің!..
Профессор-оқытушылар қауымы да екі жылдай онлайн оқудың мәжбүрлігінен әріптестеріміздің де түр-сипатын ұмытып қалған екенбіз: амандасып, шүйіркелесіп, жаңалық сұрап, қалжыңдасатын болдық.
Кеше ғана (26.02.22) университет басшылығының ұсынысымен сенбі күнін пайдаланып, спорттық ойындардан волейбол, мини футбол, шахмат, үстел теннисі, бадминтон түрлері бойынша жарыстар (спартакиада) өткіздік.
Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеген ректорымыз Сәуле Саветовна Сағынтаева ұстаздар үшін үзіліп қалған дәстүрлі спорт секциялары жанданғанын хабарлап, тұрақты өтіп тұратын жарыстарымызға белсене қатысуға шақырды. Әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректор Махмұтов Серік Қапанұлы профессор-оқытушылар қауымы мен қызметкерлердің денсаулығын шынықтыруды ынталандыру университетіміздің басты саяси бағыттарының бірі екендігін еске салды.
Жарыстың барлық түрлері бойынша өтінім білдірген кафедралардың командалары арасындағы ойындар қызу әрі тартыста өтті. Сан жағынан көп қатынасқаны даладағы ашық алаңда мини футбол ерекше қызығушылық тудырса, жабық спорт ғимаратында волейбол ойынының қолдаушылары көп болды.
Өз басым бадминтоннан хабарым бар еді, жарыс барысында айла-тәсілдерімді қолданып, күтпеген жерден қарсыластарымның қапысын тауып ұтып кеттім...
Қай спорт ойынын алсаңыз да дайындық пен дағдылары (шыңдалған күш пен ептілік, сабырлылық, психологиялық ұстамдылық т.б.) қажет ететіндігін тағы да көзімізді жеткізді. Аптасына тым болмағанда 2 күннің 2 сағатын спорт арқылы өзімізге көңіл бөліп, денсаулығымызды күтуіміз керек екен деп бірауыздан уағдаластық.
Таңғы 9-да басталып, (арасында фуршет болды) түс ауа аяқталған жарыстардың соңында жеңгендерге марапат көрсетіліп, жүлделі орындар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Барлық жағдайымызды жан-жақты қарастырған ұйымдастырушыларға кәсіподақ комитетінің жетекшісі Нұржан Әлиге, тәрбие ісі жөніндегі департамент басшылары Абдулина Зарема Альфредовнаға, Қаби Елікбайға және жарыстарды үйлестіруші төрешілер «Әлеуметтік пәндер» кафедрасының дене шынықтыру оқытушылары Тураров Е.Ж., Головач Н.И., Ермолаев К.В., Рымкулов К.А., Катанаев А.Д., Тамарбердиев Д.С. алғысымыз шексіз.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі
Болат Кабдушев