14.04.2022 Барлық жаңалықтар
2022 жылдың 13 сәуірінде Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіндегі тіл білімдері кафедрасының ұйымдастыруымен қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қазақ тілі пәнінен «Сөздің ең ұлысы – тарих» атты тақырыппен университеттік олимпиаданың қорытынды кезеңі болып өтті.
Олимпиаданың қорытынды кезеңінде студенттер тіл, сөз, шешендік, айтыс өнерінің құдыреті, мемлекеттің тілдің рөлі туралы бейне-ролик көрсетіп, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар бойынша тест сұрақтарын шешуден жарысқа түсті. Қазақтың біртуар қайраткерінің өмір жолына, шығармашылығына жан-жақты шолу жасалды. Осылай қазақтың рухани байлығының сақталуына, насихатталуына үнемі көңіл бөліп келе жатқан энергетика, радиотехника, ақпараттық технологиялар саласының мамандарын дайындаудың көшбасшысы, Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы, тіл білімдері кафедрасы Мұхтар Әуезовтің: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын.
Бірақ зорлықпен, күшпен дегенін болдырып үйренген большевиктер бұл ақиқатты теріске шығарып, оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Оны бар ғұмырын адал қызмет етуге арнаған туған халқына жау етіп көрсетіп, «халық жауы» деген жалалы жамылғыны жауып, атқызды, атын атағандарды қуғынға салды. Бәрібір олар мақсатына жете алмады. Жала – бұлт, шындық – күн екен, заманы қайта туып, шындықтың шұғыласы өз нұрын төкті. Ұлтын сүйген ұлтжанды Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы өз халқымен қайта табысты», - деп баға бергеніндей, ұлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлының есімін тағы да бір рет асқақтатып, құрмет көрсетіп еске алып, қалдырып кеткен аманатының бір парасын орындағандай болды.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша өнері мен білімі асқан төмендегідей жеңімпаздар анықталды:
I орын – Кадиров Шакир (СИБа-21-12);
II орын – Сыздыкова Диана (РЭТ-21-8); Мырзалбек Омар (РЭТ-21-8);
Ш орын - Каргасекова Карина (СИБ-21-10); Кемельжан Жан (ЭЭа-21-1); Усманбекова Айдана (ЭЭ-21-22).
Конкурстық комиссия жеңімпаздарға мақтау қағаздарын тапсырып, олимпиадаға қатысқан, қызығушылық танытқан барлық студенттерге ризашылығын білдірді.
Осылайша, екі кезеңге созылған интеллектуалдық сайыс түріндегі олимпиада жастар арасында қазақ тілі мен әдебиетін насихаттауға және тілдік білімі жоғары студенттерді анықтауға мүмкіндік беретін оқу-танымдық және тәрбиелік маңызы бар іс-шара болды.
ТБ кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Шәрібжанова Ғалия Ғабдоллақызы