30.05.2024 Барлық жаңалықтар
30 мамырда Energo University (Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті) байланыс және ғарыш инженериясы институтының 3-4 курс студенттері «Ғарыш техникасы және технологиясы» білім беру бағдарламалары бойынша Байқоңыр ғарыш айлағына барып, «Союз 2.1а» зымыран тасығышының «Прогресс МС-27» жүк кемесімен ұшуын бастапқы алаңнан бақылады.
Бұл Байқоңырға сапар студенттер үшін ғарыштық жетістіктер әлеміне таңғажайып саяхат болды. Зымыран тасығыштың мәңгі есте қаларлық ұшырылуынан бөлек, олар атақты старттық және техникалық кешендерді (№42, 45 «Зенит М»), «Зенит» құрастыру-сынау корпусын көрді. Студенттер инженерлермен сөйлесіп, ғарыш айлағының мұражайын аралады.
Байқоңырға сапар студенттерге ұмытылмас әсерді қалдырды.
«Бізге осындай ерекше мүмкіндік берген Университетімізге ризашылығымызды білдіреміз. Алған біліміміз бен әсерлеріміз болашақ астронавтика және ғарыштық зерттеулер саласындағы мансабымызға ұзақ жылдар бойы пайдалы болатынына сенімдіміз», - деп бөлісті сапарға қатысушылар.
Айта кету керек, биыл алғаш рет студенттер мен оқытушылар зымыран тасығыштың ұшырылуын нақты уақытта тек ғарыш айлағынан ғана емес, сонымен қатар Университеттен де көре алды. Байқоңырдан ұшыру тікелей эфирде Energo University ғарыш инженериясы кафедрасында жақында ашылған ғылыми-білім беру хабында – Ғарыштық технологиялар бойынша басқару орталығында көрсетілді. Бұл хаб тек Университеттің ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы ғарыш қызметі саласында жұмыс істейтін барлық ғылыми ұйымдардың ғарыштық инфрақұрылымының элементтерінің бірі болып табылады.