05.09.2022 Барлық жаңалықтар
5 қыркүйек Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жасқа толған күні. Көрнекті мемлекет қайраткері, әдебиеттанушы ғалым, түрколог, публицист, педагог, аудармашы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын ЮНЕСКО аясында аталып өту жоспарланған. XX ғасырдың бірінші ширегінде, қазақ қоғамындағы толғағы жеткен күрделі де, келелі саяси-әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Ахмет Байтұрсынұлы тікелей мұрындық болды. Сондықтан да, қазақ өркениетінің бұл кезеңін «Байтұрсынов дәуірі» немесе «Байтұрсынов ғасыры» десе де болады.
Ұлт ұстазының мұрасы – ұлттық идеологиямыз!
А.Байтұрсынұлының еңбегі бүгінгі Жаңа Қазақстанға қызмет жасаудың үлгісі, мол мұрасы – ұлттың идеологиясы. Тәуелсіз ұлттық мемлекет құру, ұлт ретінде сақталып, дүниежүзілік өркениет аясында төл мәдениетін дамыту Ахаңның еңбектері мен идеяларын жүзеге асыру үшін осындай мәселе қойылуы керек».
Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қазақ жерлерін сақтау үшін, А. Байтұрсынұлы бүкіл қазақ зиялыларымен бірге одақтас мемлекет құрамында Қазақ автономиясын құру және шекаралардың құқықтық мәртебесін анықтау үшін Мәскеумен күрделі келіссөздер жүргізді. Бүгінгі 9 орындағы жер аумағымыз бар, бұл шекара сол кезеңдегі саяси қайраткерлердің келісімдері негізінде бөлінгені белгілі.
Ахмет Байтұрсынұлының көзқарастары, идеялары, құндылықтары мен қызметі алғашқы кезде патша, одан кейін Кеңес өкіметін қобалжытты. Ол бірнеше рет шабуылға ұшырады, оның саяси шешімдер қабылдауына тосқауыл болды, қызметін шектеді.
Ахмет Байтұрсынұлы бүкіл өмірін ұлт мүддесіне арнады, сол жолда қуғын-сүргін кешті. Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында өзін құрбан етті.
Ана тіліндегі оқу мәселесі
Ахмет Байтұрсынұлы: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек»,- деп мәселені айқындап қояды. Оқытқанда баланы ана тілі-қазақ тілінде оқыту керек деп санайды. Бала алдымен ана тілінде білім алып, ана тілінің ықпалымен азамат болып қалыптасуы қажеттігін көрсеткенін, соны ғылыми-педагогикалық, психологиялық тұрғыдан дұрыс деп тапқанын көреміз.
Білімнің бірінші сатысы, негізі — бастауыш мектептер. Сондықтан да бастауыш мектептер ісін жөнге қою күн тəртібінде тұрған бірінші мəселе. «Бастауыш мектеп» мақаласында ол былай деп жазады: «...бастауыш білім беруді одан әрі оқуды қалайтындар үшін қажетті білім беру сатысына айналдыру керек. Егер бастауыш мектептер қандай да бір себептермен өздерінің білім деңгейлерін жақсарту мүмкіндігінен айырылса, онда олар кем дегенде ұлттың әдеби және мәдени өмірін біле алатын біліммен қамтамасыз етілуі керек».
Ғалым дүниежүзілік жəне орыс əдебиеттану ғылымындағы жаңалықтардың бəрін жетік біліп, оны өз тəжірибесінде қолданып, насихаттады
Үлкен мемлекеттің жоспарлы саясатының құрбанына айналып кетпеу үшін Қазақ халқы өзінің халықтығын, ұлттығын жоймас қамын жасау керек деді. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ тілі бойынша оқу құралы» атты мақаласында баяндалған ойлары осы тұрғыдан қызықты: «Орыс тілінде оқығандар орыс тілінің жүйесі мен тәртібі бойынша жазуға дағдыланған. Татар тілінде оқыған адамдар татар тілінің жүйесі мен тәртібі бойынша жазуға дағдыланған. Егер сіз қазақ сөздерін алып, орыс немесе татар тілінің жүйесі мен тәртібін қолдана отырып жазсаңыз, онда бұл қазақша дұрыс шықпайды. Мұндай жағдайдан аулақ болу үшін әр халық балаларын алдымен ана тілінде оқытады, содан кейін ғана олар ана тілінің жүйесі мен заңдылықтарын біледі, бұл мәселеде белгілі бір дағдыларға ие болады және басқа тілді үйренуге көшеді. Егер біз өз тіліміздің тазалығын сақтағымыз келсе, басқа халықтар сияқты, біз де балаларымызды алдымен ана тіліне үйретуіміз керек, содан кейін ғана басқа тілге көшуіміз керек».
