ТАЛАПТЫҒА НҰР ЖАУАР

ТАЛАПТЫҒА НҰР ЖАУАР


18.08.2022 Барлық жаңалықтар


ТАЛАПТЫҒА НҰР ЖАУАР

Еліміздегі жарты ғасырға жуық инженер-энергетик және инженер-байланыс мамандарын даярлау тәжірибесі бар техникалық оқу ордасы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне 2022-2023 оқу жылына арналған грантының қорытындысы бойынша түскен талапкерлер саны 1495-і құраса, ақылы бөлімге құжат тапсырғандары 200-ден асыпты...

Биылғы үміткерлерді қабылдау барысындағы күшейтілген талапқа сәйкес бұл университетіміз үшін жақсы көрсеткіш.

Бүгінгі университетіміздің басты мақсаты - өркениетті елдер деңгейінде өскелең ұрпаққа әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сәйкес техникалық білім беріп, отандық өндірісті дамытуға ықпал жасау.

Сонымен бірге жастардың рухани байлығы мен мәдениетін, еркін ойлау қабілетін, кәсіби біліктілігі мен іскерлігін дамыту мүддесіне қызмет жасауды абыроймен атқарып келеміз.

Оқу орнын аяқтаған түлектер арасында есімдері елге әйгілі көптеген техникалық саладағы білім-ғылым және мемлекет қайраткерлері, өндіріс басшылары, көрнекті кәсіпкерлер баршылық! Олар еліміздің түкпір-түкпірінде тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық бағытта дамуына өз үлестерін қосуда.

Біздің университетіміз бүгінгі білім бәсекесіндегі озық сипаттарын сіңіре отырып, студенттерге сапалы білім беруде бар жағдайды жасауда.

Онлайн оқу кезеңінде студенттердің оқуына ыңғайлы электронды кітапхана қызметі қалыптасты.

Оқуға түскен бірінші курс студенттері оқу орнының жанында орналасқан жатақханамен толықтай қамтамасыз етіледі.

Қысқасы, барлық қажетті мәліметтерді АЭжБУ сайтына тіркеліп алсаңыздар болады.

Грант иесі атанған студенттерімізді қуаныштарымен құттықтай отырып, бұл қадамдарыңыз  биіктерге бастар баспалдақ болсын деп тілейміз!

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлы

«... ТАЛАП ҚЫЛ АРТЫҚ БІЛУГЕ»               

Білім алу және білім беру — бұл адам үшін қалаулы игілік болып табылады. «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге» — деп «жан азығы» болып табылатын ар-ұждан мен білімді бәрінен жоғары қойған Абай сөзі адам тәрбиелеудің қағидасына айналған. Қазіргі заманғы ғылыми—техникалық прогресс дәуірінде ғылым басты рухани құндылық және адам мен қоғам өміріндегі барлық мәселелерді шешудің ең тиімді құралы екені белгілі.

Әлемде тек білім мен ғылым ғана адамзатты құтқарып қала алады. Олай болса жаһандану үрдісі адамзатқа ортақ мәселелердің барлығында халықаралық қауымдастықтың бірлесе отырып қарастыруына және тиімді жолдарын іздестіруіне мәжбүрлеуде. Біздің елімізде қазіргі әлемдік өркениеттің рухани және материалды құндылықтарын игеріп, жетілдіру жолында өз үлесін қосып жатыр. Мемлекетіміз тарапынан жастарымыздың жан-жақты білім алып, ғылыми зерттеулермен айналысуына барлық жағдай жасалынған десек те болады. Мысалы биылғы оқу жылына мемлекетіміз бакалавриат бойынша 73 мыңға жуық (былтыр 56 мың) грант бөліп отыр. Әсіресе Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 17 794 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 10 810 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 9 103 грант (былтыр 7 487), «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына– 6 288 грант тиесілі. Сондай-ақ, техникалық бағыттарға ерекше назар аударылып, мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60% – ға дейін ұлғайды. Бұл қамқорлық жастарымыздың өзінің қалаған және сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуына толық жағдай жасалғандығының дәлелі болып табылады.

Бүгінгі уақытта пандемияға байланысты қашықтан оқыту, білім беру саласының мамандарының алдына жаңа міндеттер жүктегені бәрімізге белгілі. Бұл мәселені шешу жолында болған субъективті және объективті кедергілер де артта қалып, уақытша саналатын күрделі кезеңнен де қоғам болып ұйымдасқан түрде абыроймен сәтті өттік деп есептейміз.

2022-2023 оқу жылына арналған грантының қорытындысы бойынша Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіне 1 курсқа түскен студенттер саны 1495-і құраса, ақылы бөлімге құжат тапсырғандары 200-ден асыпты. Ендеше осынау Қазақстандағы жетекші техникалық университеттің студенті атанған жастарымызды құттықтай отырып, білімнің шыңына шығуды алдарына мақсат етіп қоюларына шақырамын! Жан-жақты терең білім алып, өз ісінің шебері атанып, Отаншыл, ұлтжанды азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін!  Қазақ Елі сіздердің парасаты мен білімі жоғары деңгейдегі адам болып, Еліміздің ертеңгі болашағы берік қолда боларына сенеді!

Әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры Қуаныш Шәкіртұлы Мухамеджан

ENERGO UNIVERSITY