Energo University және Dahua Technology білім беру экожүйесін құруға келісті

Energo University және Dahua Technology білім беру экожүйесін құруға келісті

22.11.2023 Барлық жаңалықтар


Қазақстанда белсенді ұсынылған әлемдік компаниялармен ынтымақтастық Energo University (Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) дамуының маңызды бағыты болып табылады. Мұндай қызметтің жалғасы Dahua Technology корпорациясымен әріптестік туралы меморандум жасасу болды.

Dahua Technology-өндіріс, білім беру, энергетика, көлік, қаржы және т. б. сияқты негізгі қызмет салалары үшін 180-ден астам елдер мен өңірлерде өз шешімдерін, өнімдері мен қызметтерін ұсынатын әлемдік IT-компания. Dahua штаб-пәтері Қытайда орналасқан. Компания өзінің технологиялық инновацияларымен және зерттеулер мен талдамаларға инвестицияларымен бүкіл әлемге танымал. Бұл қызметті жүзеге асыру үшін Озық технологиялар институты, Үлкен деректер институты, Орталық зерттеу институты, Киберқауіпсіздік институты және Smart қала институты құрылды.

Energo University-дің Dahua Technology-мен ынтымақтастығы үш кафедрадан тұратын Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының негізінде жүзеге асырылады: Автоматтандыру және басқару, IT-инженерия және Киберқауіпсіздік.

- Егер компания өңірде ұзақ мерзімді табыстарға қол жеткізгісі келсе, ол білім беруге инвестиция салып, білім алушылардың біздің қызметімізге деген шынайы қызығушылығын дамытуға ықпал ететін осындай экожүйені құруы тиіс, - деп атап өтті Dahua technology өңірлік президенті Чжу Тяньсинь. – Біз үшін Университетпен ынтымақтастық тек білім беруді дамыту саласында ғана емес, сонымен қатар ғылымды дамыту және бірлескен жобаларға қатысу саласында да өте маңызды.

           Energy University-де қытайлық компания білім алушылардың болашақта табысты еңбек қызметі үшін барлық қажетті құзыреттерін дамытуды көздейтін білім беру экожүйесін құруға қатысуды жоспарлап отыр.

 - Еңбек нарығының ең жоғары стандарттарына сәйкес келетін мамандарды даярлау кезінде біз ең маңызды деп санайтын құндылықтар Dahua Technology компаниясының қызметін айқындайтын құндылықтармен толық сәйкес келетініне қуаныштымын, - деп атап өтті Energo University ректоры Мұрат Сыздықов.

Ынтымақтастық туралы меморандум білім беру процесін де, ғылыми-зерттеу саласын да жетілдіру, тәжірибенің, тағылымдаманың барлық түрлерінен өтуді ұйымдастыру және Dahua кеңселеріне тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де жұмысқа орналасу үшін бірлескен қызметті көздейді.

Energo University-ге барған кезде компания өкілдері студенттерге нақты уақыттағы деректер ағындарын өңдеу және оларды smart-бейнебақылау құрылғыларына енгізу кезінде жасанды интеллект пен машиналық оқыту әдістерін қолдану тәжірибесі туралы дәріс оқыды.

- Біз Университетте National Instruments, Schneider Electric, Huawei Siemens, Apple, Honeywell, Cisco сияқты әлемге әйгілі компаниялармен бірлесе отырып құрылған автоматтандыру, ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік бойынша оқу зертханаларына қатты таң қалдық, - деді Чжу Тяньсинь қорытындысында. – Біз сондай-ақ Университетте озық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған Dahua-Академиясын және оқу зертханамызды ашуды жоспарлап отырмыз.