Мемлекет басшысының Жолдауына пікірлер

Мемлекет басшысының Жолдауына пікірлер

01.04.2020 Барлық жаңалықтар


Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуіне жауап

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жыл 31 наурыздағы халыққа жариялаған үндеуінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мемлекет тарапынан жүргізілетін аса маңызды экономикалық және әлеуметтік шараларға тоқталды. Өз сөзінде Президент «біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды»  деп атап өтті.

Әрине, елімізде қауіпті дерттің таралуына қарсы күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға 3 ай бойы қосымша үстем ақы төленуі өте уақытылы шешім. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты.

Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетін болды. Соның ішінде, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. 

Менің ойымша, қазіргі күрделі кезеңде халық үшін Президент тарапынан қарастырылған бүл шаралар  өте уақытылы және маңызды.

 Абдимуратов Жубаныш Суйнуллаевич,

Электр энергетика және электр техника институтының директоры

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің жасаған мәлімдемесі халықтың күрделі кезеңдегі мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет екендігінің тағы бір айғағы. Өршіген дерт мықты мемлекеттердің өзін есінен тандырды. Қазақстан да төтенше жағдай жариялап,  вирустың жаппай таралуына жол бермеу үшін күресуде. Осынау қиын  кезде мемлекетіміз  халықтың қолдауына зәру екендігі айтылды.

Біз үшін әр адамның өмірі қымбат. Сондықтан дәрігерлерді Президентіміздің «бүгінгі күннің батырлары» дегені қоғамға үлкен ой салады. Қоғамның қай топтары болмасын, дамудың сұранысы мен нәтижесі.  Ендеше мемлекетімізде дәрігерлер, ұстаздар, қарапайым еңбек адамдарының рөліне ұстаным, саясат өзгереді деген үміт пайда болды.

Мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражатбөлініп, 3 миллионға жуық азаматтарымызға қолдау көрсету ел тарихында болмаған жайт. Оның сыртында тұрмысқа қажетті заттар мен тегін азық-түлік миллионға жуық адамға берілмекші.

Сондай-ақ кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығымен айналысатындарға бөлінетін қаржылай қолдау мемлекет пен халықтың бірлігін нығайтатын бетбұрыс деп сенеміз! Ылайым солай болғай!

 

 Ғарыш инженериясы және телекоммуникация институтының

директоры Балбаев Ғани

ҚР Президенті Қасым-Жомарт  Кемелұлының еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдемесі барша қазақстандықтарды сабырлыққа шақырып,дүрбелең тудыруға  жол бермеуге, дәл осы уақытта халық пен мемлекет біріге отырып, жеңуге шақырды. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Елімізде олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше негізгі мәселелердің бәріне тоқталып, қажетті көмек көрсетілетіні туралы мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысы биліктің халықпен бірге екендігін, халықты ешқандай қиын жағдайға қалдырмайтыны туралы айтқанына тоқталып өтті. «Бұл – біздің мемлекетіміздің әлеуетін, мол қаражатымыз бар екенін, осындай қиын жағдайда мемлекет тарапынан көмек болатынын» көрсетеді. Президенттің «Енді мемлекетке халық көмектесуі керек» деген сөзі көңілімнен шығады. Бұл сөзді дұрыс түсінуіміз керек. Олардың қойып отырған талабы – вирустың таралып кетпеуі үшін үйден шықпай отыру. Бұл адамның құқығын, жеке басының мүддесін шектейтін талап емес. Бұл «жеке басымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалған талап».

Біз біргеміз!

Жылуэнергетика және жылутехника институтының директоры

 Бахтияр Балжан

Біз дүрбелеңге жол бермейміз, біз біргеміз!

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы, оқытушы-профессорлар құрамы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыз 2020 жылғы Мәлімдемесін халқымыз үшін үлкен сынақ болып табылатын қиын-қыстау кезеңде халықтың еңсесін көтеріп, мойымауға шақырған жақсы нышан деп қабылдады.

