11.08.2022 Барлық жаңалықтар
ҚР Үкіметінің қаулысымен 2020 жылдан бастап 10 тамыз Абай күні болып жарияланды. Бұл күні ұлы ақын, ойшыл, музыкант және қоғам қайраткері Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі мәдени, тәрбиелік іс-шаралар Қазақстанның барлық аймақтарында өткізілуде.
2022 жылдың 10 тамызында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Тіл білімдері кафедрасы Абай күніне арнап «Абай- руханият қазығы» атты әдеби–музыкалық кеш өткізді.
Кешке Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ оқытушылары мен студенттері ғана емес, еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының, олардың ішінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Қазақстан-Ресей медициналық университеті, Қазақстан инженерлік-техникалық университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Қазақтың Ұлы ақынына арналған мерекелік кешті АЭжБУ-дің тіл білімдері кафедрасының меңгерушісі Төлеуп Мейрімкүл Мұхамедияровна ашты. Төлеуп М. М. Абайдың әлемдік маңызы бар тұлға екенін, Абайдың оқырманға өзінің ақындық сезімімен ғана әсер етіп қоймағанын, оның адамзат санасына даналық дәнін сепкен данышпан, ойшыл екенін, Абайдың гуманистік идеялары Еуропаның классикалық философиясымен үйлесіп, өріліп жатқаны, бір кезде Абайды толғандырған мәселелер қазіргі таңда да кез келген халық өкілін толғандыратынын атап өтті.
Абайдың Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығының ғылыми қызметкері Азамат Қажыбай мұражай экспозицияларын көпшілікке ұсынудың заманауи технологиялармен жаңартылғаны туралы айтып, мұражай қызметкерлері виртуалды экскурсия жүргізді.
Кешті ҚР Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайының деректану және қолжазбалар бөлімінің басшысы Жасұлан Белтенов жалғастырды. Ол «Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайы қорынан) атты ғылыми-инвентарлық каталогтың екі томын дайындау және басып шығару барысында атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Каталогқа Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» қолжазбасының түпнұсқасы, Абайдың ұлы Тұрағұл Ибраһимұлының «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» қолжазбасы, Абайдың хатшысы Мурсейіт Бөкейұлының қолжазбалары және де қазақ ақыны, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы – ақын, фольклоршы, педагог Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің қаламына тиесілі «Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша» қолжазбасы енгені туралы баяндады.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы шетелде қалай насихатталып жатқаны туралы ақпаратты кафедраның аға оқытушысы Шохаева Қарлығаш Нұрланқызы ұсынып, соңында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін домбырамен француз және қазақ тілдерінде орындады.
Кештің әдеби-музыкалық бөлімінде Амантай Саяжан (СИБк 21-5), Арон Алмас (Пи-21-2), Бақытбек Перизат (ЭАЭМк 21-3), Қыдырбаев Есбол (Аук-21-3), Қабдулханова Гүлдария (Рэтк 21-2), Шұбай Рамазан (СИБк-21-4) сияқты университетіміздің студенттері Абайдың өлеңдері мен әндерін орындады.
Абай мұрасы – келер ұрпақты рухани байлыққа бастайтын, шабыт беретін сарқылмас қазына. РЭТк 21-1 тобының студенті Жұмабек Ерғалым өзінің «Абайға арнау» атты өлеңін оқыды. Абайды әлемге танытқан М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы туралы презентациясын АУк-21-5 тобының студенті Ақерке Қуандық ұсынды.
Қазақтың ғана ақыны емес, бүкіл адамзаттың ақыны, яғни әлемдік поэзия алыптары Гете, Байрон, Шиллер, Пушкинмен қатар тұрған ғаламат тұлға болып табылатын Ұлы Абайды тануымыз халықтық, елдік борышымыз! Абайдың әрбір сөзі, өлең жолы, әрбір қара сөзі саналы, парасатты адамға көп ой салатын маңызды да мәнді қазына!
Тіл білімдері кафедрасының аға оқытушысы Даутова С.С.