Ахмет «Айқап» журналының 1912 жылы төртінші санында жарияланған мақаласында балалардың тез өсіп жетілуінің бір кілті - оларды ана тілінде оқыту, ол үшін ана тілінде оқу құралдарын жазу, оны жазу үшін қазіргі қолданылып жүрген жазуымызды (араб жазуы) өз тіліміздің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіру деп жазды және айтқандарын бірінші болып өзі орындап шықты.
Қазақ әліпбиін құрастырушы.
Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық жүйелерін зерттеп, одан мектептерге арнап оқу құралдарын жазды. Бұл істердің қай-қайсылары болса да ана тілімізде жарық көрген тұңғыш туындылар болатын. Ғалымның ғылыми-әдістемелік дидактикалық көзқарастары «Баяншы», «Тіл-құрал», «Әліппе астары», «Әліпби» сияқты оқулық, оқу-әдістемелік құралдарда да кең орын алған.
Қазақтың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының халық үшін істеген игі істерінің ішіндегі ең шоқтығы биік қызметінің бірі-араб жазуына өзгерістер енгізіп қазақ әліпбиін құрастыруы. Осы арқылы халқының тез сауаттанып хат тануына оқу білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал етті. Бұл әліпби Қазақстанда 1912-1927 жылдары қолданылып, кейін Кеңес өкіметі қазақ тілін латын қарпіне көшірді. Дегенмен, ол оны шетелде тұратын миллиондаған қазақтарға пайдалануға мүмкіндік берді. Төте жазуды әлі күнге дейін Қытайда (1,3 млн), Ауғанстанда (30 мың) және Иранда (10 мың) тұратын қазақтар қолданады. 1976 жылдан бастап Байтұрсынұлы әрпімен басылған «Шалқар» газеті шығады. Оның мақсатты аудиториясы эмигранттық диаспоралардағы қазақтар болып табылады.
Түйіндей келгенде оқу-ағарту идеясына сол кезіндегі интеллигенциясы жаппай мойын бұруы Ахмет Байтұрсынов жасаған «Әліппеден» бастау алады.
Сондықтан Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде 2021 жылдан бастап қазақстандық мектептерге «Әліппе» енгізілгені кездейсоқтық емес.
«Қазақ тілі» атты ғылым саласының іргетасын қалаушы
Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі — ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі.
Ахмет Байтұрсынұлының өз өмірін арнаған ісі – бұл қазақ тілі үшін жасалған іс. Тіл әрқашан ұлт пен мемлекеттің маңызды атрибуттарының бірі болып табылады және халықтың осы жерде өсіп-өнгенінің, мемлекеттіліктің терең тарихының дәлелі болып табылады. Оның өзі бұл жөнінде былай деп жазады: «Тілін жоғалтқан жұрттың өзі де жоғалады», «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», «Өз тілінде сөйлейтін, өз тілінде жазатын ұлт ешқашан жойылмайды. Ұлттың сақталуына немесе жойылуына ықпал ететін ең күшті фактор – бұл тіл. Тілдің жоғалуымен бірге халықтың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа халықты қосқысы келетіндер, ең алдымен, осы халықтың тілін жоюға тырысады».
Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларындағы білім мəселесі
ХХ ғасырдың басында Ресейдегі қоғамдық-саяси оқиғалар ұлттық сананың өсуіне, қоғамдық ой-пікірінің əлеуметтік мəселелерге батыл араласа бастауына ықпал жасады.