Университет ұжымы Мемлекет Басшысының бұл Мәлімдемесі  осы аса қауіпті де қиын кезеңде Қазақстан халқына үлкен қолдау болып, бүкіл әлемде тарап жатқан алапат індет алдындағы қорқыныш пен үрейді сейілтіп, болашаққа деген үміт пен сенімді арттырып, алға қарай нық қадам басуға көмектеседі деп сенеді.

Біз Мемлекет Басшысының коронавирус індетінің жаппай таралуын болдырмау үшін дер кезінде төтенше жағдай жариялауы және халыққа көмек көрсету үшін дағдарысқа қарсы қабылдап жатқан барлық игі шараларын қолдаймыз.

Біздің университет ұжымы да мемлекетке барынша қолдау көрсетіп, студент жастарға қашықтан сапалы да, саналы білім беруді жалғастырып, осы тың салада үлкен жетістіктерге жетуге бар күштерін аямай салатынына сендіреді.

Тіл білімдері кафедрасының аға оқытушысы Б.Н.Канленова.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31-ші наурыздағы халқымызға арналған мәлімдемесі дүйім жұрттың сүйегінен өтіп, жүрегіне жеткендей әсер алдым. Ол еліміздің жауапты бірден-бір басшысы ретінде кароновирусқа қатысты әлемдік індеттің алдын-алу қажеттігін тағы да ескертті.

Президент осы бір вируспен арпалысып жүрген медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан барынша көмек берудің қажеттігін айтып, халқымыздың ойынан шықты. Сөйтәп ол, ел патриоты ретіндегі өзінің мейірімін білдіріп, елді вируспен күресуге және тыныштық сақтауға шақырды. Менің ойымша бүгінгі таңдағы бүкіл Қазақстан халқы Президенттің ниеті мен пейілін дұрыс түсініп,аса қауіпті індетке қарсы біртұтас халық болып ұйысуымыз керек сияқты.

Берлібаев Б.Т., т.ғ.д., профессор

Джон Хопкинс университетінің 2020 жылдың 31 наурызындағы мәліметтеріне сүйенсек, әлемді тығырыққа тіреген Covid-19 короновирусын тек соңғы үш күннің ішінде ғана 128 мың адам жұқтырып үлгеріпті.

Соңғы статистикалық көрсеткіш жан түршігерлік. Әлем бойынша 177 елде қауіпті вирус тараған. 825 338 адам вирусты жұқтырып, 174 359 адам емделіп шықса, 40 665 адам қаза болған.

Бүгінде Covid-19 короновирусына қарсы кешенді күрес әлемнің түкпір-түкпірінде белсенді түрде жүруде.

Індет біздің елімізге де салқынын тигізіп отыр. Президент Қ.К.Тоқаев басшылығымен ел үкіметі, барлық салалық ведомостволар мен тұтас Қазақстан халқы індетке қарсы күреске жұмылдырылуда.

Бүгін сол қажырлы жұмыстың нәтижесінде мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқын алапат індеттен қорғау жолындағы іс-шараларды жариялап, оларды жүзеге асырудың жолдары мен механизмдерін айқындап берді.

Аталмыш індетке қарсы күрестің алдыңғы сабында тұрған денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ерен еңбегіне алғысын білдіре келе, оларға мемлекеттік қолдаудың барынша көрсетілетіндігін атап өтті.

Президент Қазақстан азаматтары мен бизнесті қолдау жолындағы 8 бөлімнен тұратын негізгі қадамдарды мәлімдеді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайға тап болған 3 миллион отандастарымызға мемлекет тарапынан ай сайын әлеуметтік төлемдердің берілетіндігін, сақтандыру құқықтарын рәсімдемеген азаматтардың үш ай бойы тегін медициналық көмекті алу мүмкіндіктері бар екендіктерін, тегін арнайы азық-түлік пен тұрмыстық пакеттерді алушы тұрғындар санаты тізімінің кеңейтілетіндігін, т.б. қажетті кезек күттірмес шараларды жария етті.

Президент мәлімдемесін қолдай келе, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ұжымы да адамзат басына төнген қауіпке қарсы тұруда халқымызға тән ауызбіршілік ұйымшылдықпен жеңетіндігімізге сенім білдіреді.

Байдильдина Сәуле,

 тарих ғылымдарының кандидаты,

АЭжБУ доценті