Ахмет Байтұрсынов өз қоғамында шығармалары арқылы көтерген маңызды мəселе - оқу, білім, өнер тақырыбы. 1911 жылы жазған «Қазақ өкпесі» деген мақаласында: « ...Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз бəрі де надандықтың кесапаты», — деп күйіне жазып Ақаң халқын оқу-білімге, мəдениетке тартуға көп еңбек етті.
1895-1909 жылдары Ақтөбе, Қостанай және Қарқаралы уездерінің ауылдық болыстық училищелерінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, тұжырымдаған негізгі тезистерінің бірі «Оқыту туралы» еңбегінде бар: «Қазір білім беру қажеттілігі туралы ешкім дауласпайды. Өз дамуында алға ұмтылған халықтар бұған білімнің арқасында қол жеткізеді, ал артта қалу әрқашан білімнің жетіспеушілігі болып табылады. Халық қаншалықты бай болса да, терең білімсіз оның байлығын әрқашан өркениетті халықтардың қолына өтеді».
Ғалымның осындай ұлағатты сөздері қазіргі ұрпаққа, ел қамын ойлайтын азаматтарға ой салуға тиіс.
Ұлттық білім, тәрбиенің негізін қалаушы
Ахмет Байтұрсынов осы еңбектері арқылы Қазақстанда ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалады. Ол жүйенің басты элементтері мыналар:
- Ұлттық жазу жүйесі бойынша білім беру;
- Ұлттық негіздегі бағдарламалар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар;
Мектепке керек заттар;
- Мектеп ісін жандандыратын мұғалімдер мен тәрбиешілер.
Міне, осылардың негізінде қазақтың тілі, ауыз әдебиеті, мәдениеті, тарихы, әдет-ғүрып, салт-дәстүрлері туралы халықтық идеяларын мектепте оқушыларға ұлттық тәрбие беру мақсатында пайдалану жолдарын көрсетті.
Ахмет Байтұрсынов ағартушылық қызметінде халық даналығы тудырған фольклорлық мұраларды жинап, зерттеуге ерекше ден қойды.
А. Байтұрсынов мұраларын зерттегенде ғалымның қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуын көксегені, осы жолда маңызды істер тындыруға ұмтылғаны аңғарылады. Әсіресе, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ата-баба дәстүріне аса мән береді. Оны ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы ықпалды күштің бірі деп біледі.
Өзінің істеген ісін ата-баба қалдырған мұралармен салыстыра отырып, «Біздің заманымыз — өткен заманның баласы, келер заманның атасы.
Қазақстандағы академиялық ғылымның бастауы
Ахмет Байтұрсынов 1920 Кеңестік Қазақ Автономиялы Республикасының үкіметі құрылғанда бірінші Халық Ағарту комиссары болды. 1921 жылы ҚазАССР халық ағарту халық комиссариаты жанынан құрылған Республиканың академиялық орталығын басқарды. Қызметінің негізгі бағыттары: ағарту саласындағы жұмыстарды үйлестіру; сауатсыздықты жою, бастауыш, орта білім беру жөніндегі бағдарламаларды, жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалар жүйесін әзірлеу; әдебиет пен өнер саласындағы басшылық; оқу орындарына, саяси-ағарту мекемелеріне, баспа ісіне, мұрағаттарға, мұражайлар мен ғылыми-зерттеу мекемелеріне теориялық және әдістемелік көмек көрсету. А.Байтұрсынұлы академиялық орталық қазақ даласын жан-жақты зерттеу бойынша жұмыс ұйымдастырды, қазақ мектептеріне қажетті кітаптар, бағдарламалар мен оқулықтар шығаруды реттеді, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға көмектесті.
Яғни ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының іргетасы қаланды...
Қорыта айқанда, Ахмет Байтұрсынұлы есімі Қазақстанның ұлттық тарихына алтын әріппен жазылған. Еліне, ұлтына мәңгі қызмет жасайтын лайықты мұра қалдырды.
Әлеуметтік пәндер кафедрасы және
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі